Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

2025 жылға қарай жанар-жағармай бойынша ішкі қажеттіліктер толық қамтылады

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы тапсырмалардың орындалу барысына арналған брифингтер легі басталды. Бүгінгі брифингте «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» тақырыбы талқыланды. Баспасөз мәслихатына Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді қатысып, бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайын баяндады.

2025 жылға қарай жанар-жағармай бойынша ішкі қажеттіліктер толық қамтылады

Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жеделдетілген технологиялық жаңғырту елдің энергетикалық секторының тиімділігін арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Министр сондай-ақ, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған жеделдетілген технологиялық жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, минералды-шикізаттық базаны кеңейту аясында көмірсутекті шикізат мәселелерін реттеу үшін бірқатар жаңа тәсілдер әзірленген мәлімдеді. Мәселен, келісімдердің түрлері оңтайландырылған, жер қойнауын пайдалануға келісім жасау мерзімдері қысқартылып, рәсімдер жеңілдетілген, сондай-ақ, әкімшілік кедергілер жойылған. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану саласының ашықтығы мен болжамдығын арттыру мақсатында шикізат қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшу жүзеге асырылуда.

Министрдің мәліметінше, шикізатты кешенді қайта өңдеуді тереңдету бойынша міндеттерді орындау үшін екінші жартыжылдықта Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жобалары, ал келесі жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталады. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртқаннан кейін мұнай өңдеу көлемі 14,5-тен 17,5 млн тоннаға дейін өседі деп болжанған. Ақшыл мұнай өнімдері – бензин, дизель отыны, авиаотын өндірісі ұлғайтылып, 2017-2025 жылдар аралығында еліміздің жанар-жағармай бойынша ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті жою күтілуде.

Мұнай өңдеуде энергия тиімділігін арттыру, 3-жылдық жөндеуаралық кезеңге көшу жобалары және ішкі нарыққа мұнай жеткізудің тартымдылығын арттыру бойынша шаралар енгізілуде. Бұл ақшыл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттырады және олардың сапасын К4 және К5 экологиялық стандарттарына дейін жеткізеді. Мұнай-газ химиясында жылына жалпы қуаты 2,3 млн тонна қосымша құны жоғары өнім болатын 4 мұнай-газ химиясы зауыттарын салу шаралары іске асырылуда.

Атом энергетикасында жылу шығаратын құрастырулар өндіретін зауыт салу, уран өндіретін кәсіпорындарда ІТ-технологияларды енгізу, сондай-ақ уранның минералды-шикізаттық базасын толтыру үшін іздеу жұмыстарын күшейту бойынша жобалар іске асырылады. «Отын-энергетикалық сектор» бастамалары бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 2017–2025 жылдары 19 трлн астам теңгені құрауы тиіс, олардың 97 пайыздан астамы жеке қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»