Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Алдын ала біліктілік іріктеуінен өтудің тиімділігі неде?

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлер «Самұрық-Қазына» қорындағы алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу рәсімінен қалай өткендіктері туралы айтып берді.

Алдын ала біліктілік іріктеуінен өтудің тиімділігі неде?

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС ұйым­дарының ресми сайттарында 64 тауар, жұмыс және қыз­меттен тұратын тізім жария­ланды. Аталған тізім бойын­ша қажет дүниені ұлт­тық компаниялар бұдан былай тек алдын ала білік­тілік рәсімінен өткен ұйым­дардан сатып алатын болады. Құжат ақтық емес, ол әр­дайым толықтырылып оты­рады. Алдағы уақытта ұлт­тық компаниялардың бар­лық сатып алу істері ал­дын ала біліктілігі бойынша іріктеу тізіміне енген кәсіп­керлердің арасында ғана жүргізіледі. 

Мыңнан астам жеке­мен­шік қазақстандық компания алдын ала біліктілігі бо­йынша іріктеуден өтіп, «Самұрық-Қазына» холдин­гінің сенімді жеткізушілерінің пулына кірді. Олар­дың арасында Жаңаөзен қаласында орналасқан, мұнай компанияларына құрылыс-монтаж жұмыстары бо­йынша қызмет көрсететін «Нур-Барс.Н» ЖШС бар. Маңғыстау облысындағы бұл ұйымның қаржы директоры Айнагүл Ахметдинова жеткізушілерді іріктеудің жаңа құралына қатысты өз ойымен бөлісті. «Бізге ал­дын ала біліктілігі бойын­ша іріктеуден өту оңай бол­ған жоқ. Бірақ қайта тапсыр­май, бірінші реттен соң мақ­сатымызға жеттік. Бұл өте дұрыс құрал деп ойлай­мын. Мысалы, біз өз кемші­ліктерімізді көріп, оларды түзеттік. Техникалық аудит – өте қиын процедура, одан өту бизнесімізге пайдасын тигізді», деп атап өтті ол. 

Алдын ала біліктілігі бо­йынша іріктеу рәсімінен «Kaztranscom» ЖШС де өтті. Бұл – Интернет желісі, телефон, жүйелік интеграция және телекоммуникациялық құрал-жабдыққа техникалық қызмет көрсету секілді дү­ние­лерді ұсынатын телеком­му­никациялық компания. Холдингтің білікті жет­кі­зу­ші­лерінің пулына кіру аталған ұйымға «Самұрық-Қа­зы­на­ның» сенімді серікте­сі мәртебесіне ие болуға мүмкіндік берді. 

«Иә, алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу – бұл үлкен жұмыс, көп еңбекті қажет етеді. Жалпы алғанда, біз үлкен күш салып қинал­ма­дық, себебі, ұйымда халық­аралық стандарттарға сай ме­неджмент жүйесі бар, барлық бизнес-үдерістер рет­ке келтірілген. Төрт ха­­лық­­аралық ISO стан­дарты бойынша сертификат­тал­ғанбыз. Аталған құжаттарды тап­­сы­руда қиындықтар болма­ды», дейді басқарушы дирек­­тор – компания филиал­­дары­ның қызметін үйлес­ті­руші Қар­лығаш Сұлтанбе­кова. 

Алдын ала біліктілігі бо­йынша іріктеу Қордағы са­тып алу рәсімін өткізудің са­пасын арттыру және жұм­салатын уақытты оңтай­лан­дыру мақсатында енгізіліп отыр. Жаңа механизм бә­се­ке­лестікті арттырып, жалған кәсіпкерлер мен біркүн­дік компаниялар үшін кедер­гі болады. Процесті Хол­динг­тің сатып алу жүйесі­нің дамуына жауап бере­тін «Самұрық-Қазына Кон­тракт» ЖШС жүргізіп, ба­қы­лап отырады. 

«Самұрық-Қазына Кон­тракт» ЖШС Алдын ала бі­лік­тілігі бойынша іріктеу депар­таментінің директоры Эль­дар Доскеновтің сөзіне қарағанда, сенімді жеткі­зу­шілер тобын қалыптастыру ха­лықаралық бизнесте кең таралған екен. Бұл ірік­теу­ден өткен кәсіпкерлер Хол­дингтің сатып алу жұмыс­тарына кем дегенде үш жыл бойы қатысу мүмкіндігіне ие болады. 

Сарапшы тендерге қа­тысу үшін сатып алу со­масының 1%-ына тең қара­жат түріндегі қамтамасыз­дан­дыруды енгізу бұ­дан бы­лай қажет емес еке­нін іріктеуден өткен кәсіп­керлерге арналған тағы бір оң жаңалық ретінде түсін­дірді. Мысалы, 500 млн теңге­ге қызмет немесе тауар сатып алу ісінде жоғарыдағы сома 5 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар электронды жүйе көмегімен «Самұрық-Қазына» холдингінің тапсырыс берушілері өткізіп жатқан сатып алу істері туралы кәсіпкерлерді құлағдар қылып отырады. 
«Алдын ала біліктілігі бойынша іріктеуден өткен үміткер жеткізушіге әр сатып алу бойынша тағайындау (сайлау) туралы жарлық, жарғы, заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлік секілді стандартты құжаттар топтамасын жинаудың қажеті жоқ. Бұл нотариалды куәландыруға кететін шығынды барынша азайтып, тапсырысты орындай алатын ұйымдар қызметінен орынсыз себептерге байланысты бас тартудың алдын алады», деп түсіндірді Доскенов. 

Бүгінгі күні іріктеу жүйе­сінде (www.pko.skc.kz) 6 мыңдай қолданушы тір­кел­ген. Іріктеуден өтуді жос­пар­лап отырған үміткер жет­кі­зушілер «Самұрық-Қазы­на Контракт» сай­тын­дағы оқыту материалдарымен таныса алады.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»