Театр • 22 Тамыз, 2017

Астанада «Музыканың мәңгі қозғалысы» атты кеш өтті

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Солистер академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрі Италияда өткен халықаралық фестивальден келе сала, астаналықтарға арнап «Музыканың мәңгі қозғалысы» шығармашылық кешін өткізді. Оркестрдің бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Мұсақожаева.

Астанада «Музыканың мәңгі қозғалысы» атты кеш өтті

Әлемдік классика шедеврімен толыққан концерт бағдарламасында А.Вивальди, И.С.Бах, К.Сен-Санс, Т.Витали, Дж.Боттезини, Е.Магалиф сынды ежелгі Барокко дәуірінен бастап қазіргі заманғы атақты композиторлардың музыкалық туындылары орындалды.

Жаратушы мен жаратылыс күйі туралы тамсана жырлайтын Бах шығармасын Сара Асабаева фортепианода орындаса, романтизм дәуірінен сыр шерткен Алмас Байғожин, Асқар Мұқанов, Батыржан Смақов, Бахытжан Жантұрғановтар тыңдарманды бірде мөлдірлік пен жылылық тұнған көктемнің шуағына елітсе, енді бірде күзгі элегия сарыны басым аймаққа жетеледі. Ал танымал америкалық композитор Евгений Магалифтің флейта мен ішекті аспаптар оркестріне арнап жазған «Колибри» атты туындысын нақышына келтіріп орындаған Жібек Сапарғалиева көптің көзайымына айналды. Пабло  Сарасатенің «Сыған әндерін» орындаған Асқар Дүйсенбаев көңілді кештің шымылдығын жапты.

Қазақстанның үздік орындаушылары, халықаралық байқаулардың лауреаттары, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері – «Солистер академиясы» 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаеваның бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде «Солистер академиясы» Қазақстаннан тыс, Еуропа пен Азияның, АҚШ-тың маңдайалды концерт залдарында өнер көрсетіп келеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»