Аймақтар • 18 Тамыз, 2017

Парламент депутаты Мақтарал ғалымдарының жұмысын жоғары бағалады

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген іс-сапармен Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданына барды. Ең алдымен, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының жаңалықтарымен танысқан депутат аудан әкімі Ғ.Исмаиловпен бірнеше нысанды аралады, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Парламент депутаты Мақтарал ғалымдарының жұмысын жоғары бағалады

«Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту арқылы отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, мақта өндірудің тиімділігін, инновациялық технологияларды өндіріске ендірумен айналысатын Мақтарал ауданындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары бірқатар жетістіктерге жетті. Елімізде отандық мақта сорты жоқ еді және біз көрші мемлекеттерге тәуелді едік. 2000 жылдан бастап бәсекеге қабілетті өзіміздің отандық сорттарды шығара бастадық, қазіргі таңда оларды мақта өндірушілер пайдалана отырып, жалпы егістіктің 85%-на ендірді. Соңғы жылдары институт ғалымдары 30-дан астам инновациялық технология жасап, оларды өндіріске ендіруге ұсыныс берді, 48 инновациялық және селекциялық патенттерге, 144 авторлық куәлікке ие болды» – деді институттың басшысы Ибадулла Үмбетаев.

Сондай-ақ, институтта фермерлерге білім беру орталығы ашылып, мақта өндіретін өңірлерде 5 шаруашылықтың базасында институттың ғылыми жетістіктерін көрсететін алаңдар ұйымдастырылған екен.

Институттың жаңалықтарын өңірге барынша кеңінен ендіру үшін мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды көбейту мәселесін айтқан ғалымдар депутаттан көмек сұрады. Өз кезегінде Құдайберген Ержан бұл мәселені Парламентте көтеріп шешіп беруге барыншы тырысатындығын айтты. Сондай-ақ, депутат аудандағы мақта алқабтарын аралап, мақташылардың мазасын алған «құрт» мәселесін өз көзімен көрді. Мақта құртымен күресу үшін мемлекет тарапынан берілетін көмектерді көбейтуге де ықпал жасайтынын атап өтті.

«Биыл Мақтарал ауданында 94 мың гектар жерге мақта дақылы егілген. Мемлекет тарапынан көмек ретінде 32 мың гектар жерге химикаттар берілді, оның ішінде 12 мың гектары өрмекші кенесіне қарсы, 20 мың гектары көсек құртына немесе мақта көбелегін жоюға бағытталған. Ал, қалған жерлерге шаруалар өз қаражаты есебінен шығын шығаруда. Сондай-ақ, 65 535 гектар жерде биотәсіл арқылы мақташылар зиянкестермен күресуде. Құрметті Құдайберген Төлепұлы, мақтаның зиянкестеріне қарсы мемлекет тарапынан берілетін көмектерді арттыруға ықпал етуіңізді сұраймын» – деді аудан әкімі Ғ.Исмаилов.

Мақта құртының мәселесіне қанық болған депутат 1 ай бұрын пайдалануға берілген M-39 «Ташкент – Термез» бағытындағы халықаралық транзит дәлізінің хал-ақуалын көріп қайтты. «Сырдария» кеден бекетінде болған Қ.Ержан кеденнен өтушілерді әңгімеге тартып, бекеттің жұмысының сапасы туралы сұрады. Жолаушы Фархад Садиров кеденшілер тарапынан ешқандай кедергінің жоқтығын айтып, туған жері Жызақ пен Ташкенттің арасы 70 шақырымға қысқарғанын қуанышпен жеткізді.

Мұнан соң, депутат аудандық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жергілікті тұрғындарды қабылдады. Тұрғындар онкология және кардиология аурулары орталығын ашу, мәдениет үйлерінің ахуалын түзеу, мақта құртына берілетін химикаттардың сапасын түзеу, биолабараторияларды көбейту жөніндегі мәселелерді депутатқа жеткізді.

«Бұрын халықпен кездескенімізде бірыңғай су, электр, газ мәселелерін көтеретін. Құдайға шүкір, ол мәселелер бір жүйеге қойылып, ретке келді. Қазір тұрғындар «балама спорт мектебі керек, өнер үйірмелері керек» деген сияқты талаптарын жеткізуде. Бұл еліміздің дамып жатқандығын көрсетеді» – деді Қ.Ержан.