Білім • 23 Тамыз, 2017

Жаңа оқу жылында сапаға назар аударылады

303 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы педагогика қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесі «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбында өтті. ЭКСПО қалашығында өткен білім беру саласы мамандарының басқосуы педагогтар үшін жаңа оқу жылының басталуына және жаңа педагогикалық идеяларға есеп беретін дәстүрлі кездесу екені белгілі.

Жаңа оқу жылында сапаға назар аударылады

Биылғы Тамыз кеңесінің форматын­дағы өзгешелік туралы айталық. Бұл кеңеске дейін білім беру жүйесінің түрлі салаларындағы өзекті мәселелер Назарбаев Университеті, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті база­сында және өңірлердегі секциялық отырыстарда қаралып, талқыланды, нәтижесінде нақты ұсынымдар әзірленіп, тиісті министрлікке жолданды. Ал ЭКСПО павильонының Энергия холында өткен пленарлық отырыс төрт блок бо­йынша өтті. TEDx форматында өз өңірі мен саласы бойынша белгілі мамандар басқа білім мекемелеріне енгізу мақсатында таратуға лайық идея­лары төңірегінде ой-пікірлерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

Тамыз кеңесін еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ашты. Министр биылғы оқу жылының негізгі ерекшелігі жаңа өзгерістердің орын алмайтынында екенін айтты. Яғни, білім саласында былтыр қабылданған маңызды шешімдерді орындау жалғасып, оның орындалу сапасына назар аударылатын болады. Сондықтан, өткен жылғы өзгерістерді ата-аналар, мұғалімдер және оқушылар қауымына жеткілікті деңгейде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Е.Сағадиевтің айтуынша, биыл 380 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыс­тыр­ғанда 10 500 балаға артық. Осыған орай, ел көлемінде жаңа оқу жылына дейін 50 жаңа мектеп қолданысқа беріліп, 2018 жылға дейін қосымша 20 мектепті іске қосу жос­парланып отыр. Сондай-ақ, 300 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. 
Ал 2019 жылдың қыркүйек айына дейін балабақшаға 0-сыныпты енгізуге даярлық, 0-сыныпқа арналған тәрбиешілер мен мұғалімдердің біліктілігін көтеруді бастау және 12 жылдық оқытудың 0+11 цикліне сәйкес құқықтық нормаларын жасау жұмыстары жүргізіледі.

Мектептердің негізгі міндеті – былтыр басталған жаңартылған білім жүйесіне өтуді жалғастыру. Биыл қосымша 2, 5, 7 сыныптардың жаңа мазмұнға өтуі біртіндеп іске асырылуы тиіс. Министр бұл ретте мұғалімдер мен ата-аналардың алдында ауқымды жұмыс пен жауапкершілік тұрғанын, балалардың жаңа оқу мазмұнын түсінуі өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ағылшын тіліндегі пәндерді енгізу бойынша ауқымды қанатқақты жоба басталады. Республика көлемінде 1,5 мыңнан аса пән мұғалімдері тіл курстарын тәмамдайды. Ең маңыздысы, сапалы білім беруді балалар, ата-аналар мен ұстаздардың өздері қалай қабылдайды? Осылай деген министр еліміздегі барлық мектеп директорлары және мұғалімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Бұл жұмыстар пәндерді ағылшын тілінде оқытуға ауысуды даярлау кезеңі аясында жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл қамқорлық кеңестерін қалыптастыру мен нығайтуды әрі қарай жандандыру қажет. Мектептің келісімімен оларға кең көлемді өкілеттілік береді. Кейде қамқорлық кеңестері демеушілік үшін құрылған деген пікірлер байқалып қалады. Бұл дұрыс емес. Олар келешекте мектептің ішкі жұмыстарын ұйымдастыруда маңызды құрылымға айналады. Мұның барлығы кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүргізілетін болады. Қамқорлық кеңесінің қадағалауымен жоспарлы түрде мектептің академиялық, басқару және қаржылық еркіндігін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл ретте облыс және қала әкімдеріне қамқорлық кеңесін әу бастан дұрыс құру, оның құрамына белгілі қоғам белсенділері мен мәслихат депутаттарын, баспасөз өкілдерін тарту жөнінде айтылды, деді Е.Сағадиев.

Білім және ғылым министрлігі биыл кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы тегін оқыту жобасы бойынша даярлық жұмыстарын аяқтап, жүзеге асыру жұмыстарын бастайды. Бұл 700 мыңға жуық азаматты қамтымақ. Министр сонымен бірге жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілер талабын қанағаттандырарлықтай қайта қарау, сондай-ақ, ғылым саласын қаржыландыру мәселелеріне де тоқталды.

ТЕDx форматындағы талқылауда сөз алған Алматы қаласының Қожықов атындағы №39 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Мейірхан Жұмағалиев жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде меңгерудің өзіндік моделі туралы айтты. 2015 жылы аталған мектепте үш тілде білім берудің қанатқақты жобасы енгізілді. Алғашқыда 5-8 сыныптардың оқушылары ағылшын тілі бойынша тестілеуде төмен нәтиже көрсеткендіктен мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің алдында үлкен ізденіс күтіп тұрған еді. Сол себепті әрі қарай волонтерлік қозғалыс құрылып, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері көмекке келіп, 100-ге жуық оқушы, 15 мұғалім және аталған университеттің 20 студентінен құралған топ бірге жұмыс істей бастайды. Осылайша, мұғалімдер мен оқушылардың ағылшын тілі бойынша біліктілігін жүйелі жұмыстар жүргізу нәтижесінде арттыру мүмкіндігі дәлелденді. Бүгінде бұл мектепте үш тілде сабақ өткізуде еш қиындық жоқ.

Жиында білім беру саласындағы әлеуметтік маңызы бар кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын жетілдіру бойынша EduTech білім беру стартап жобаларының республикалық байқауының жеңімпазы мен жүлдегерлері өз жобаларымен таныстырды. Айта кеткен ләзім, аталған байқаудың жеңімпазы болып STEM center жобасының жетекшісі Әнел Әбдірашева танылды. Сонымен бірге әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы тарату үшін білім беру саласындағы микрофильмдер көрсетіліп, білім беру жүйесі жетістіктеріне арналған көрме назарға ұсынылды. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша бірқатар білім саласы қызметкерлері «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілермен марапатталды. 

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»