ЭКСПО-2017 • 21 Тамыз, 2017

«Өмір ағашын» өнеге тұтатын халық

318 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Венгрия елі ұлттық күнін тойлады. Мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шарада дәстүрлі киім киген мажарлық өнерпаздар қыпшақтардың тұрмыс-салтын көрсетіп, ұлттық музыкасын орындады. Шара аясында венгриялықтар үш күн бойы павильо­нында қыпшақ күндерін өткізбек.

«Өмір ағашын» өнеге тұтатын халық

412 шаршы метр аумақты алып жатқан павильонда табиғи ресурстарға басымдық берілген. Күн, жел және судан қуат алатын тың жаңалықтарын бей­не­таспа арқылы көруге болады. Олар қа­ра­пайым ағаш жапырақтарын синтездеу арқылы қуат алуға болатындығын дә­лелдеді. Павильонның қақ ортасында «Өмір ағашы» деп аталатын үлкен бәй­терек орнатылған. 

Шараның ресми бөлімінде Мажар­стан қаржы министрі Михай Варга сөз сөй­леп, халықаралық көрмеге Мажар­с­тан мемлекетінің қатысуы «жа­сыл» энер­гетиканы дамыту саласын­да тә­жі­ри­белері мен жетістіктерін көр­се­туге мүмкіндік бергенін айтты. «Жаң­ғыр­малы энергия көздеріне көшу – бар­лық мемлекеттерде өзекті мәселе. Сол се­бепті осы бағытта әлем елдері ара­сын­­­дағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі қатысушыларына өза­ра тәжірибе алмасуға барынша жағ­дай жасады. Көрме – 2017 жылғы әлемдік экономикадағы ең маңызды іс-шара. Бұл Қазақстан мен қатысушылар үшін табыспен өтуде», деді ол.

Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Мадина Әбілқас­ы­мова ЭКСПО-2017 көрмесін өткі­зу ма­ңызды әрі жауапты миссия екенін жет­кізді. «Мажарстан – Еу­ро­паның орталығында орналасқан мем­лекет. Қазақстан Еуропалық Одақ ке­ңіс­ті­гін­де ол елді маңызды страте­гия­лық, сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастырады. Қазіргі таңда Ма­жар­станның жетекші компаниялары Қазақ­станда табысты жұмыс атқаруда. Біз­де елуге жуық ортақ кәсіпорын бар. Мем­лекет олармен экономикалық ынты­мақ­тастықты дамыта түсуге мүдделі. Біз қос тарап арасындағы достықты жо­ғары бағалаймыз және екі халықтың игілігі үшін оны нығайтуды көздейміз», деген вице-министр «Болашақ энергиясы» тақырыбы барша әлемді ойландыруы тиіс екенін, Мажарстан ұлттық стратегиясының басымдығы «жасыл» экономикаға арналғанын әңгімеледі.
Биыл Қазақстан мен Венгрия рес­пуб­­ли­­каларының дипломатиялық қа­рым-­қатынас орнатқанына 25 жыл толады. Осы уақыт аралығында мем­лекеттердің бар­лық салаларында екі­жақ­ты жоспар­лы ынтымақтастық ны­ғайды. Екі мем­лекеттің болашақ се­рік­тестігін арт­ты­ру­ға барлық жағдай жа­салған.
Джордж КОССА, Венгриядағы эко­ло­гиялық көлік шығаратын компания бас­шысы: 

– Біз электр энергиясы арқылы жү­ре­тін автобустарды шығара баста­дық. Олар Будапешт көшелерінде жүй­ткіп, ха­лықтың игілігіне жарап тұр. Бұл – қор­шаған ортаны ластамайтын эко­ло­гиялық таза көлік. «Жасыл» тех­но­­ло­гияның дамуына осылайша өз үле­сі­­- м­із­ді қоспақпыз. 
ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы да жаңа жобалармен танысуға мүмкіндік ту­ғанын айтқым келеді. Енді әлем ел­дері табиғатымызды, қоршаған ортамыз­ды қорғауға, сақтауға бұрынғыдан да жоғары деңгейде күш салатынына се­німдімін. Өйткені, өзіміз тұратын, өмір сүретін ортақ үйімізді қадірлеу – бә­рімізге міндет. 

«ANIM» ұжымы ауған өнерін паш етті

Халықаралық көрменің төрінде Ауғанстанның ұлттық күні мен тәуелсіздік күні мерекеленді. Ислам елі атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулла бастаған делегация Ұлы Жібек жолы пла­за­сына келіп, мемлекеттің па­вильо­нын аралады. Басқосуда екі елдің әнұрандары орындалып, тулары көтерілді. Ал мәдени шарада «ANIM» Ауғанстанның ұлттық музыкалық аспаптар ұжымы өнерін көрсетті. 

Ауғанстанның Қазақстанмен ын­ты­мақтастығы 1992 жылы басталды және бүгінде өте жақсы дамып келеді. Өткен жылы қос тарап ара­сын­дағы сауда-саттық айналымы ша­мамен 500 млн АҚШ долларын құ­раған. Бұл елдің тәуелсіздік жылда­рын­да жаңғырмалы энергетика, яғ­ни қуат көздерін өндіруде алдыңғы қатарға шығу мүмкіндіктері бола тұ­ра, саяси жағдайларға байланысты бә­сең­деп қалды. Десе де, Ауғанстанның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қ­а­ты­суының өзін үлкен жетістік деп ба­ғалауға болады. 

Ұлттық күннің ресми бөлімінде сөз алған Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңiс Қасымбек ауған компанияларын ел нарығындағы инвестициялық белсендiлiгiн арттыруға шақырды. Өйткені, екi ел арасындағы қарым-қатынастың әлеуетi зор.

Жиында Ауғанстан Ислам Респуб­ли­касы Коммерция және индустрия ми­нистрi Хумайон Расаев Қазақстан мен басқа халықаралық қатысушыларға жа­са­ған көмектерi үшiн алғыс айт­ты. «Сiздердiң қолдауларыңыз ау­ған хал­қы­ның өмiрiн жақсы жаққа өз­герттi. Бiз барлық салада достық әрi әрiп­­тестiк қарым-қатынасымыз ны­ғая­ды деген үмiттемiз. Энергия осы бай­ла­­ныстың өзегi саналады және солай қа­ла бермек. Астанада жоғары деңгейде өтiп жатқан ЭКСПО көрмесi бүкiл әлем­г­е Қазақстанның даңқын шығарды. Көр­ме бiздiң де энергетикалық басым­дық­тарға, мiндеттерге және болашақ ын­тымақтастық саласына назар ауда­руы­мызға көмектестi», деген ол бұл ха­лық­аралық шараға қатысу зор мәртебе екенiн жеткізді. 

* * *
Тақырыпқа орай айта кетерлігі, Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті әлеу­мет­тік желідегі парақшасында Қазақ­стан мен Ауғанстан арасында ха­лық­аралық әуе рейстері тұрақты қаты­най­тынын хабарлады. Бұл келісім Ау­ғанстан атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдул­ланың Қазақстанға ресми сапары аясында бекітілген. «Екі елдің әуе әкімшіліктері басшылары мемлекеттер арасындағы тұрақты ұшуларды орындау үшін Құқықтық база құру туралы келісімге қол қойды. Құжат бо­йынша аптасына 3 халықаралық рейс орындау қарастырылған», делінген хабарламада. Бүгінге дейін ауғандық «Кам Эйр» әуе компаниясы арқылы Алматы-Кабул бағыты бойынша чартерлік ұшулар ғана орындалған болатын.

Гуандунмен байланыс күшейеді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Қытайдың Гуандун прови­н­ция­­сының апталығы салтанатты жағдайда ашылды. Жиында аймақтың бас хат­­шысының орынбасары Ли И Вей сөз сөйлеп, көрменің «Болашақтың энер­­гиясы» атты тақырыбы Қытайдың «жасыл» экономикалық дамуымен тығыз байланысты екенін айтты.«Қытайда жақсы тәмсіл бар: «Кездесу үшін мың шақырым жерден жақсы дос­тар ғана келеді». Осы шара аясында жолығуымыздың өзі тағдырымыздың ортақ екенін көрсетіп тұр. Астанада ұйымдастырылған ЭКСПО тақырыбы біздің еліміздің «жасыл» экономикалық дамуының тұжырымдамасымен үндес әрі тығыз байланысты екенін аңғардым. Гуандун провинциясы ежелгі теңіз  Жібек жолының  маңызды нүктесі», деді Ли И Вей. Оның айтуынша, ап­та­­лық барысында гуандундықтар өзде­ріндегі жаңғырмалы энергияның жаңа көздерін, технологиялар, зерттеу­лер және әзірлемелер саласындағы барлық жетістіктерін көрсетпек. 

Жиында Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің бас директоры Айдын Байеділов экономикалық дамуы бойынша Қытайдың ірі әрі қуатты провинцияларының бірі­мен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын баса айтты. 
Гуандун  Қытайдың оңтүстік-шығы­сындағы субтропикте орналасқан, аума­­ғы 177,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Провинцияның 3368 шақырым құрлықтық желісі бар және теңіз биоло­гиялық ресурстарға өте бай. Теңіз қай­­ра­ңында мұнай өндірісі де жолға қойылған. Өзге де пайдалы қазбалар арасында германий, висмут, таллий, тантал, селен сынды сирек кездесетін металдардың кен орны аса үлкен маңызға ие. Гуандунда Шэньчжэнь, Чжухай, Шаньтоу атты Қытайдың үш арнайы экономикалық аймағы бар. Гонконгпен және Макаомен көршілес орналасуы да провинцияның экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Қазіргі уақытта Гуандун ІЖӨ көлемі бойынша ҚХР провинцияларының алдыңғы қатарында тұр.  

Балаларға арналған  прототиптік жобалар
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) халық­аралық көрмеде «Урбанистік әлемдегі балаларға арналған иннова­циялар» атты хакатон өткізді. Он­да еліміздің жас программистері қа­ла­­да тұратын балалар үшін туындай­тын көптеген әрі ұдайы өзгеріп оты­­ра­тын, ауа ластануынан және қауіп­сіздікті күшейтуден бастап, көлікке қол­жетімділікті қамтамасыз етуге дейінгі түйткілді мәселелердің про­тотиптік шешімдерін ұсынды. Олар­дың қата­рында апат жағдайында балаларға кө­мек көрсетуге арналған қосымшалар мен ойындар, ірі қалаларда өмір сүруге қа­тыс­ты кеңестер және мектепке дейінгі жас­тағы балаларға математика үйрету құрал­дары бар.

«Бүкіл әлемде инновациялар көптеген адамдардың өмірін өзгертіп жатыр. Десе де сол инновациялардың балаларға көмек көрсетудегі әлеуетін іске асыру – әлі де болса болашақтың еншісінде. Осы хакатон жастарды тек инновацияларды әзірлеп және даярлап қана қоймай, өз машық-дағдыларын игі істерге арнауға ынталандырады. Нәтижесінде, жеткіншектерге пайдалы болатын керемет прототиптік шешімдерге қол жеткіземіз. Бізде қатысуға және өз үлесін қосуға дайын іріктелген жас программистер тобы да бар», деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Фиакра Макейзи.
Үздік және өнертапқыш прототиптер ғана ең жоғары марапаттарға ие болатынына қарамастан, ЮНИСЕФ үздік шешімдерді Алматыдағы ЮНИСЕФ Инновациялар зертханасы арқылы немесе ЮНИСЕФ-тің Жаһандық инновациялық қоры арқылы қаржыландыру мен дамыту мүмкіндігін қарастыратын болады.

Топтаманы әзірлеген Асхат Райқұл,

суреттерді түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»