Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Астана хабы мен Қытайдың мемлекеттік басқару академиясы меморандумға қол қойды

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БРИКС ауқымында Қытайдың Цюаньчжоу қаласында мемлекеттік басқару бойынша «Тағдыры ортақ ғаламдық қауымдастықты құру: ашықтық пен жұмылдыру, өзара тиімді нәтижелер» атты семинар өтті.

Астана хабы мен Қытайдың мемлекеттік басқару академиясы меморандумға қол қойды

Онда әлемнің 13 елінен келген 100 астам үкімет өкілдері мен сарапшылар бас қосты. Шара барысында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб пен Қытайдың мемлекеттік басқару академиясы меморандумға қол қойды.  Семинар елдердің жалпы дамуы мен ынтымақтастық аясын кеңейтуге зияткерлік қолдау көрсету мақсатында өткізілді. Оның ашылу салтанатында Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов сөз сөйледі.

«Өзара ықпалдасу және өзара тәуелділікпен сипатталатын өркениеттің қазіргі даму кезеңі адамзаттың болашағы үшін ортақ жауапкершілік мәселесін жаңа деңгейге көтереді, жаһандық және аймақтық ынтымақтастықты жандандыру жалпы дамуды қамтамасыз етуде маңызға ие», - деп атап өтті Әлихан Байменов. «Кез-келген инновация, әлемнің қай түкпірінде шықса да, ол - адамзатқа ортақ игілік, әлемнің де дамуына қызмет етуі тиіс. Барлығының ашық, инновациялық және жан-жақты дамуы идеясы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарында да көрініс тапқан», - деді басқару комитет Төрағасы. Оның айтуынша, тағдыры ортақ жаһандық қауымдастық құру тұжырымдамасы мен даму мақсаттарын жүзеге асыруда прогресс көбіне басқару институттары тиімділігіне тәуелді.

«Тең теңімен» қағидаты бойынша тәжірибе алмасу, ортақ зерттеулер жасау, сондай-ақ, әріптестікті дамыту үкіметтің мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру бойынша үкіметтердің ұмтылыстарына серпін береді. Сондықтан, Қазақстан үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы Астанадағы Өңірлік хабты құру бастамасын көтерді», - деді Әлихан Байменов. Қазіргі таңда Хабта Америка, ЕО, ТМД, Кавказ және АСЕАН елдерін қоса алғанда 38 қатысушы мемлекет бар. Қытай – Хабтың құрылтайшыларының әрі белсенді қатысушыларының бірі.

Семинар ауқымында Хаб пен әлемдегі мемлекеттік басқару саласындағы ірі білім және ғылыми зерттеу институттарының бірі – Қытайдың мемлекеттік басқару академиясы арасында меморандумға қол қойылды. Бұл - екі ұйым ынтымақтастығының жаңа кезеңге шығуының бастауы.   

Академияның атқарушы вице-президенті (вице-министр) Ма Дзентан Академияның мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе және білім алмасудың маңызды халықаралық орталығы саналатын Астана Хабымен әріптестікті тереңдету және кеңейту бойынша ықыласын жеткізді. Әлихан Байменов өз кезегінде Академияға Хабтың мерзімді басылымы – Мемлекеттік қызмет реформасы мен практикасы халықаралық журналының Қытайдағы әкімшілік реформаларға арналған арнайы шығарылымын  тарту етті. Тараптар бірлескен шаралардың тиімділігін атап өтіп, олардың алдағы перспективаларын, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін көтеру, ғылыми зерттеулер жасау, ғылыми еңбектер мен зерттеулер нәтижелерімен алмасу мәселелерін талқылады.

Мемлекеттік басқару бойынша бұл семинар БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, ОАР) елдері басшыларының биыл қыркүйекте Сямэньде өтетін кездесуі қарсаңында өткізілді.