Әлем • 23 Тамыз, 2017

Уақытында жасалған шешім

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Уақытында жасалған шешім

Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі (ҚК) бірауыздан Корей Халық Демокра­тия­лық республикасына жаңа эконо­ми­калық санкциялар қолдану туралы қа­рар қабылдағанын жазған болатынбыз. ҚК-ның Тұрақ­ты емес мүшесі бо­­лып табылатын Қазақ­стан өкілі де бұл санкцияны қолдап дауыс берген. Бі­рақ жа­ңа санкциялар да КХДР бас­шы­лы­ғының арынын баса алмады. Ол құ­рлықаралық баллистикалық зымыран­дар­ды сынақтан өткізуді жалғастыра бе­ретінін мәлімдеген болатын. 

Бұл зымырандардың АҚШ ау­мағына дейін жететіні де айтыл­ған. Егер осы зымырандарға ядро­­лық оқтұмсықтар қон­ды­рылса, ол ға­ламдық соғыстың отын тұтатуы мүм­кін. Бұл бар­лық адам­зат­ты, соның ішін­де қазақс­тан­дықтарды да алаң­да­та­тыны сөзсіз. 

Кикілжіңге отқа май құйғандай әсер еткен АҚШ пен Оңтүстік Кореяның кешеден бері басталған бірлескен әскери ойындары. Бұл ойындар он бір күнге созылып, оған АҚШ-тың 17 мыңнан, Оңтүстік Кореяның 50 мыңнан артық солдаттары мен офицерлері қатыстырылады. Сонымен бірге, бұл ойынға Аустралия, Канада, Колумбия, Дания, Жаңа Зеландия, Нидерланд және Ұлыбритания елдерінің әскерлері де тартылған. Сөйтіп, бүгінгі таңда бар әлемнің назары осы проблемаға ауып тұр. Әлемдік ақпарат құралдары әскери ойындардың басталып кеткенін жарыса жазып жатыр. КХДР тарабы сабасына түскендей болып, әзірше бұл арада салқынқандылық көрсетуде. Ким Чен Ын ядролық сынақтар тоқтатыла тұратынын айтты. Трамп оны дұрыс шешім деп жариялады. 

Бірақ ол шешімнің қаншалықты ұзаққа барары белгісіз. Ядролық қаруға қол жеткізген бұл елдің алдағы уақытта қандай байламға барары болжалсыз екенін барлық әлем біледі. 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»