Бизнес • 18 Тамыз, 2017

Boyce Thompson институты: Алманың отаны − Алатау

929 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Boyce Thompson институтының ғалымдары алманың ота­ны қазақ даласы екенін мәлімдеп отыр. Олардың жүргізген зерттеуіне сәйкес, Алатаудың баурайында ғана өсетін Сиверс тұқымы шартараптың түкпір-түкпіріне тараған алманың атасы саналады екен.

Boyce Thompson институты: Алманың отаны − Алатау

Ғалымдар алма түрлерінің ДНК тізбегін зерттеп, олардың шығу тегіне үңіліп көріпті. Са­раптама нәтижесі жеңсік же­містің қазақ топырағынан шық­қанын көрсеткен. Олардың хабарлауынша, күнделікті жеп жүрген алма түрлері әлемге Ұлы Ж­ібек жолы арқылы тарап, әр мезгілде түрлі өзгерістерге ұшырап отырған көрінеді. 

Nature Communications ғы­лыми журналына жарияланған мақалаға сүйенсек, қазіргі таң­да алманың көне түріне жата­тын бірнеше тұқым бар. Boyce Thompson институтының зерт­теушілері соларды қосқанда алманың 117 түріне сараптама жүргізіпті. Тіпті, Еуропа мен Қытайдағы алмалардан бөлек, олардың Америкада өсетін «аталастарын» да зерттеу нысанына қосыпты. ДНК сараптамасы солардың бәрі Алатаудың баурайында ғана өсетін Сиверс тұқымына тиесілі екенін дәлел­деген. Ғалымдар алманың дәмі мен көлемінің өзгеруін оның түрлі жағдайда өсуі мен көп­жылдық эволюцияның әсері екенін айтып отыр. 

Зерттеу жүргізуге мұрын­дық болған Boyce Thompson институтының профессоры Джангжун Фейдің пікірінше, алманы жерсіндіру екі бағытта жүрген. Ғалым 10 мың жылдай бұрын Ұлы Жібек жолымен Қытайға және Еуропаға бағыт алған керуен қызыл жемісті өз­дерімен ала кеткендігін айтады. Бұған дейін бірнеше зерттеу жұмыстарында да алманың ота­ны Алатау екені хабарланған болатын. Сондай жұмыстардың бірі Nature Genetics журналына жарияланды. 

Сиверс алмасы туралы ең алғаш жазған неміс ғалымы Ио­ганн Сиверс болатын. Жеміс атауының зерттеуші атын алуы да сондықтан. Профессор Аймақ Жанғалиевтің деректері бойын­ша, Сиверс алмасы негізінен Жоңғар Алатауында, Іле Ала­тауын­да, Қаратауда, Талас Ала­тауында, Тарбағатайда кең тара­ған. Бүгінгі таңда аталған жеміс түрі жойылып кетудің алдында тұр. 

Алма заманауи ас мәзірінде ең көп кездесетін жеміс саналады. Бүгінгі таңда әлем бойынша 85 миллион тоннаға жуық алма өндіріледі екен. Кофенің отаны Бразилия, жүгері Америкадан тараған деп жатамыз ғой. Сол тізімге алманың отаны Алатау екенін қосу артық етпейді. 

Бірнеше жыл бұрын Қазақ­станды әлемге танытатын бренд төңірегінде біраз пікір­талас бол­ған еді. Бірі «Алтын адам­­ды» ұсынса, келесісі қазақ­тың қара домбырасын жөн көрді. Дегенмен, кейінгі кезде жүр­гізіл­ген ғылыми-зерттеу­лер Қазақ елі­нің брендін анықтап бер­ген тә­різді. Ендеше, бүкіл әлем мо­йын­даған алманы Қазақ­станды әлемге танытатын брендке айнал­дыратын күн туды. 

Абай Асанкелдіұлы, 
«Егемен Қазақстан»