Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Қазақстан өнеркәсібінің индустрия 4.0 техникалық талдау жұмыстары күзде аяқталады

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы тапсырмалардың орындалу барысына арналған брифингтер легі басталды. Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің мәлімдеуінше, Қазақстан өнеркәсібінің Индустрия 4.0-ге көшуге әзірлігі бойынша техникалық талдау жұмыстары алдағы қыркүйекте аяқталады.

Қазақстан өнеркәсібінің индустрия 4.0 техникалық талдау жұмыстары күзде аяқталады

Министр Индустрия 4.0 үлкен деректердің (Big Data) талдауы, дербес роботтандырылған жүйелер, индустриалды интернет, аддитивті технологиялар (3D баспа) секілді алдыңғы қатарлы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ауқымды пайдаланудан тұратынын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, түрлі елдерде Индустрия 4.0-ді енгізу ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімін орта есеппен 1,5 пайызға қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Индустриялар және даму министрлігі биыл тиісті шараларды әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. Осы мақсатта өнеркәсіптерін цифрландыру бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген бірқатар елдің сарапшыларын жұмысқа тартқан. Олар – Германияда Индустрия-4.0 тұжырымдамасын бірлесіп жазған авторлардың бірі Фраунгофер атындағы еуропалық қолданбалы зерттеулер институтының сарапшылары, сондай-ақ Швецияның алдыңғы қатарлы тау-кен өндірісі кластерінің мамандары. Осы сарапшылармен бірлесіп биылғы жылдың қыркүйек айына қарай өнеркәсіптің Индустрия-4.0-ге көшуге әзірлігі бойынша техникалық талдау жұмыстары аяқталады, ал жыл соңына қарай Үкіметтің тиісті қаулылары – 2025 жылға дейін Индустрия-4.0 элементтерін енгізудің қадамдық жоспары қабылданады.

Инвестиция тарту және экспортты ілгерілету бойынша ұлттық стратегияларды әзірлеуге Сыртқы істер министрлігі де белсене қатысуда. Бұл реттегі жұмыстар жайын Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М.Тілеуберді айтып берді. Мәлімдеуінше, ең алдымен ЕАЭО, ШЫҰ ішінде халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау және ілгерілетуді қамтамасыз ету, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын «Жібек жолы» экономикалық белдеуімен үйлестіру, ЭКСПО-2017 базасында ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, «Қазақстанның  ұлттық технологиялық бастамасы» стратегиялық жоспарын, дамыған елдердің ең үздік стандарттары мен тәжірибелерін енгізумен бизнесті қайта реттеу бойынша жүйелі шаралар әзірлеу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіледі.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»