Аймақтар • 21 Тамыз, 2017

Семейлік зейнеткерлер ағылшын тілін үйреніп жүр

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасының нысаналық индикаторларына көз жүгіртсек – 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны 95 пайызға дейін, ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс. Осы тұрғыда семейлік зейнеткерлер ағылшын тілін үйренуді бастап кетті.

Семейлік зейнеткерлер ағылшын тілін үйреніп жүр

Семей қаласында көптеген тілдерді оқыту орталықтары ашылып, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді оқыту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде биыл наурыз айында ағылшын тілін оқыту үйірмесі ашылған болатын. Бір ерекшелігі үйірмеге келушілір 58-80 жас аралығындағы зейнеткерлер. Ашылған күні 5 оқушысы болған үйірменің бүгінде 15 қатысушысы ағылшын тілін белсенді оқып келеді.

Кітапхана директоры Гүлниса Молжигитованың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын зейнеткерлерге компьютер сауаттылығын оқыту үйірмесі жұмыс істеген. Ұжыммен келісе келе және зейнеткер оқырмандардың ұсынысы бойынша ағылшын тілін оқыту үйірмесі ашылыпты.

Үйірмеге қатысушы әйгілі теміржолшы Мойынбаевтар династиясының өкілі, ұзақ жыл  Семей вокзалының басшысы болған қазіргі зейнеткер, Аналар кеңесінің төрайымы Нағима Абдуайтқызы: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мына жаһандану заманында ұлтымыз бәсекеге қабілетті болу үшін, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламаларды жүзе асыру қажеттігі айтылған. Біздің ағылшын тілін оқып, үйренгеніміз мына өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі болсын, қай жаста болмасын білім алуға кеш емес деген оймен оқып жүрген жайымыз бар. Сондай-ақ, олар еліміздің игілігі үшін талаптансын, көптің ішінде біреуі емес, бірегейі болуына ұмтылсын»,-дейді.

Ал, қырық жыл ән-күй пәнінен сабақ берген Рыскүл Құдысова: «Қазіргі заманда қайда барсаң да, ағылшынша білу қажет. Қазір не көп, компания көп. Бәріне кіргің келеді, біз де қартайдық демей, табыс тапқымыз келеді. Біз сияқты олар да талаптанып, ниеттенсін дейміз. Әрине, біздің жасымызға келгенде шет тілін үйрену қиын ғой, алайда талаптанып оқып жүрміз. Қазіргі таңда, өмірге ең қажетті осы интернет пен ағылшын тілі болып тұр»,-дейді қарт әжей.

Тілге тиек етсек, дәрістер тегін жүргізіледі, аптасына екі рет өткізіледі. Оқыту курсы аяқталған соң түлектерге арнайы куәлік салтанатты түрде табысталады. Ал зейнеткерлердің уақытында келу тәртібі мен ізденімпаздықтары, қызығушылдықтары кімді болсын қайран қалдырады.

Анар Қуанғалиева,

Семей қаласының

мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы