Медицина • 17 Тамыз, 2017

«Нұр Астана» мешітінде «Мектепке жол» акциясы өтті

596 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылына орай бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде «Мектепке жол» акциясына орай 200 оқушыға мектеп сөмкесі мен қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді. Сонымен бірге, оларға мектеп формасына қаржылай көмек берілді.

«Нұр Астана» мешітінде «Мектепке жол» акциясы өтті

Жыл сайын Астана мешіттері жанашыр азаматтардың қолдауымен 800-ге жуық оқушыны мектепке дайындайды. Қала мешіттеріндегі «Мектепке жол» акциясы биыл «Нұр Астана» орталық мешітінен бастау алды. Дәстүрлі шараға ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы Данияр Есин және "Нұр Астана" орталық мешітінің құрметті ақсақалы Ауданбай қажы Ахметжанов қатысып, жиналғандарды келе жатқан білім күнімен құттықтады.

Әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына бағытталған осы игі іс аясында 1-11 сынып оқушыларына демеу көрсетілді.

– Ислам діні білім-ғылымға аса үлкен мән берген. Себебі, Құранның алғашқы аяты «иқра», яғни, «оқы!» деп түскен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде «Кім де кім білім іздену жолына шықса, Алла тағала ол адамның жұмаққа баратын жолын жеңілдетіп, періштелер оның табанының астына қанаттарын төсейді» деген екен. Яғни оқушылардың жолдары өте маңызды әрі сауапты. Осыны ескеріп, біз де «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Себебі қасиетті Құранның «Мәидә» сүресінің 2-ші аятында «...жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер» деп, адамзатты ізгі істерді қолдауға бұйырады. Өз кезегінде елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Көмекке мұқтаж азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс» деп, әрбір ауқатты қазақстандықтың әлеуметтік салаға көңіл бөлуін үндеген еді, - деді ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы. Сондай-ақ, ол сауапты істерден қалыс қалмай, «Нұр Астана» орталық мешітінің осы бір игі бастамасына қолұшын беріп, қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.

– Мен көпбалалы анамын. Бес балам бар, оның 3-еуі мектепке барса, төртіншісі бірінші сыныпқа енді қадам басып жатыр. Екі жыл қатарынан мешіттегі «Мектепке жол» акциясының шарапатын сезініп келеміз. Балаларды оқуға дайындау оңай емес. Әрқайсысына қыруар ақша кететінін кез келгені біледі. Мешіттегі қайырымдылықтың арқасында осы қиындықты жеңіл еңсеріп келеміз. Мешіт ұжымына алғыс білдіремін. Балаларым сабақты жақсы оқиды деп сенемін, - деді осы іс-шарада мектепке баратын 4 баласына көмек алған Баян Жаманғаринова.

Ал, қызы 3-ші сыныпқа көшкен жалғызбасты ана Арайлым Омарова:

- Қызым мәз. Оның қуанышын көріп мен де ризамын. Әлі мектепке дайындалған жоқ едік. Өткенде осы акция туралы естіп өтініш жазып кеткенбіз. Енді бүгін қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізіп жатырмыз. Жалпы, мешіттерде қайырымдылықтың үзбей берілуі маған көп көмегін тигізді. Мәселен, қала мешіттерінен дәрі-дәрмекке қажет ақшалай көмек те, азық-түлік те, арасында ет те беріліп тұрады. Осындай шараларға атсалысқан әрбір жанашыр азаматқа Алла тағала разы болсын! – деген алғысын жеткізді.

«Нұр Астана» орталық мешітінен бастау алған игі шара қаладағы басқа да мешіттерде өз жалғасын тауып, алдағы уақытта қала бойынша жалпы саны 600-ге жуық баланы қамтамасыз ету жоспарлануда.