Аймақтар • 21 Тамыз, 2017

Жамбыл облысында дәнді дақылдар өнімін жинау жұмыстары аяқталуға жақын

939 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінің шаруа­лары биыл да өңір әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуды міндеттеріне алды. Ағымдағы жылы айтарлықтай жетістіктерге қол жетіп, өңірде ауыл шаруашылығы саласының арнасы кеңейе түсті. 

Жамбыл облысында дәнді дақылдар өнімін жинау жұмыстары аяқталуға жақын

Бүгінгі таңда облыста егін ору науқаны, масақты дәнді дақылдар өнімін жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, осы уақытқа дейін егін алқаптарынан 542,2 тонна астық жинақталып, өңір бойынша орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 23,1 центнерді құрап отыр. Биылғы жылы облыс бойынша ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы 623,3 мың гектарға дейін жетіп, былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 29,8 мың гектарға артқандығын айтуға болады. Есепті аралықта егін ору науқаны Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында толық аяқталды. Ал қалған аудандарда жалғасу үстінде. 

 – Биылғы жылы масақты дәнді дақылдар 257 мың 867 гектарға орналастырылды. Қазіргі таңда 247 мың 660 гектар жер орылып бітті. Нақты көрсеткіш бойынша 96 пайыз жиналды. Сонымен қатар, шаруалар жаңа техникамен де қамтамасыз етілді. Мәселен, Меркі ауданына − 7, ал Т.Рысқұлов ауданына 13 техника алынды. Сондай-ақ, өңірде қант қызылшасын егу де қарқынды қолға алынып келеді. Айталық, өткен жылы Меркі қант зауытына 100 мың тонна қант өткізсек, биыл бұл көрсеткішті 170-180 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар, – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев. 

 Ал ағымдағы жылы Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында астық жинау науқанының жемісті маусымы былтырғыдан бөлек болып отыр. Онда гектарынан 23,5 центнерден астам астық өнімінің алынғаны да өңірдегі науқанның қыза түскенін көрсетеді. Сондай-ақ, егін ору науқанында көшбасшы аудандардың қатарын Меркі және Шу аудандары бастап тұр. Ал егін жинау жұмыстарына облыс бойынша барлығы 911 астық ору комбайнының 701-і қатысуда. Бұл ретте жер игеру мәселесінің оң шешім тапқанын көруге болады. Ал Үкімет тарапынан ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау мақсатында жазғы-күзгі дала жұмыстарына 15,0 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, бұл тұрғыда барлық мүмкіндік қарастырылғанын айта кету керек. Шілде айына бөлінген жанармай көлемінің 4965 тоннасы жеткізіліп, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 2115 тоннадан астамы таратылған. Сондай-ақ, жанармай қоймаларында 2850 тоннаға жақын дизель отыны сақталуда. Тағы бір айта кетерлігі, облыс бойынша егін орағы және күзгі дала жұмыстары өз деңгейінде және жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»  

Жамбыл облысы