ЭКСПО-2017 • 23 Тамыз, 2017

Аралдар жұртшылығының ақ тілегі

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық көрме шеңберінде Маршалл аралдары Республикасының ұлттық күні аталып өтті. Мерекелік шараға қатысқан осы елдің Ресурстар және даму министрлігі халықаралық энергетикалық жоспарлар директоры Ангелин Хайне Қазақстан басшылығына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, Астана қаласының көз тоймас көркіне тәнті болғанын жеткізді.

Аралдар жұртшылығының ақ тілегі

«Бұл айрықша қала мен оның адамдарын көру мен үшін расында да зор құрмет. Мен, Маршалл аралдарынан келген кішігірім делегациямен бірге осында, сіздердің араларыңызда болғанымды және керемет мемлекетті, мәдениет пен қайырымды қонақжайлылықты көргенімді мақтан тұтамын», – деген Ангелин Хайне Маршалл аралдары мен Қазақстан халықтары арасында ұқсастық бар екенін жеткізді. 

Сондай-ақ, Ангелин Хайне ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы Маршалл аралдары үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Маршалл аралдарының баламалы энергия түрлерін өндіру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен бөлісіп, 2020 жылға қарай елдегі жаңартылатын энергия көздерін 20%-ға жеткізу жоспарланып отырғанын мағлұмдады. 

«2009 жылы біздің алғашқы энергетика саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарымыз қолға алынды. Содан бері айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Таза, сенімді, экологиялық тұрақты энергетикаға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін үкімет үй шаруашылығына арналған 3 мыңнан астам күн жүйелерін таратып орнатты. Сондай-ақ, үкімет 2020 жылға қарай елдегі жаңартылатын энергия көздерін 20%-ға жеткізуді көздейді», – деді Маршалл аралдарының халықаралық энергетикалық жоспарлар директоры Ангелин Хайне. 

Маршалл аралдары Республикасының ұлттық күнін мерекелеуге арналған салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Арман Рамазанов қатысты.

Ол ЭКСПО-2017 көрмесі елдің үшінші өнеркәсіптік революцияға өтуіне ықпал ететінін алға тартты.

Маршалл аралдарының экспозициясы «Тынық мұхиты плазасында» ұсынылған. Бұл – Микронезия құрамындағы климаттық өзгерістерге тәуелді Тынық мұхитында орналасқан мемлекет. Әрі, Климат жөніндегі келісімге қол қойған алғашқы аралда орналасқан елдердің бірі.