Спорт • 17 Тамыз, 2017

«Астананың» шотландиялық «Селтиктен» жеңілуі: мамандар пікірі

247 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше елордалық «Астана» клубы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы ойынын шотландиялық «Селтикпен» ойнап, сырт алаңда 0:5 есебімен жеңіліп қалаған болатын. Осы жеңілістен кейін қазақстандық жанкүйерлер екіге бөлінді.

«Астананың» шотландиялық «Селтиктен» жеңілуі: мамандар пікірі

Бірі «Астананы» кешегі жеңілісі үшін жерден алып жерге салып жатса, енді бірі бұл жеңілістің кездейсоқтық екенін айтып, қарсы топқа басу айтып жатыр. Осы орайда біз спорт журналистері, оның ішінде футбол туралы жазып, телеэкраннан комментатор болып жүрген кәсіби мамандардың кешегі матч туралы пікірін білген едік. 

Ермұхамед Мәулен, комментатор

«Астана» командасының кеше «Селтиктен» 0:5 есебімен жеңілгені менің ойымша, жәй ғана сәтсіздік. Кез келген командаларда мұндай ірі есеппен жеңіліс болып тұрады. «Астана» бұған дейін өздеріңіз көргендей Польшаның Еуропада ойнап жүрген ең мықты деген «Легия» командасын оп-оңай ұтты. Меніңше, кешегі матчтан трагедия жасау дұрыс емес. Еуропада ірі есеппен ұтылып жүрген командалар жетерлік. Тіпті «Барселонаның» өзі биыл франциялық «ПСЖ» командасынан 0:4 есебімен ұтылғаны жанкүйерлердің есінде.

Кешегі ойыннан кейін шотландиялық жанкүйерлердің, журналистердің ғаламторда жазып жатқан ақпарат пен сараптамалық мақалаларына сенетін болсақ, кеше «Селтиктің» тек ойыны жүргенін, команданың жолы болғанын айтып, жазып жатыр. «Астана» клубы енді Еуропа лигасында өздеріне жоғары мақсат қою керек. Және де 1/8 кезеңіне шығуына тілектеспін.

Аршат Ораз, блогер

Ең алдымен 5:0 есебінің ойынның нақты суреті емес екенін айтқым келеді. Кез келген командада форс-мажорлық жеңілістер болады, ойын мен нәтиженің сәйкес келмейтін кездері. Кешегі «Селтик» матчы солай болды деп ойлаймын. Иә, алаң иелері әлбетте қонақтарға қарағанда жақсы ойнады, қорғаныста сауатты болды. Тепкен 4 соққысының төртеуінің гол болуы және екі соққының автоголмен кіруі - олардың сәттілігі. Әрине «футболда сәттілік күштілер жақта болады» деген сөз де бар. «Селтик» күшті болғаны рас. Бірақ бұл «Астана» нашар болды деген сөз емес. Мүмкін ұзақ жолдың әсері, мүмкін Еуропа лигасына шығып тұруды ойлауы әсер етті ме екен? Ойыншылардың концентрациясы «Легия» матчындағыдай болмады. Қарымта матчта 5 гол қайтару қиын, бірақ көрермендер үшін ойнайды. Екі жақтың да әдемі ойынымен нағыз футбол мейрамы болады деп ойлаймын. «Астана» биыл былтырғыларға қарағанда күшті. Ойыны да еуропай бола бастады. Бұрын эмоция көп болатын, соңғы минут голдары солай келетін. Қазір салқынқандылық бар, сенімділік бар. Бұл қасиеті Еуропа лигасында көмектеседі деп ойлаймын. Топтан шыға алатын күшке және құрамға ие.

Есей Жеңісұлы, спорт журналисі

«Селтик» - «Астана» кездесуін бастан-аяқ көрдім. Ішімде бір өкініш қалды. Шындығында, спортта еш заңдылыққа бағынбайтын, тек сол күні ғана болатын оқиғалар болып тұрады. «Астана» 0:5 есебімен ұтылатындай жаман ойнаған жоқ. Есепті теңестіретін, тіпті болмағанда қысқартатын бірнеше мүмкіндігі болды. Твумаси, Постников, Кабанангалардың қауіп төндірген сәттерінде бір соққы қақпадан табылса, ойын мүлде басқаша аяқталар еді. «Селтиктің» тепкені де, теппегені де голға айналды. Футболда мұндай мысал өте көп. 2014 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында аса сорлы емес Бразилия өз алаңында бірінші таймда Германиядан 0:5 болғаны есімізде. Әрине, «Астананы» Бразилиямен салыстырғанымызға келіспейтіндер де болар, дегенмен «Астана» кеше сол жамбасымен тұрып қалғандай күй кешті. Әйтпесе оң қапталдан жасалған соққының бәрі голға айналатыны кімнің түсіне кіріпті? Сол соққылар аса күшті болған да жоқ қой. Тіпті Постников пен Шитов аяғын қоймаса, мүлде қаңғып бара жатқан доптар да қақпа төрінен табылды.

Ұзақ уақыт футбол көріп, жазып, эфирден жүргізіп келе жатқан адам ретінде «Астананың» бұл сәтсіздігін салқынқанды қабылдадым. «Астана» жігерсіз жеңілген жоқ. Әрине, 0:5 деген ауыр есеп, бірақ ол еліміздегі жалғыз команданың еурокубоктардың топтық турниріне үш жыл қатарынан шыққанының жанында түкке тұрмайды. Ертең «Астана» Еуропа лигасының топтық турнирінде үлкен ерлік жасасыншы, бүгін көңілі қалған жанкүйер қайта уралайды. Футбол сонысымен де қызықты. Мені 0:5 есебі емес, қарымта кездесудегі қорғаныс жайы мазалап отыр. Аничич жарақатынан жазылып үлгере ме, Малыйға бапкер сенім арта ма? Логвиненко онсыз да жоқ. Сонда Постников пен Шомконы кей ойындағыдай ортаға қайта жылжытуға тура келмей ме? Міне, мәселе осы. «Астанаға» 5 голдың қарымтасын қайтару қиын болар. Дегенмен жастықты ала жығылуға тырысу керек.

Нұрғазы Сасаев, sportsffa.kz сайтының қазақ тілі бөлімі редакторы:

– «Астананың» Глазгода «Селтиктен» ойсырай ұтылуы заңдылық па, жоқ әлде кездейсоқ нәтиже ме? Оған тек «Астана» футболшыларының өздері «жауап» бере алады. Сөзбен емес, іспен, яғни жасыл алаңдағы ойын өрнектерімен. 22 тамыз күні өтетін қарымта матчта ірі есеппен ұтып, есе қайтару керек. 5:0 есебімен үстем түспесе де, кемі үш доп айырмасымен ұтса, онда қарымын қайтарды деп, есептеуге болар еді...

«Селтик» – осыдан 130 жылдай уақыт бұрын (1887 жылы 6 қарашада) құрылған шежіресі мол команда. Ал «Астана» 2009 жылы ғана құрылды. Рас, соңғы үш жылда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып отыр. Өз жеріміздегі жасанды алаңда Еуропаның азулы клубтарынан ұтылмай келеді. Жанкүйерлер, тіпті клубтың өзі де осы жетістіктерге масаттана бастағандай.

Негізі, алғашқы жетістіктерге сонша еркінсудің қажеті жоқ еді. Біз әлі «Селтик» секілді шежіресі мол командалардан ойсырай ұтылғанымызға қуыстанатын дәрежеге жеткен жоқпыз. Керісінше, аптығымызды басып, сабамызға түсіріп, терең ойға шомуға мәжбүр еткені дұрыс болған да сияқты. Өйткені «Астана» жоғарыда аталған тырнақалды жетістіктеріне Станимир Стойловтың кәсіби біліктілігінің арқасында қол жеткізе бастаған. Алайда тек қана жанкештілік пен қайсарлықтың, талпыныс пен ұмтылыстың, сондай-ақ бапкердің тактикалық айла-тәсілдерінің арқасында тым алысқа бара алмаймыз. Ол үшін жалпы қазақ футболының деңгейін көтеру керек.

«Селтикті» осындай дәрежеге көтерген – «атажауы» «Рейнджерс». Ендеше, «Астанаға» да «Қайраттың» Еуропада ойқастап жүргені тиімді.