Аймақтар • 21 Тамыз, 2017

Алматыда «Star of Asia» фестивалі өтті

539 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тамыз айының соңғы онкүндігі Алматы жұртшылығы үшін ерекше есте қалды. Қаладағы Медеу мұз айдынында әлемнің 20 дан астам мемлекетінен келген танымал өнер жұлдыздары «Star of Asia» музыкалық фестивалінде өнер көрсетті. Аталған фестиваль Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» Бағдарламасының аясында, қала күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Алматыда «Star of Asia» фестивалі өтті

Сенбінің  кешінде қала тұрғындары мен қонақтары Медеу шатқалын бетке алды. Алатаудан ескен салқын самалмен тыныстап, әсем әнге тербелсек деп келгендердің саны үш мың адамнан асып жығылды. Екі күн бойы ару Алматыны әнмен сусындатқан өнер иелері арасында Қытай, Түркия, Жапония, Корея, Индия елінен келген ән өнерінің жұлдыздары, нақтырақ айтсақ, оңтүстік кореялық «U-KISS» K-pop тобы, Индиялық әнші Sanah Moidutty, түріктің жұлдызы Murat Boz сынды әлемге әйгілі әншілер сахна көркіне айналды. Әлемнің 118 мемлекетінің телеарналары арқылы таратылған  фестивальде шетелдік орындаушылармен қатар отандық өнер иелері де өз өнерлерін ортаға салды. «Дос-Мұқасан», «МузАРТ», Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Камшат Жолдыбаева, Әли Оқапов, Ерке Есмахан, Сүндет Байғожин, Зарина Алтынбаева, Маржан Арапбаева, Әлішер Каримов, Roya, Ademi, Аюми, Renzo, Black Dial сынды танымал топтар мен жеке орындаушылар көрермен ықыласына бөленді.

 – Ару қаламызда ауқымы  кең  шығармашылық  шара өтуде. Ол бұрынғы «Азия Даусының» жалғасы іспетті көрінеді. Бүгін біз сол бір кездері ән айтқан орындаушыларды еске алып, заманауи әншілерді тыңдаудамыз. Бұл фестиваль алдағы уақыттарда да жалғасын табады деген сенімдемін. Өнерді бағалап келген барша тыңдармандарға алғыс білдіремін – дейді әнші Медеу Арынбаев.

Медеу Арынбаев

Концерт барысында пиротехникалық, лазерлік қондырғылар, жарықдиотты конструкциялар, экрандар, ЛЭД-факелдері, жылжымалы сахна ұтымды пайдаланылды. Спорт мотоциклдеріне мінген каскадерлер, гимнаст шеберлері, балет әртістері, симфониялық оркестр жиналғандарға ерекше мереке сыйлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша: Медеуде радиалды формадағы сахна алғаш рет қойылып отыр. «Бұл форманың техникалық нюансы өте күрделі, сондықтан елімізде мұндай сахналар жасалмайды. Авторлық жоба Германиядан, Ресей мен Украинадан келген әріптестер арқылы жүзеге асты. Бүгінгі кеш барысында порталдардағы вертикалды экран көрермендер мен әншілерді де тамсандырды» дейді шараны ұйымдастырушылар.

Осылайша, екі күн қатарынан алматы аспанын әнге бөлеген мереке көпшіліктің көңілінен шықты. Алдағы күз айларында да қала тұрғындары мен қонақтарына 70-тен астам мәдени-сауықтыру шаралар ұсынылады, олардың арасында тың жобалармен қоса дәстүрлі фестивальдер мен концерттер де бар. Қала қонақтары «Көк-Төбе-Опера» халықаралық музыка фестиваліне барып, ашық аспан астында «Оркестрлер шеруін», «Алма fest» алма фестивалін тамашалап, «ТойҚазан 2017» атты Қазақстан халықтарының ұлттық ас мәзірлері фестивалінен дәм татып, «Gakku даусы» көпмыңдық Open Air ді қызықтап, «Тұлпар» ұлттық киносыйлығын тапсыруға қатысып, Ғ. Мүсірепов атындағы жастар театрының «Базарым тарқамасын» спектаклін және басқаларын тамашалай алады. «Almaty Sales Festival: Summer 2017» жеңілдік фестивалі аясында  қаланың 100-ден астам сауда орталықтары арзан тауарларын ұсынады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ