Аймақтар • 22 Тамыз, 2017

Өскеменге Баян-Өлгей әкімі келіп кетті

520 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 102 мың халық тұрады. Соның 96 пайызы – өзіміздің қандастарымыз.

Өскеменге Баян-Өлгей әкімі келіп кетті

Аймақта 48 мектеп пен 44 ба­лабақша жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі қа­зақ тіліндегі мектептер мен ба­лабақшалар. Баян-Өлгей ту­ралы бекерге сөз қозғап отыр­ған жоқпыз. Жақында Өс­кеменге осы аймақтың әкімі Ғылымхан Айып бастаған делегация арнайы келіп қайтты. Алтайдың ар жағынан кел­ген ағайындарымыз Шы­­ғыс Қазақстанмен қа­рым-­­­қатынас, алыс-бе­ріс көк­жиегін нығайту мақсатында келгендерін айтады. Ғылым­хан Айып облыс әкімі Да­ниал Ахметовпен кез­десуінде Өскемен мен Баян-Өлгейді бау­ырлас ай­мақ етіп бекітіп, бірлесе жұ­мыс істеу жөнінде ұсыныс білді­ріп, Шығыс Қазақ­стан мен Моң­ғо­лия ара­­сын жалғайтын төте жол ашыл­са деген тілегін жет­кіз­ді. «Бұл мәселе ұзақ жыл­дар бойы көтеріліп, мінберлерден талай айтылып келе жатқанымен, әзірге нәтиже жоқ. Егер ол жол ашылатын болса, екі аймақтың арасы айтарлықтай қысқарып, сауда-саттық та жан­дана түсетін еді», деген Ғ.Айып биыл егін шығы­мының нашарлығына байланысты ұннан қысылып отыр­ғандарын тілге тиек етіп, Баян-Өлгей­дегі қазақ мектептеріне оқу­лық жағынан көмек бер­сеңіздер деген өтінішін де жет­кізді. Д.Ахметов екі ай­­мақ­­­тың бауырлас бол­уын құптайтындығын айтып, оқу­лық жағынан жәрдем беру мәселесін облыстық білім бас­қармасына жүктеді. «Баян-Өлгей аймағында тұратын 102 мың қандасымызға біз әрқашан қол ұшын беріп, көмектесуге әзірміз. Сіздерде өзі­міздің дәстүрлі халық емшілігімен айналысып жүр­гендер бар ма? Ата-баба­ларымыз шұғыл­данған халық меди­цинасын қайта жандан­дырып, жаң­ғыртып, бұл бағытта да бірлесе жұмыс істеуге болады»,  деді облыс әкімі. Кездесу соңында екі ай­мақтың әкімдері өзара ынты­мақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды.

Азамат ҚАСЫМ, 

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН