Медицина • 18 Тамыз, 2017

ЭКСПО қалашығында Самоа мемлекетінің ұлттық күні аталып өтті

225 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Самоа мемлекеті ұлттық күнін атап өтті. Бұл ел Тынық мұхиты аймағының оңтүстік атырабында орналасқан. Ұлыбритания басқаратын Ұлттар достастығының мүшесі.

ЭКСПО қалашығында Самоа мемлекетінің ұлттық күні аталып өтті

1976 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке өткен. Соңғы жылдары Қазақстан мен Самоа мемлекеті арасында екіжақты қарым-қатынас нығайып келеді.  Атап айтар болсақ, 2013 жылдың 7 ақпанында Нью-Йорк қаласында  мемлекетаралық бірлескен коммюникеге қол қойылып, дипломатиялық қатынас орнаған болатын. Соның нәтижесінде бүгін самоалықтар Арқа төрінде кең көсіліп, көрікті көрменің сәнін келтірген құрметті қонақ ретінде қабылданды. 

Ресми шараның ашылу салтанаты Қазақстан және Самоа ел­дерінің мемлекеттік гимндер алма-ке­зек шырқалумен басталып, көр­­мені ұйымдастырушы ел ре­­тін­де алғашқы беташар пікір біл­діру мәртебесі Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­ни­стрлігінің жауапты хатшысы Аи­да Құрманғалиеваға бұй­ырды. 

Аида Даденқызы әуелі осында жиналған барша жұртты ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі аясында өткізіліп отыр­ған Самоа мемлекетінің  ұлт­тық күні ме­ре­кесімен құттық­тап, ай­шықты көр­ме бұрынғы ке­ңес­тік елдер ау­мағында Қазақ­стан­ның астана­сында алғаш рет өткізіліп отыр­ға­нын, бұл біз үшін тек құрмет қана емес, жауапты миссия болып табылатынын жет­кізді. 

«Яғни, мамандандырылған көр­менің ұраны «Болашақтың энергиясы» аталып, баламалы қуат көздерін қолдануды ауқымды түр­де кеңейтуге негіз болатын эко­­номикалық дамудың жаһан­дық тұғырына толыққанды сай ке­­леді. Біздің көрме дүниеге деген заманауи көзқарастың, та­за жаһандық энергетиканың да­му идеяларын жетілдірудің жа­ңа парағын ашатынына се­нім­­дімін. Әр елдің энергетика са­ласындағы ноу-хау таныс­ты­­ры­лымынан бөлек көрме ая­сын­да ірі халықаралық іс-шара­лар ұйымдастырылуда. Қазақ­стан­ның елордасы  төрткүл дүние­нің түрлі ұлттық күндеріне куә болып отыр. Күн сайын көр­ме аумағында қатысушы мем­ле­кеттердің ұлттық күндері, ха­лық­ара­лық ұйымдардың тақырыптық жи­ындары  және сан түрлі мәдени ойын-сауық һәм спорттық іс-ша­ралар өткізілуде. Соның бірі бүгінгі Самоа мемлекетінің ұлт­­тық павильонының ашылуы. Ұлттық күндер көрмеге қа­ты­сушы мемлекеттердің ара­сындағы қарым-қатынасты ны­­ғай­туға жәрдемдесетін ха­лық­­­­аралық мәдениет алмасу құ­­­ралы болып табылады әрі қатысушыларға ұлттық мәд­е­ни­еттің, өмір салтының үздік үлгі­лерін паш етуге мүмкіндік бе­реді. Біз өз кезегімізде Қазақ­с­тан эко­но­миканың түрлі са­ла­л­ары­н­да, со­ның ішінде еңбек жә­не халықты әлеу­меттік қорғау са­ла­сындағы х­алықаралық тәжі­ри­бе мен әлем­нің үздік үрдіс­те­рін зерделеуге мүдделі екенін мәлімдеймін. Самоа елінің мұндағы өкілдерін ме­рекесімен құттықтаймын», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы.

Одан кейін екінші тараптың өкілі ретінде сөз алған Самоа тәу­­елсіз мемлекеті қаржы мини­стрі­нің орынбасары Мулипола Лейатауа Лаки Мулипола мырза аталмыш көрмеге өз елінің жеке-дара мемлекет ретінде қатысып отыруы зор мәртебе екенін мақтанышпен жеткізіп,  толқыған көк теңіздің терең түкпірінде тып-тыныш жатқан са­моалықтар атынан барлық қазақ­стандықтарға және Елба­сына, Үкімет мүшелеріне алғысымды біл­діремін.  Және әлемдік саяси қауымдастықтар тарапынан Қазақстанға  қарата айтылып жат­қан мадақ-мақтаулар мен рес­ми мойындауларға толық қо­сыламын. Қазіргі таңда күллі әлем халқы табиғи ресурстардың же­тіс­пеушілігіне ұшырай бастады. Кейбір мемлекеттер қазірдің өзін­де тығырыққа тірелу үстінде. Адам­дардың энергияны шектен тыс бақылаусыз пайдалануынан жаһандық дағдарыс өршіп келе жатыр. Егер де энергия мә­се­лесін әркез реттеп отырмаса, қоршаған ортаның жөн­сіз лас­­тануы, климаттық өзге­ріс­тердің жедел құбылмалы күйге ұшырауы, экологиялық арылмас қа­теліктердің орын алуына  әсер етері сөзсіз, дегенді айтты.

Сонымен қатар, Мулипола  мыр­за: «Алдағы уақытта әлем тұр­ғындарының жасыл энергияға деген сұранысы артады. Біз сияқты Тынық мұхиты аймағы елдері жасыл және жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдаймыз. Энергияға деген сұраныс пен оны өндіру ісін реттемесе күйзелістің пайда болу ықтималдығы артады. Барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, энергия көздеріне қатысты мәселені шешу барысында ор­нық­­ты және берік әріптестік құ­руды қолға алғанымыз абзал. Сондай-ақ, барынша қоршаған ортаның тазалығын сақтау, жасыл энергия көздерін дұрыс пайдалануды ынталандыру керек», деп сөзін тұжырымдады. 

Шара соңында жиналған көп­шілік самоалықтардың ұлт­тық би өнерін тамашалап, жылы райлы өлкеде өнген ұлттың өзіндік сипатына қанықты. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген,

Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»