Білім • 23 Тамыз, 2017

Тіл білу тұлғалық деңгейге көтереді

1613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бәсекеге қабілеттілік артқан XXI ғасырда қазақ жастарының негізгі міндеті тіл үйрену екені белгілі. Осы орайда Елбасының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы зор. Мақалада Елбасы әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосы­лу­дың маңыздылығын ерекше атап өтті. Президент компьютерлік сауаттылық пен шет тілін меңгеру маңыздылығына «Ұлт­тың бола­ша­ғы оның табиғи байлығымен емес, басқа елдер­мен бәсекелесу қабілетімен анық­та­лады. Сон­дықтан әрбір қазақстандық XXI ғасырда осы қа­сиеттерге ие болуы керек», деп атап көрсетті. 

Тіл білу тұлғалық деңгейге көтереді

Бесігінен ұлттық құндылықтарға қанып өс­кен ұрпақтың өмірдің үлкен жолына түс­кен­де де өз қазығынан адасып кетпесіне сене­мін. Ал жастардың ендігі міндеті − ұлттық құн­дылығымызды сақтай отырып, ел дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті, бірнеше тіл­ді меңгерген азамат болу. Себебі, тіл білу тұлғалық деңгейге көтереді деп санаймын. 

Мақалада Елбасы басты мақсатқа жету үшін Қазақстанға білімді ұрпақ қажеттігін, елімізде «білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт», «өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – та­быстың кілті әрі ашық зерденің басты көр­сет­кіштерінің бірі» екендігін айтты. Сон­дай-ақ, Елбасы рухани жаңғыруды жүзеге асыруға жол ашатын бірнеше жобаны ұсынды. Оның ішінде «Отандық мәдениет Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болу шарт» деп атап өтті. Қазақта «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген сөз бар. Бұл болашағын бағ­дарлай алатын, ұрпақ қамын ойлаған баба­ла­ры­мыздың бізге қалдырған өсиеті. Бұл өси­ет­тің заман талабына сай қайта жаңғыруы, көп тіл білудің кең мүмкіндік беретіндігін көр­сетіп отыр. 

Мәселен, ағылшын тілінің әлемдегі 75 елде ерекше орны бар. Ал 19 мемлекетте ол мем­лекеттік тіл болып саналады. Осылайша, ағыл­шын тілін білу әлемді танудың кілті десек, қателеспейміз. Ағылшын тілін меңгерген адамның алдында орасан зор мүмкіндіктер ашылады. Ол – жаһанданудың кепілі. 

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бас­тап, Жамбыл облысының Тілдерді дамыту орталығының қолдауымен Полиглоттар клубы құрылған болатын. Қазіргі уақытта, клубқа 150-ден астам студент қатысып жүр. Олардың ба­сым бөлігі ағылшын тілін меңгерумен қатар, неміс, қытай, француз және араб тілдерін үй­реніп келеді. Менің өзім де ағылшын ті­лін жақсы білемін. Сондай-ақ, түрік тілін де мең­гердім. Бүгінгідей маңызды кезеңде бе­ріл­­ген мүмкіндікті пайдаланғанымыз жөн деп ой­лаймын. Әрине, қазақтың қасиетті тілі мәң­гі­лікке қастерлі құндылығымыз болып қалады.

Сағи АЛТЫНКОП,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті
Жамбыл облысы