Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Шығыс Қазақстанда бесжылдық бағдарлама әзірленді

525 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұған дейін «Өскен өңір» айдарымен газетімізде Ақтөбе мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының бүгінгі тыныс-тіршілігі, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында мақалалар топтамасын ұсынып едік. Бүгін айқарма бетімізді Шығыс Қазақстан облысына арнап отырмыз.

Шығыс Қазақстанда бесжылдық бағдарлама әзірленді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл тарапта Шығыс Қазақстанда қандай жобалар жүзеге асырылады? Өңірде бүгінгі таңда нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңір бойынша жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Әсем НҮСІПОВАМЕН әңгімелескен едік.  

− Әсем Бекқызы, өт­кен аптада Қазақстан Респуб­ликасының  Президенті жанын­дағы Қо­ғамдық сананы жаңғырту бағ­дарламасын іске асыру жө­нін­дегі ұлттық комиссияның үшінші отырысында Шығыс Қа­зақстанда бесжылдық бағ­дар­лама әзірленгені туралы ай­тылған болатын. Осы бағ­дарлама жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.

− Иә, осы отырыста өңір басшысы Даниал Ахметов облысымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асы­ру мақсатында бесжылдық үл­кен бағдарламаның жасалғанын мәлімдеген еді. Еліміздің барша тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдаған Президенттің бұл мақаласы  үлкен жауапкершілікті, терең талдауды қажет ететіндіктен аймағымызда осындай ауқымды бағдарлама әзірленді. Аталған  бағдарлама «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 ішкі бағдарлама бойынша 61 жобадан құралады. Бағдарламаның жалпы бюджеті 28 млрд теңгені құрайды, биыл бұл жобаларға 7 млрд теңге бағытталып отыр. 

Өңірімізде «Рухани жаң­ғы­рудың» басты бағыттары бо­йынша жүзеге асырылатын ша­ралардың жоспары түзіліп, «Рухани жаңғыру» атты жобалық кеңсе құрылды. Аталған үдеріске Өс­кемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет және Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі хатшылығы, Қоғамдық кеңес пен қоғамдық ұйымдар тартылған. Бағдарлама аясында үш тілді білім беруді дамыту, археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары, ішкі туризмнің әлеуетін арттыру да көзделіп отыр. Бір ғана «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы шеңберінде 19 өңірлік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 

Мәселен, «Көне қазына» жобасы аясында Берел, Шілікті, А­блайкит кешендеріндегі ар­хеологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын табады. Қоңыр әулие үңгірі мен Ырғызбай ата кесенесіне инфрақұрылым желілері салынып, Шілікті кешеніне де әйнектен арнайы саркофаг тұрғызылады, «Тархан геологиялық қиығы» ашық аспан астындағы музейі ашылады. Барлық жәдігерлерді Өскеменде бой көтеретін археология және заманауи өнер музейіне қою жоспарланып отыр. 

− Білуімізше, отансүйгіштік, мәдени және рухани құнды­лық­тарды насихаттауға ба­ғыт­­­талған 7 өңірлік жоба әзір­ле­ніпті. Оның өзі 14 ішкі бағ­дар­ламадан тұрады екен.

− Бұл жобалар «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Тәрбие мен білімнің қоғам өміріндегі маңызы айтпаса да түсінікті болар. Қазіргі уақытта өңірде үш тілде білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Осы жобалар шеңберінде үштілділікті дамыту бойынша оқыту бағ­дарламасын одан әрі жалғас­тырамыз. Бұған екі жыл ішінде облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Осы орайда мұғалімдердің тілдік біліктілігі мен оқыту әдістемесін кембридждік жүйе бойынша жетілдіру курстары өткізіліп, оған шет тілін тікелей үйретушілер шақырылды, бірыңғай оқулықтар сатып алынды, педагогтарды материалдық тұрғыдан қолдау жүзеге асырылды. 

Ал «Білікті маман» жобасында жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін көтеру бойын­ша мектеп бітірушілердің басқа елге кетуін төмендету, жергілікті жоғары оқу орындарының ғы­лыми-техникалық және зерттеу базаларын жақсарту, шетелдік ғалымдарды шақыру, жаңа қажетті мамандықтар ашу сияқты кешенді шаралар атқарылды. Биыл біз облыстық бюджеттен 200 білім гранты үшін 50,8 миллион теңге бөлдік. Төрт жылдық бағдарлама қосымша 680 миллион теңге  қаражатты қажет етеді. Бұл тараптағы жұмыстар жалғасын табады. Қазірдің өзінде нәтиже бар. Былтыр Шығыс Қазақстаннан 1800 мектеп бітіруші шетелге оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткіш 890-ды құрап, екі есеге дейін азайды.  

Сол сияқты «Рухани білім беру» жобасы діни ағарту, экстремизм мен радикализмге қарсы іс-әрекеттердің тиімділігін көтеру, дінтану саласында білікті мамандар даярлауға бағытталады. Қазіргі кезде 156 имам Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасымен бірге әзірленген бағдарлама бойынша курстардан өтуде. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 150 млн  теңге бөлінді. Шығыс Қазақстан дінтану кол­леджін құру және білім гранттарын бөлу жоспарланып отыр.

- Мемлекет басшысы өз мақаласында: «Басқа ай­мақ­тарға көшіп кетсе де туған жер­лерін ұмытпай, оған қам­қорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», деген еді. 

− Елбасы жиі айтып жүре­тін бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі аясында облысымызда бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе Президенттің рухани жаңғыруға үндеген мақаласы жарық көргеннен кейін туған жерге жәрдемдесемін, қол ұшын созамын дейтін азаматтардың қатары көбейді. Мәселен, жа­қында Астанада тұратын Дулат Тастекеев деген кәсіпкер өзі туып-өскен Тарбағатай ауданының Екпін ауылындағы бір көшені 15 миллион теңгеге толықтай асфальт­тап берді. 

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Элхон» ЖШС директоры Ұлықбек Тұмашинов 100 миллион теңгеге Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылындағы 110 жыл бұрын салынған Әбдікерім Ережепов мектебін қалпына келтіріп жатыр. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы, өңірімізде «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында демеушілер мен меценаттар қаржысы есебінен 5,6 млрд  теңгенің 157 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Қалалар мен ауыл­дарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, қайта жөндеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде біз жоғарыда аталған 5 жылдық бағдарлама аясында «Атамекен» ішкі бағдарламасын әзірлеп, тағы да 142 жобаның тізімін дайындадық. Оны жүзеге асыруға 8,8 млрд теңге қажет. 

Қазіргі уақытта 186 инвес­тор мен 22 ірі кәсіпорынның се­ріктестері анықталды. Сондай-ақ, материалдық, медициналық, заңгерлік және басқа да көмекті қажет ететін тұлғалардың базасы жасалды.

Жалпы алғанда, «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асыр­мақ жоспарларымыз көп. Туризмді дамыту және мұ­ралардың танымалдылығын арттыруға негізделген «Шығыс Қазақ­стан інжу-маржаны» ішкі бағдарламасы аясында кие­лі орындар картасы жасалып, ту­ристік инфрақұрылымдар ке­ңейеді, су қоймаларының ем­дік қасиеті зерттеледі. Со­ны­мен бірге, «Рухани қазына», «Абай әлемі» кітап сериясын, шығару, музей қорын сандық жүйеге көшіру, «Мәдени код: Шығыс Қазақстан» архиві мен кітапханасын құру, «Музыка әлемі», «АРТ Заман» фес­ти­вальдарын өткізу, театрлар мен шығармашылық ұйымдардың гастрольдерін ұйымдастырмақ ойдамыз.   

Сондай-ақ, «Қазақстанның табиғаты және табиғи мұралары» жобасы аясында көп данамен Шығыс Қазақстан атласын, өсімдіктер мен жануарлардың Қызыл кітабын басып шығару жоспарланып отыр. Бұл басылымдар барлық мектептер мен колледждерге, кітапханаларға түседі. Және барлық материалдар мен жобалардың нәтижесі «Туған жер: Шығыс Қазақстан» интернет платформасына ор­на­лас­тырылып, баршаға қолжетімді болады.

− Әңгімеңізге рахмет.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»