Қазақстан • 18 Тамыз, 2017

Сайлауалды үгіт жұмыстарын интернет арқылы жүргізу реттелмек

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас прокурордың бірінші орынбасары Ғизат Нұрдәулетов «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» заңына қатысты Орталық сайлау комиссиясының ұсыныстарына пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Сайлауалды үгіт жұмыстарын интернет арқылы жүргізу реттелмек

«Конституциялық заң үгіт-насихат жұмыстарының баспасөз немесе теледидар арқылы берілу тәртібін ғана қадағалайды. Ал қазіргі таңда заңбұзушылықтардың көбі интернет арқылы жүзеге асырылып жатыр. Белгілі бір адамға дауыс беру бойынша пікірге, фотосуреттерді немесе видеоматериалдарды таратуға, онлайн дауыс беруге қатысты заңнаманы өзгерту турасында ұсыныстар келіп түсіп жатыр», - дейді ол.

Ғизат Нұрдәулетов сонымен бірге, сайлау кезінде прокурорлардың жұмыс кестесін реттеу бойынша да ойын білдірді.

«Заң прокурорларға толық құраммен сайлау күні жұмыс атқаруға міндеттейді. Бұл өз кезегінде демалыс күндер үшін қосымша өтем төлеуді талап етеді. Бірақ прокуратурада сайлауға мүлде қатысы жоқ бөлімшелер де бар. Бюджеттік қаражатты үнемдеу үшін дәл осы күндері прокуратура қажеттілікті өзі реттейтіндей өзгерістер қаралуда», - дейді Ғизат Нұрдәулетов.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалымен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында ОСК төрағасының орынбасары «ҚР сайлау туралы» заңына бірқатар өзгерістерді енгізуді ұсынған болатын. Оның ішінде комиссия өкілі сайлау алдында интернет-ресурстармен жұмыс жүргізуді жүйелеуді атап өтті.

Соңғы жаңалықтар