Медицина • 18 Тамыз, 2017

Жатыр мойнының ісігі – білдірмей жұтатын дерт

3987 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан біраз жыл бұрын Алматыдағы үлкен емдеу мекемесі туралы мерейтойлық мақала жазуға барып тұрып, өкінішті бір оқиғаның үстінен түскеніміз есте.

Жатыр мойнының ісігі – білдірмей жұтатын дерт

Газетке бет әзірлеу барысын­да гинекология бөлімінің мең­ге­рушісінен де сұхбат алу­ға тиіс­ті едік. Фототілші екеу­мізге дәрі­герді кабинетінің алдында біраз күтуге тура кел­­ді. Қаралуға кел­ген науқас ке­ліншек киініп, шығып кеткеннен кейін бізді қабылдаған бөлім меңгерушісі біразға дейін өз-өзіне келе алмай, ауыр күй кешіп отырып қалды. 
– Кешірерсіздер!  – деді бір уа­қытта дәрігер. – Жап-жас қой. Қандай обал! Төрт баласы бар екен...
Біз әңгіме ауанын бірден түсін­бесек те, жайсыз жағдайға тап кел­генімізді біліп, үнсіз қал­дық. Дә­рігер сөзін жал­ғас­тырды. 
– Бұл ауру білдірмей құрта­ды. Ең жаман жері де осы. Жа­ңа­ғы жас келіншектің күйеуі қайтыс болғанына сегіз жылдай болыпты. Төрт баласын өзі жал­ғыз сүйреп жүріп, дәрігерге қара­луға да мұршасы болмаған ғой. Жастай жесір қалса да кү­йеуге шығуды ойламаған. Бұл – жатыр мойны ісігі. Әбден ас­қын­ған­да келіп тұр... Ертерек қа­ралса, мұндай жағдайға душар болмауы мүмкін еді?!
Қарап отырсақ, қазірде ұлт таң­дамай, әлемнің әр түкпі­ріндегі әйелдер арасында дендеп бара жатқан дерттің бірі – осы жатыр мойнының ісігі. 
Әрине, біздің елімізде әлеу­мет­тік жағдайына қарамай, осы кеселдің шеңгеліне ілікпеу үшін ал­дын ала сақтандыру, ақ­па­рат­тандыру жұмыстары жүріп жатады. Жұмысбасты қыз-ке­ліншектер мұның біре­уін­ білсе, біреуін білмейді. Мә­се­­лен, жыл сайын жыл басында Қазақстанда дәстүрлі түр­де жа­тыр мойнының ісігі туралы хабардар ету апталығы өте­ді. Бұл шараға Денсаулық сақ­­­тау министрлігінен бас­тап, Қа­зақ онкология және ра­­дио­ло­гия ғылыми зерттеу инс­титуты, ден­саулық сақ­тау басқармалары және ай­мақтық онкологиялық орта­лық­тар мүдделілік танытады. Жоспарлы шаралар шеңберінде барлық жастағы әйелдер тегін гинекологиялық тексерулерден өтуге шақырылады. Тексеру барысында пап-тест (өзгеріске ұшыраған, яғни атипиялық жасуша бар-жоқтығын тексеру үшін жатыр мойнынан жағынды алу) жүргізіледі.
Ал біз бұл мақаламызда дә­рі­­герлер адам ағзасындағы ең­ қым­бат, «ең қадірлі» орган деп есеп­тейтін жатыр мой­ны ісі­гіне шалдықпаудың жол­да­ры бар екендігін қыз-келін­шек­тер қапе­ріне салуды мақсат тұ­тып отырғанымыз белгілі. 
Мәселен, пап-тестіден өту мүм­кіндігі Қазақстанда он­ко­­ло­гиялық қызметті дамы­ту жөнін­де­гі мемлекеттік бағдарлама шең­берінде бес жыл­да бір рет 30-60 жас ара­лығындағы әйелдерге бе­ріледі. 
Алматыда жатыр мойны­ның ісігін ерте анықтау үшін ашық есік күнін өткізіп жүрген Қа­зақ онкология және радиология ғылым-зерттеу инсти­тутының ма­мандары әйелдерде ешқандай ауру белгілерінің болмағандығы бәрі жақсы деген сөз емес дейді. Жатыр мой­­­ны ісігі асқынғанға дейін еш­қан­­дай белгілерсіз жүретінін жоға­рыдағы оқиға айтып тұр­ған­ жоқ па?! Мұндай жағдайда адам­­ға бірінші кезекте алдын ала дәрігерге қаралып тұру кө­мек­тес­пек. Оның үстіне мемле­кетіміз бұған тегін тексерілуге жағдай туғызған. 
Яғни, пап-тестінің теріс нәти­­­жесі жатыр мойнында ати­пия­лық жасушалар жоқ дегенді біл­діреді. Ал пап-тестінің оң нәти­жесі жатыр мойнында «на­шар» жасушалардың бар екен­дігін білдіруі ықтимал, демек сізге қосымша зерттеуден өт­кен жөн.
Дендеп тұрған дерт туралы Қазақстанның бас онкологы, медицина ғылымының докторы Диляра Қайдарова былай дейді: «Жатыр мойнының ісі­гі ауруы әлемдегі елеулі мә­се­­ле болып тұр. Бұл кесел қа­тер­лі ісіктердің ішін­де дү­ние жүзіндегі әйелдерде ең жиі кез­десетін түріне айналды. Обыр аурулары бойынша жа­тыр мойны ісігі екінші орынға шық­ты. Жыл сайын жарты миллионға жуық әйел осы ауруға шалдығып, шамамен 288 мың әйел көз жұ­ма­ды. Жатыр мойны ісігінің қо­ғамға кесірі үлкен. Өйткені, бұл ауру әсіресе 30-40 жастағы және одан үлкендеу жастағыларда кездеседі. Бұл әйелдердің отбасын құрып, қызмет етіп, бала бағып, күнделікті тіршіліктен қол­дары босамайтын кезеңі. Жа­тыр мойнының қатерлі ісі­гі диа­гнозы әйелдің жеке басын, оның отбасын, достарын үл­кен күйзеліске салады. Жә­не оны емдеуге мемлекет пен қоғам тарапынан қыруар  қар­жы жұмсалатындығын да ескеру қажет».
Еуропа елдерінде жыл сайын жатыр мойны ісігі ауруына 60 мың әйел шалдығып, 30 мың әйел бақилық болады. Дүние жүзінде қазір осы диагнозбен өмір сүріп жатқан әйелдердің саны 175 мыңнан асқан. Бұл да толық статистика емес. 
Біздің елімізде бұл ауру 2015 жылы 1826 әйелде бар еке­­­ні анықталған. Оның ішінде аурудың асқынған  және кең та­рал­ған түрі 233 әйелде кездескен, бұл – 12,9 пайыз.  Ең өкініштісі, бұрнағы жылы Қазақстанда осынау дерттен 600-ден аса әйелдің қайтыс болғандығы тіркелген. Өткен жылғы деректер бойынша, елімізде «жатыр мойны ісігі» диаг­нозымен есепте тұрған әйел­дер саны 11 578 болған. Тиіс­ті мекемелер қазір 2016 жыл­дың деректері зерттеліп, да­йындалып жатқанын айтады. 
Оған дейін мамандардың айтары, берер кеңесі төмен­дегідей. Қазірге пап-тест жа­тыр мойны обырының алдын­ алудың бірден-бір жолы болып та­был­мақ. Жатыр мойнынан алын­ған жағынды атипиялық жасу­шаларды анықтауға мүм­кін­дік береді. Өзгеріске ұшы­раған мұндай жасушалар сәй­кес емі болмаса, уақыт өте келе обырға айналуы ықтимал. Дамыған ел­­дерде скринингтің тұрақты түр­де жүргізілуі жыл сайын анық­та­латын жаңа ауырғандар санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. 
Мамандар нақты зерттеу­лер дәлелдегендей, дұрыс ұйым­дастырылған жаппай скри­нинг арқылы осы аурудың 80 пайызына дейін алдын алу­ға болады дейді. Оның үс­ті­не бізде қазір тиімділігі жо­ғары үш вакцина бар, олар онкогенді қауіптілігі жоғары адам папилломасы вирусы инфекциясын жұқтырудың  жолын кесетін көрінеді.
Қысқасы, қоғамды жатыр мой­­нының қатерлі ісігінен құт­қа­ру үшін бұл ауруды жаңа ғы­лыми зерттеулер тақырыбы ре­тінде қарастырғаннан гөрі, скрининг, яғни ерте бастан тек­серілу мен егу арқылы ал­дын алу мүмкіндіктерін пай­даланғаннан басқа жол жоқ.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ