18 Тамыз, 2017

Сыр өңіріндегі Сортөбе бекінісінен қобыз пішіндес тас табылды

608 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сыр өңіріндегі Сортөбе бекінісінен қобыз пішіндес тас табылды

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жасалғалы жатыр ғой. Біздіңше болғанда, бұл картада Қармақшыдағы Қорқыт ата кесенесінің маңы алдыңғы лекте болуы керек. Өйткені, жалғыз қазаққа ғана емес, тұтас түркі жұртына ортақ тұлғаның мәңгілік мекеніне айналған жер қалайша қасиетті болмайды?! Қасиеттілігі сол, қызылордалық ғалымдар бүгінде сол маңдағы Сортөбе деген бекіністің орнын індетіп зерттеп, ішіне бүккен сырын ақтарып жатыр. Сенсация деп айғайламай-ақ қояйық. Десек те, бекіністен қобыз пішіндес тас табылған. Бұл табиғаттың туындысы ма, әлде адам қолынан шыққан ескерткіш пе, ол арасы әлі толық айырылмаған. Әйтсе де, адам қолынан шыққан туынды деуге келетіндей. Өйткені, ұзындығы 40 сантиметр тас-қобыздың екі шеті моншақтармен әрленгендей әсер қалдырады. Мұра оғыздардың заманында пайда болған деген жорамал да айтылып қалып жатыр. Оғыз бен қобыздың егіздің сыңарындай болуы да заңдылық па екен?


Ал Сортөбе қалашығы ортағасырлық тарихи орындардың санатына жатады. Қалашық Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Яғни, Қорқыт ата кесенесіне жақын маңда. Қазір бұл көне қалада археолог Әзілхан Тәжекеевтің жетекшілігімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Жоғарыда біз айтқан қобыз пішіндес тас табылған дүниелердің ішіндегі ең құндысы болып отыр. Сонымен бірге ескі қалашықтың арасы Қорқыт ата кесенесіне дейін тура 10 шақы­рымдай. Демек, бұл жерді де туристік нысанға айналдыруға мүмкіндік бар. 


– Қазіргі күні ескерткіш апатты жағдайда. Себебі оның бір бөлігін Сырдария өзені шайып, қалашықтың сақталуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан да, бүгінгі күні археологиялық зерттеулердің басты мақсаты жедел түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, маңызды материалдарды анықтап, қала жөнінде толық мағлұмат алу болып табылады, – деді археолог Ә.Тәжекеев. 


Бұл жерден құмыра сынықтары, нан жабуға арналған тандыр пештер мен мыстан жасалған басқа да заттар табылған. Қазба жұмыстарының кезінде табылған көне заттарды саралаған мамандар бұл қаланы ІХ-Х ғасырлардағы оғыздар салуы мүмкін деген болжам жасап отыр. 


Сортөбеде археологтар жақында жұмыс істегеніне қарамастан олардың жоспарында тағы үш метр тереңдікте қазба жұмыстарын жүргізбек. 
Жалпы, аймақ көлемінде 532 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған. Оның 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Бұдан бөлек, соңғы жылдары облыс әкімінің тікелей ықпалымен құрылған облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен аталмыш салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде 9 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгі­зілді. Отыздан аса ескерткіштің қорғау аймағы бел­гіленді. Сонымен бірге, бірнеше жылдан бері Сыға­нақ, Жанкент және Шірік Рабат қалашықтарына архео­логиялық зерттеулер кешенді түрде жүргізіліп келеді. 

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы