22 Тамыз, 2017

Ақтөбе облысындағы «Хан моласы» туралы не білеміз?

1651 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның киелі орындарының географиясын» жасауды тапсырған еді.

Ақтөбе облысындағы «Хан моласы» туралы не білеміз?

Осыған орай Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынғаны белгілі. Мұның бәрі «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер», «Ірі орта ғасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары», «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар» секілді санаттарға бөлінген.

Тізімге тарихи тұлғаларға қатысты 20 киелі орын енгізілген. Солардың бірі – Ақтөбе облысында Әбілқайыр ханға арналған «Хан моласы» мемориалдық кешені.  

Бұрынғы деректерге сай, хал­­қы­мыздың алмағайып заманда ел басқарған дана хан­дарының бірі, даңқты қол­бас­шы Әбілқайыр бейітін қазақтар екі ғасырға жу­ық уақыт зиярат еткен. Тек ХХ ғасырдағы дүр­бе­лең­дерден кейін ғана зиярат ету тоқтаған. 

«Хан моласы» қорымын 1979 жылы «Үркер» романын жа­зуға әзірлік барысында жазушы Әбіш Кекілбаев іздеп келген. Онда хан бейітін көрсете алатын ақсақалдардың көзі тірі еді. Алайда, сол уақыттағы ке­ңес билігінің қазақтың даңқты перзенттеріне деген көзқарасы салдарынан, хан қабірі басына белгі қою мүмкін болмады.

Ал Шоқан Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титуты этнология бөлі­­мінің меңгерушісі, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Серік Әжіғали бастаған зерт­теушілер бұл жерде зерттеу жұмыстарын 1998 жылы бастады.

«Хан моласы» – көне қорым. Ол облысымыздың Әйтеке би ауд­анындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашық­тықта орналасқан. Зерттеу жұмыс­тары басталғанда, мұнда тек төмпешіктер мен кей тұс­тардағы құлап жатқан құлпы­тастардан басқа ештеңе көзге ілікпейтін. Бір кездегі күм­безді тамдар жермен-жексен болған… Ал Әбілқайыр хан сүйе­гінің осы қорымда жатқанын ел аузындағы деректер ғана емес, орыс зерттеушілерінен қал­ған жазба деректер де растайды. И. Крафт 1898 жылы «Хан моласының» Торғайдан 80 шақырым жерде екенін, хан қабі­рінің басында өсіп тұрған ағаш барын жазып қалдырған, сондай-ақ қазақтардың ол жерді қасиетті орын санайтынын да атап көрсеткен. 

«Хан моласы» қорымында зерттеу жұмыстары, әсіресе, 2007 жылдан бастап кешенді түрде жүргізілді. Бұл жұмыстарға тарихшылар, этноархеологтар, этнографтар, сәулетшілер, топы­рақтанушылар, геофизиктер, антропологтар, генетиктер, тағы да басқа мамандар тартылды.
Қорым 16 гектар жерді алып жатыр. Егер 1998 жылы 700 бейіт анықталса, кейінгі зерттеулерде қабірлер саны мыңға жуықтады. Деректерде Әбілқайыр ханның қыпшақ дәстүрімен жерленгені айтылған. Яғни қару-жарағы өзімен қоса көмілген. Қабір басына ханның ұлы Нұралы 12 ағаш еккен деседі. Зерттеушілер хан қабірін осы деректерге сүйеніп іздеген еді. 

Ұзақ жылдар бойғы зерттеулер нәтижесінде хан қабірі нақты анықталғаннан кейін, бұл жерде Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашу жөнінде шешім қабылданды. Бұл шешім Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс, 2015 жылы жүзеге асты. Осы жылдың 2 қазанында мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен тұрғызу мақсатында республикалық деңгейде конкурс жарияланып, белгілі сәулетші Бек Ыбыраев ұсынған нұсқа мақұлданған болатын. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Ескерткіштің биіктігі – 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы Дала­ны жайлаған барлық қазақ рула­рының таңбалары салынған. 

Кесененің биіктігі 15 метр­ге жуық. Диаметрі – 8,5 метр. Құрылысты жүргізген мамандардың айтуынша, бас­тапқы сараптамалық жұмыстар кезінде тереңдіктен көне кесе­ненің қалдығы табылған. Оны сақтап қалу үшін кесене диаметрі ұлғайтылып, сегіз қыр­лы етіп салыныпты. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ағылай тасы пайдаланылды. Бұл тастың қасиеті Күн мен желге мүжілмей, керісінше, беки түседі...

Индира ӨТЕМІС, 
журналист

Ақтөбе облысы,
Әйтеке би ауданы

Суреттерде: мемориалдық
кешеннен көріністер