21 Тамыз, 2017

Ырғызбай кешеніне қаржы бөлінді

772 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарбағатай ауданы тұрғын үй құрылысы және коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Қарғабаевтың айтуынша, қазіргі кезде 5 миллион теңгеге жобалық-сме­талық құжаттары жасалуда.

Ырғызбай кешеніне қаржы бөлінді

Кешен аумағын көріктендіру мақ­­сатында тақтатастар төсеу жұмыстары басталып кет­ті. Сондай-ақ, жуырда жол құ­ры­лы­сына жеке қаражат бөлін­бек. Бұл аудандағы бірден-бір келушілері үзілмейтін орталықтың әлеуетін арттыра түседі деп күтілуде. Ел аузында «Ырғызбай әу­лие» атанған баба 1787 жылы дү­ниеге келіп, 1850 жылы 63 жа­сында қайтыс болған. Қайтыс боларының алдында «Мені осы құба белге жерлеңдер, зиратымды көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді» деп өсиет қалдырған екен. 

Құнанбайды ауыр дерттен жазып алған атақты тәуіп туралы халық жадында жатталған жақсы лебіз, тылсымға толы әңгіме мол. Ырғызбай – өзі молда, өзі тәуіп һәм әулие кісі болған. Дала зертханасында дәрілерін сайлап, алдын ала өзіне келе жатқан адамды, жанына батқан ауруы мен оның емін біліп отырған. Тарбағатай тауларында өсетін алтынтамыр, ермен, жалбыз, бірсалар іспетті елу түрлі шөптен дәрілер жасаған. Қытай емшілерімен байланыс­та болып, тәжірибе алмасқан. Бір ерекшелігі, ем-домына ақы алмаған. Аурухана жоқ, еш­кім ота жасамайтын заманда адамдарға көп шипасы тиген. Өзі өсиет етіп қалдырғанындай, әулие 1920 жылдары Шыныбай есімді ақсақалдың түсіне кіреді. «Ей, Шыныбай, менің басымда қозы-лақ ойнап жүр, зиратымды көтер, саған Алла тағала береді» дейді. Шыныбайдың сол кезде малын барымталап кетіп, Тапберді бастауында қиналып жүрген кезі екен. Ол қара сиы­рының күшімен сүйреткімен тас тасып, әулиенің жатқан жерінің алғашқы сандықшасын қойыпты. Содан кейін тұрмысы тү­зелген Шыныбайдың ұр­пақ­тары бүгін де бақуатты тұ­рады. Ал әулиенің мазарын Жы­мырайдың Омарбегі, Әбек­­байдың Ахметі, Баяхмет Са­дықов және Оразай, Мұқатан, Тайпақ есімді Кіндікті ауылының ақсақалдары мен ұрпақтары 1956 жылы көтерген. Он жыл өткен соң мазардың жанында зиярат етуге келушілер қонатын тас үй салыныпты. Жәнтікей ауылындағы Ырғызбай ата мешітінің имамы Алтынбек Қожахметұлының айтуынша, адамдар әулиенің басына 1903 жылдан бастап келе бастаған. 

Соңғы жылдары Ырғызбай ата кесенесі Баянауылдың қызыл гранитінен қайта өріліп, кешен аумағында жалғыз мазар ғана емес, кітапхана, мұражай, қонақ үй орын тепті. Бүгінде Ырғызбай ата кешеніне балалар үйінің тәрбиеленушілері жиі келеді. 2004 жылдан бастап балалар үйімен тығыз жұмыс істей бастаған кешен жетім балаларды қамқорлығына алды. Жаңа Шүлбі мен Көкпекті балалар үйінен 10 бала Ырғызбай әулие кешенінің патронаттық тәрбиесіне көшті. 

Тарбағатай ауданының әкі­мі Ділдәбек Оразбаевтың айтуынша, зиярат етумен бірге тағылымды, тәрбиелік маңызы зор шаралардың орталығына айналған Ырғызбай ата кешеніне соңғы жылдары білекті де жү­ректі балуан жігіттер келе бас­тады. Ақсуат ауылында қазақ күресінен Ы.Досханаұлы атын­дағы халықаралық турнирге қатысуға келген әр елдің ба­луандарының әулиеге тәу етуі дәстүрге айналды. Ырғызбай ата турнирі – Қазақстан бойынша ФИЛА кестесіне енген тұңғыш турнир. Бұл жарысқа жыл сайын 20-дан аса мемлекеттен спортшылар келеді. Заманында алты алашқа аты шыққан атақты Молдабай, Шынғара, кеңес заманындағы Марат Имашев секілді балуандар Ырғызбай әулиенің басына келіп, түнейді екен. Осы өнегелі дәстүр бүгін де жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ, әулие кешенінде тағы бір ұлттық спортымыз – асық атудан республикалық турнир ұйымдастырылып тұрады.

Айта кету керек, кесене шы­рақшысы Болат Тағабай респуб­лика жұртшылығына өзінің өте бай коллекциясымен, мыңдаған асық жинап қана қоймай, алып асықтардың жобасын жасап жүрген ұлтжанды ерік-жігерімен де танымал. Кесенеге келушілер әулие басына түнеумен шектелмей, кең даланың саф ауасымен тыныс­таумен бірге, бай мұражай мен кітапханадан үлкен рухани ләззат алып қайтады.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»