18 Тамыз, 2017

Суретші Сабыр Мәмбеев туралы бір үзік сыр

1142 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұлт жебеленсе, жаңбыр шақырады деуші еді. Айтқандай-ақ, жел көтеріліп, Ыстықкөл толқып, аспан күңгірт тарта бастады. Міне, осындай бұлтты күні біз ел жақтан бір суық хабар естідік. Қазақстанның халық суретшісі Сабыр Мәмбеев ағамыз дүние салыпты...

Суретші Сабыр Мәмбеев туралы бір үзік сыр

Шетте жүргенде мұндай хабар көңіліңді алай-дүлей ету­мен бірге жан дүниеңді құ­ла­зытып, өзіңді бір жырақта, жал­­­ғыздық құшағында қалған­дай сезінесің.
Қазақ бейнелеу өнерінің асқар таудай алыптары сиреп бара жатқанын ойлағанда біз осы Сабыр ағамызды ме­деу тұтатынбыз. Өткен жы­лы үйіне, шеберханасына қай­­та-қайта телефон со­ғып, әл­де­­қашан бақилық сапар­ға ат­танған әріптестері, құрдас­тары туралы естелік-әңгіме айтып бе­руін өтініп, әлденеше рет ма­­залағанымыз да бар-ды. Сон­да ол кісі: «Жақсы. Ме­нен, ра­­сында да, біраз әңгіме тың­­­дауға болатын шығар... Бі­рақ, бұл жөнінде күзге қа­рай ха­бар­ласайық, жарай ма. Себебі, жазда бір топ жігіт­термен бірге тау­ға сурет салуға бармақпын,» деп еді.
Кейін, күз айларының басында телефон соққанымызда ағамыздың ауруханаға түсіп қалғанын бір-ақ білдік. «Әй, мынау тоқсан деген биікке шы­ғуға менің шамам жете ме, жоқ па, білмеймін. Бәрі де бір Алланың қолында ғой...» деп, біртүрлі қамығып қалғандай болды.
Содан соң, зыр етіп қыс өтті, көктем өтті, жаз да өтіп бара жатқан-ды...

* * *
Ол кісі өте кішіпейіл жан еді. Өз шығармашылығы жайлы шешіліп, ағынан жарыла сыр ақтаруға ішкі мәдениеті ерік бере бермейтіндей көрі­нетін. Есесіне ежелгі өнер тарихы мен көрнекті тұлғалар жайлы айтқанда, құр атқа мін­гендей көсіліп, ұзаққа шабатын-ды.
– Біздің үй осы Алматыда, опера және балет театрының жанында еді ғой, – дейтін Са­быр аға балалық шағын еске алған кезде күлімсіреп. – Кеш­ке қарай сол маңдағы шағын саябақта ойнағанды жақ­сы көретінбіз. Ол кезде театрға адамдар көп келуші еді. Әдемі киінген, көңілді, мәде­ниетті жандарға қызыға қарайтынбыз. Күлкілері күміс қоңыраудай сыңғыр ете түсетін апа-әпкелердің қолында шоқ-шоқ гүл болатын. Сондай бір тамаша кез еді...
Кей күндері біз театрдың алдынан атақты композитор Мұқан Төлебаевты көріп қала­мыз. Ол кісі ешкімге ұқ­са­май­тын ерекше тұлға болатын. Бала қиялымыз көкке самғап, Мұқан Төлебаевтай ұлы композитор болсақ деп армандаушы едік. Бәлкім, содан да болар, мен үшін әлі күнге дейін музыка бірінші орында тұратын сияқты». 

* * *
...Кеше ғана ақ көрпесін тарс бүркеніп, тым-тырыс жат­­қан байтақ дала бүгін міне, көктем лебімен оянып, ке­ріліп-созылып, күлімсіреп қа­райды. Асау жылғалар сай-саламен асыр салып, бұр­қы­рап-сарқырап ағып өткен болар. Қара жер бусанып, жас көк қаулап бой көтере бастапты. Топырағы жіпсіп, үгітіліп жатқан құлама жарлар түртіп қалсаң опырылып құлап түсетін сияқты. Сай ж­ағасындағы жал­ғыз түп тал­дың бұтақтары бүр жарып, тіршілік белгісін сездіре бас­таған. Алыста-а-ан ақшыл мұ­нарға оранған сиякөк түсті таулардың сілемі көрінеді.
Әлгі жалғыз талдың түбінде бір әйел отыр. Біз жаққа жон арқасын беріп, биік шыңдарға қараған күйі ұзақ-сонар әңгіме шертуге кірісіпті. Кешегі күн­нің тәтті бір құпиясы ма, жоқ әлде, болашақ жайлы арман ба, кім білсін. Ал оның әңгімесіне құлақ түріп, етбеттеп жатқан еркек, әрине, күйеуі болар-ау, сірә. 
Олардың бер жағында үш жылқы тұр қаңтарылып. Біреуі – құлынды бие. Сүп-сүйкімді құлын жұп-жұмсақ, жып-жылы тұмсығымен енесінің бүйі­­рінен түрткілеп, «неғып тұр­­мыз мұнда, кетпейміз бе шапқылап» дейтін секілді. Ал енесі болса, «құлыным-ау, ол біздің еркімізде емес қой, мына кісілер қайда барса, біз де сонда барамыз» дейді бәлкім.
Бұлар кімдер?.. Алыс сапардан қайтқан жолаушылар ма, әлде ауыл шетінде аялдап, демалып отырған малшылар ма, ол жағын анық білмеймін. Сіздерге тек көргенімді ғана айтып отырмын.
Шындығында бұл кісі­лердің мұнда келіп жайғас­қаны­на биыл тұп-тура – елу үш жыл болыпты. Иә... Солай...
Бұл менің «Көктем» атты картинаны алғаш көргендегі әсерім еді. Аталмыш туындыны суретші Сабыр Мәмбеев 1964 жылы кенепке түсіріпті. Одан беріде жарты ғасырдан аса уақыт өтті емес пе. Бірақ, мына картина сізге кеше, ары кетсе, алдыңгүні көрген та­ныс көрініс сияқты әсер етеді. Бәлкім, мәңгілік деген ұғымның тылсым бір құпиясы да осында шығар...

* * *
«Уақыт зымырап өтіп барады, – деуші еді Сабыр аға. – Соңғы кездері өзімді тол­ғандырып жүрген еңбектерімді аяқтап үлгере алмаймын ба деген қорқыныш пайда бола бастады. Сондықтан, әр­бір күнді шеберханамда өт­кізуге тырысамын. Дәл қазір қандай картиналар көз алдыма елестейтінін айтпай-ақ қояйын. Тіпті соны, айтқым келсе де, түсіндіріп бере алмас едім. Себебі, шығармашылық деген әлемнің адам баласына түсініксіз, жұмбақ жайттары көп-ақ. Сондықтан да, суреткер өз түйсігіне терең бойлап, ерінбей-жалықпай еңбектене беруі қажет. Ал оған уақыттың қандай төрелік айтатыны, қай заманда көрерменнің қандай баға беретіні – болашақтың еншісінде. Міне, қарағым, сурет өнерінің осындай бір көзсіз тәуекелі болады...».
Осыдан бірер жыл бұрын Алматыдағы Ә.Қастеев атын­дағы өнер мұражайында Қа­зақстан суретшілерінің көрмесі өтті. Сонда Сабыр Мәмбеевтің картиналары ерекше көз тартып, көрермен қауымды алыс­тан шақырып тұрғаны есімде.
Қоңыр кештің жанға жай­лы, мақпал тыныштығы секіл­ді әсер қалдыратын карти­на­лардың алдында батар күн­нің алқызыл шұғыласын тамашалап тұрғандай таң-тамаша күй кешкен жандардың ұзақ кідіріп, ойға шомған сәтін кө­рудің өзі бір ғанибет еді. 
Қазақстанның халық су­ретшісі Сабыр Әбді­рас­ыл­ұлы Мәмбеев өткен ғасырдың орта тұсында қазақ бейне­леу өне­рінің аспанында үркер жұлдыздай жарқырап көрінген талантты буынның белді өкілі болатын. 1946 жылы Ал­матыдағы Н.В.Гоголь ат­ын­­дағы көркемсурет учи­ли­щесін, 1953 жылы Санкт-Петербургтегі Репин атын­дағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері инс­титутын тәмамдаған дарынды суретшінің қаламынан туған «Сұхбат» (1954 ж.), «Қа­ра кимо­но» (1956 ж.), «М.О.Әу­езов» (1957 ж.), «Тауда» (1957 ж., Мәс­кеу­­дегі Шығыс халық­тары мұра­жайы), «Киіз үйде» (1958 ж., Мәскеу, Третьяков галерея­сы), «Қоныс ауда­ру» (1959 ж.), «Менің қаламда» (1960 ж.), «Терезе ал­дындағы қыз» (1961 ж.), «Көктем» (1965 ж.), «Жас­тар» (1968 ж.) атты картинала­ры мен пей­заждары бұл күнде бейнелеу өнерінің інжу-маржандары болып саналатын туындылар.

* * *
«Әрбір картинамды жазар алдында жан дүниемді бір жұмбақ әуен тербейді, – деп еді бірде Сабыр аға. – Содан соң барып болашақ суреттің нобайы елестейді көз алдыма».
Ол осыны айтып, терезеге қарап ойланып қалған сәтте мен Сабыр ағаның шы­ғар­машылығы жайлы көп білетін жан сияқты сезінгенмін өзім­ді. Себебі, суретшінің карти­наларына көз салып тұр­ған­да көрерменнің де музыка тыңдағандай ғажап әсерге бө­ленетінін ептеп аңғара­тынмын.
Бұл бәлкім, суретші Сабыр Мәмбеев шығармашылығының құпиясы, кілті болуы да мүмкін. Әдетте өз картиналары туралы көп сыр ақтара бермейтін ағамыздың сол құпияны бір-ақ ауыз сөзбен жеткізуі де біз үшін күтпеген жаңалық еді.
«Көктем» картинасындағы мәңгілік көктемнің жұпарын жұтып, мәңгілікке аялдап қал­ған мәңгілік бейнелерге қарап тұрып ойлаймын: «Суретші өлген жоқ. Себебі, оның қыл­қаламынан туған картиналар – мәңгілік туындылар. Оны тек біз ғана емес, бейнелеу өне­рінің інжу-маржандарын бағалай білетін әлемдегі бар­лық көрермен айта алады».
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар