Білім • 21 Тамыз, 2017

ҚазҰУ – грант саны бойынша ЖОО-лар көшбасшысы

1722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім алуға берілген грант саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында алдыңғы орынға шықты. Көптеген «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздарын қосқанда, 4100-ден астам үздік мектеп түлегі ҚазҰУ-да білім алу грантын жеңіп алды.

ҚазҰУ – грант саны бойынша ЖОО-лар көшбасшысы

Дәл мұндай нәтижеге Қазақстандық жоғары білім беру тарихында бір де бір оқу орны қол жеткізбеген екен. Грант саны бойынша өзге оқу ордаларының ішінде көш бастап тұрған Ұлттық университеттің мұндай нәтижеге қол жеткізуі талапкерлердің саналы әрі мақсатты таңдауын, оқу орнына деген қоғамның жоғары сенімін айғақтағандай.

Биыл университетке түсушілер техникалық және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мамандықтарға басым таңдау жасаған. Сондықтан ең үлкен байқау радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, стандарттау, сертификаттау және метрология, биотехнология сынды мамандықтар бойынша жүргізілген. Сондай-ақ, аударма ісі, халықаралық қатынастар, құқықтану, қаржы, есеп және аудит, экономика және халықаралық құқық мамандықтары талапкерлер арасында үлкен сұранысқа ие болған. Магистратура мен докторантураға түсуге ниет білдіргендер арасындағы байқау да өте жоғары болғанын айта кету керек. Кейбір жекелеген мамандықтар бойынша бір орынға 20-дан аса адам үміткер болған.

Әлемнің үздік 250 жоғарғы оқу орны қатарына енген, еліміздегі білім, ғылым және инновацияның жетекші орталығы болып табылатын ҚазҰУ дүниежүзіндегі әйгілі жоғары оқу орындарымен қосдипломды білім бағдарламаларын жүзеге асыруды, ағылшын тілінде білім беруді және халықаралық ынтымақтастықты қарқынды дамыта отырып, жұмыс берушілердің талабын ескеру нәтижесіне бағытталған басқарудың алдыңғы қатарлы әдістерін, жаңа оқу бағдарламалары мен технологияларды енгізуде. Университет табалдырығын енді аттағалы отырған бірінші курс студенттері тек білім алып қана қоймай, бірегей кампуста табысты оқу мен шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмақ. 

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ