Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Ым арқылы би қимылы

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Есту қабілеті нашар бала­ларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат жанынан құрылған «Sensitive» би ан­самблі Болгарияның Обзор қаласында ұйымдастырылған «Розы Обзора-2017» халықаралық фестивалінде ел намысын қорға­ған жалғыз команда болды.

Ым арқылы би қимылы

Бай­қаудың өте тартысты өткеніне қара­мастан, 10 елден қатысқан 280-ге жуық мың бұралған биші­лер арасынан 5 жүлдені олжалап, бұған қоса күзде Сочи қаласында өтетін халықаралық бишілер форумына шақырту алды.

– Бізден үш жұп тамаша өнер көрсетіп, қазылар алқасынан ең жоғары баға алды. Көрермендер де ерекше қошемет көрсетті . «Жаса, Қазақстан!» деп уралағанда тө­беміз көкке жеткендей болды, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова көңіл толқынысын жасыра алмай. 
Оның тәрбиеленушілері еуропалық, латынамерикалық, қа­зіргі хореография аталымдары бойынша сынға түсіп, Вена вальсі, испан биін, тангоны нақышына келтіре орындап берген. Ал «Театр өнері» аталымы бойынша алғаш қатысып отырғандарына қара­мастан жүлделі орынға қол жеткізген.
Иә, құлағы нашар еститін сол­түстікқазақстандық ұл-қыздар ым арқылы би қимылын жан-жақты меңгеріп, әуенге лайықты қойылымдарды жоғары деңгейде ұсыну арқылы «Розы Обзора» ха­лықаралық фестивалінен ең жоғары марапат – Гран-примен оралуы ерекше талантты екен­діктерін айғақтаса керек. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы