Қазақстан • 20 Тамыз, 2017

Иван Ургант «Астана» велокомандасының жейдесін киді

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Astana Pro Team командасы ресейлік тележүргізуші Иван Урганттың «Астана» велокомандасының жейдесін киіп түскен суретіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды tengrinews.kz

Иван Ургант «Астана» велокомандасының жейдесін киді

Astana Pro Team баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Ибраеваның айтуынша, ресейлік тележүргізуші Астанаға келмеген, ол жай ғана велоспортпен шұғылданатынын және жаттығу кезінде «Астана» командасының жейдесін киетінін көрсетті.

«Иван велосипедпен жүруді жақсы көреді. Ол Александр Винокуровпен жақсы қарым-қатынаста. Менің ойымша, ол жай ғана қазақстандық команданың жейдесін кигісі келді. «Астана» командасының, Александр Винокуровтың және жалпы велоспорттың жанкүйері болғандықтан, осы жейдені алған болуы керек, – дейді Astana Pro Team баспасөз қызметінің жетекшісі. – Мұнда таң қаларлық ештеңе жоқ. Ол жай ғана жаттығуларының бірінде түскен суретін желіге жариялаған. Иван жаттығу жасап жүргенде осы жейдені киіп, сол арқылы біздің командаға қолдау білдіреді».  

Еске сала кетейік, «Вечерний Ургант» бағдарламасының жүргізушісі Иван Ургант өзінің инстаграмдағы парақшасына «Астана» велокомандасының жейдесінде түскен суретін жариялап, астына «қазақ кватрочентосы #автобус күтіп отырмын» деп жазды. Бұл сурет екі сағаттың ішінде 100 мыңнан астам лайк жинап, оның астына 500-ге жуық пікір жазылды.