Қазақстан • 23 Тамыз, 2017

Керемет мекен – кенді өлке

656 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесі аясында алма-кезек ұйымдасты­рылып отырған өңірлер мәдени күндерінің кезегі павлодарлықтарға да келіп жетті. Өткен 18 тамыз күні Орталық коммуникация-лар қызметінің баспасөз залында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аталмыш шараға байланыс-ты журналистердің басын қосып, атқарылуы тиіс мәдени-бұқаралық іс-шараның жоспарымен таныстырды.

Керемет мекен – кенді өлке

­­­­­­­

Павлодар облысы – еліміз­дің солтүстік-шығысында орна­лас­қан қойнауы кенге толы, ше­жі­ре­сі шырайлы, топырағы құ­нарлы мекен. Бұл өлкеден ұл­тымыздың небір марқасқа ұл-қыз­дары шыққан. Жалпақ жұрты Ер­тістің кемерін жалдай қонып, Баян тауының сұлу сипатын бо­йы­­на сіңірген. 
Соңғы жылдары облыс эконо­ми­­касының өсу серпіні ілгерілеп келеді. Тек биылғы жылдың ал­ғаш­қы тоқсанында өңірлік өнім­нің көлемі 491,5 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайыздық көрсеткішке ие. Ал, ІЖӨ мөлшері жан басына шақ­қанда 649,7 мың теңге болса, қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылмен са­лыс­тырғанда 106,2 пайызға көте­рілген. 

Өнеркәсіп өнімдерінің көрсет­кіші жылдың алғашқы алты айында 988,2 млрд теңгені құраса, кен өндіру өнеркәсібі 183,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде – көмір өндіру көлемі 37,0 млн тоннаға жетіп, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 636,4 млрд теңгені құрапты. 

Сол сияқты электрмен жаб­дық­­тау, газ, бу беру және ауаны баптау саласы бойынша өндіріс кө­лемі 161,4 млрд теңгеге иек артса, облысқа тиесілі электр стансалары сағатына 23,0 млрд кВт энергия өндіріп, жылу энергиясын өндіру ісі 8174,2 мың гкалдық нәтижеге жеткен. 

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарла­ма­сы­ның екінші бес жылдығы шеңбе­рінде облыс көлемінде индус-трияландыру және кәсіпкерлікті қолдау карталары бойынша 1,1 трлн теңге инвестиция тартылып, 35 жоба іске асырылып жа­тыр. Нәтижесінде жаңадан 8377 жұмыс орны ашылады деп күті­луде. Бағдарламаны ішінара тал­дап, тарқатар болсақ инвес­тиция көлемі: үшінші жоба шеңберінде 637,5 млрд теңге, 32-ші жоба «Павлодар облысының кәсіпкерлігін қолдау» картасы бойынша 470,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылы 11 жоба іске қосылыпты. Алдағы 2017-2024 жылдары 655,4 млрд теңге мөл­шерінде инвестиция тартылып, 24 жобаны іске қосу жоспарлануда. 

Ел экономикасының тағы бір тетігі құрылыс саласы да даму үс­тінде. Биылдың алғашқы алты айында жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 77,0 млрд теңгені құрап, облыс бойынша барлығы 108,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 

Сол сияқты өңір экономикасы­на инвестиция тарту ісі де ойда­ғыдай. 2017 жылдың қаң­тар-шіл­де айлары аралығында облыс эко­номикасына 178,6 млрд теңге инвестиция тартылып, сыртқы сауда айналымының кө­ле­мі өткен қаңтар-мамыр айларында 1115,2 млн АҚШ долларын құрап отыр. Соның ішінде экс­порт – 684,5 млн АҚШ долларына, импорт – 430,7 млн АҚШ долларына жетіпті. Сауда ба­­лансы­ның сальдосы 253,7 млн АҚШ доллары шамасында.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту өткен жылдың дәл осы ке­зеңі­мен салыстырғанда 6,2 пайыз­ға өсіп, 41,5 мың бірлік­ке жеткен. Тек осы жылы «Биз­нес­тің жол картасы – 2020» биз­нес­ті қолдау мен дамытудың бірың­­ғай бағдарламасын іске асыруға 4,1 млрд теңге бөлін­ген. «Моноқалалар мен ауыл кәсіпкерлерінің жаңа бизнес бас­та­маларын қолдау» бағдарла­масы шеңберінде 705 жоба мақұлданып, оған 21,6 млрд теңге қарастырылған. Екініші ба­ғыт – «Экономиканың басым секторлары мен өңдеуші өнер­кәсіп салалары қызметін жүзе­ге асыратын кәсіпкерлерді қолдау» шеңберінде 883 жоба мақұлданып, оған 99,1 млрд теңге көлемінде қаржы ойластырылуда екен. 

Көлік және байланыс қыз­меті­не келер болсақ: 2017 жыл­дың қаңтар-шілде айларында көлік­пен жүк тасымалдау көлемі (теміржолды есепке алмағанда) 72,4 млн тоннаға жетіп, жолаушылар тасымалының айналымы 6,2 пайызға артқан. Облыс автожолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға жергілікті бюджеттерден 9797,9 млн теңге бөлінген. Ал байланыс қызметінен түскен кіріс 7,6 млрд теңгеге жетсе, бөл­шек сауда айналымы 177,5 млрд теңгенің төңірегіне тұрақтаған. 

Ағымдағы жылдың 1 тамы­зын­­дағы жағдай бойынша мемле­кет­тік бюджетке 125,3 млрд теңге салықтар мен басқа да мін­­­дет­­ті төлемдер түскен екен. Бұл көр­сеткіш өткен жылдағы осы ке­зең жоспарына қарағанда 105,9 пайыздық басымдыққа ие. Жоғарыдағы салықтар мен міндетті төлемдердің 63,3 млрд теңгесі республикалық бюджетке, 60,0 млрд теңгесі жергілікті бюджетке аударылып отыр.

 * * *

Облыс күндерінің аясында қолға алынған ауқымды шара­ның бірі – елордалықтар үшін арзан­датылған бағаға ауылшаруа­шылық өнімдерін саудалау ісі. Бұл үрдіс бұған дейін де көптеген облыстар тарапынан жалғасын тапқан болатын. 

Кереку өңірінің басқа өлке­лер­ден артықшылығы, мұнда ауыр өндіріс орындарымен қатар, ауылшаруашылық саласы да жақ­­сы дамыған. Жыл басынан бергі алты айда облыстың ауыл­шаруашылық жалпы өнім көлемі 59,7 млрд теңгеге жеткен. 

Облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаев мырза: «Дәл қазір 0,43 мың гектар аумақтың картобын жинап, 1101,3 мың гектар шабындықтың шөбін шауып, одан 596,3 мың тонна пішен, 36,6 мың тонна пішендеме дайындап үлгердік. Өйткені, бізде 61,1 мың бас жылқы, 453,8 мың бас ірі қара, 582 мың бас қой, 81 мың бас ешкі түлігі бар», дейді. 

Елордадағы ауыл шаруашылы­ғы жәрмеңкесіне республикаға та­ны­мал өнім өндірушілер – «Ру­биком» ЖШС, «Жана Роса» АҚ, «КЭММИ» ЖШС, «Ақжар - Өндіріс» ЖШС, «РЭГТайм» ШҚ, «Крендель» ЖШС, «Зерно­град» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Шарбақты Құс» ЖШС, «Побе­да» ЖШС, «Ақтоғай Агро» ЖШС, «Байет и К» ЖШС сияқты кәсіп­орындар өздері өндірген тауарларын алып келіпті. 

Мұнда жалпы сомасы 150 млн теңгеден астам 435 тонна кө­­ле­­­мінде өнімдер жеткізілген. Оның ішінде 45 тонна ет және ет өнім­­дері, 200 тонна картоп, 90 тонна көкөніс, 100 тонна басқа да ауыл­шаруашылық өнімдері әкелінген. 

Сатылымдағы тауар құны Ас­­та­на нарығындағы орташа баға­лар­дан да төмен. Мысалы, сиыр етінің килосы – 1250 теңге, жыл­қы еті – 1500 теңге, қой еті – 1150 теңге, құс еті – 600 теңге бол­са, сары майдың килосы – 950 тең­ге, жұмыртқаның 10 данасы – 170 теңге, макарон өнімдерінің 1 килосы 140 теңге, өсімдік майы­ның 1 литрі 380 теңге, ал кар­топтың килосы – 80 теңгеден, сә­біз, қызылша – 100 теңгеден, орам­жапырақ 50 теңгеден сатылды.
 
* * *

Кереку өңірі қашаннан сал-серілер мен ақын-жыршылар елі. Атақ­ты әнші-сазгер Естай Бер­кім­байұлы, Жаяу Мұса, Майра Уәлиқызы, ақын-жыршы Иса Байзақов, Сұлтанмахмұт Тор­айғыров деп кете береді. Осы дүл­дүлдердің ізін жалғап өлкенің өнері де өркендеп келе жатыр. Қазіргі таңда облыс көлемінде 547 мәдениет мекемесі, соның ішінде: 279 кітапхана, 237 клуб, 17 жылжымалы мәдени кешен, 10 мұражай, 2 театр және облыстық филармония жұмыс істеп тұр. 

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында ұлт­тық салт-дәстүрлерімізді, тілі­мізді жаңғырту жұмыстары іс­ке асырылуда. Жыл сайын тіл­дік мәдени-туристік кластер ретінде ұйымдастырылып келе жатқан «Тіл керуені» биыл да өз жалғасын табуда», дейді об­лыс­тық мәдениет, архив және құжат­тама басқармасының басшысы Гүл­зира Бәшірова ханым.
Мәдени шара барысында ке­ре­ку­лік ағайындар «Этноауыл» ұлт­тық-мәдени кешенінде «Ер­тіс – қимақтар өзені» атты көр­ме ұйымдастырды. Мұндағы жәдігерлердің дені Қимақ қаға­на­ты жайлы сыр шертетін дүние­лер екен. Қимақ қағанаты – Шы­ғыс және Орталық Қазақстан жерін­де ІХ ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында өмір сүрген мемлекет. Ұлыстың орта­лығы Ертістің орта алабында болған­дықтан, павлодарлықтар сол ұлыстың мұрагері дейтін құр­метті мәртебеге ие.

Көрмеге Потанин атындағы Пав­лодар облыстық тарихи-өлке­тану музейі облыс аумағында жүр­гі­зілген археологиялық қазба жұ­мыстары кезінде табылған арти­фактілерді әкеліпті. Олар­дың арасында 2001 жылы Пав­лодар облысы Май ауданы «Қы­зыл еңбек» ауылы маңында жүр­гі­зілген қазба кезінде табыл­ған қимақ жауынгерінің темір сауы­тының қалдықтары, 1959 жылы Ақтоғай ауданы «25 октябрь» ауылы маңына жүргі­зілген қазба жұмыстарында табылған қимақ ханзадасының ақ күмістен қаңылтырлап жасалған мұрағын (бас киімін) көрдік. Мұрақтан басқа күміс айнаның сыртқы қорғаныс-қабы және көр-кешенде бірге көмілген жыл­қылардың күміс әбзелдері де сөреден орын алыпты. 

Төрт-бес жылдың алдында Екі­бастұз ауданы жерінен та­былған қимақ дәуіріне тән бас сүйекке Мәскеуде ан­тропо­логиялық зерттеулер жүр­гізіліп, оны қалпына келтір­ген еді. Осы «Қимақ жауынгерінің» мүсін-бейнесі және 1980 жылдардың басында Железинка ауданынан табылған қола қазан, VII-VIII ғасырға тән скиф-сармат дәуірінің сүйектен жасалған мұ­ра­сы − үзеңгі мен тарақты көзіміз шалды. 

Сонымен қатар, Павлодар қаласында орналасқан Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі де өлкеге танымал тарихи тұлғаларға қатысты экспонаттардан көрме әкеліпті. Мұнда діндар-шайыр Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі қолданған бойтұмары мен Мәшекеңнің әкесінен қалған көк Құранның мұқабасы, Естайдың «Юран-ай» әнін зерттеуші Борис Ерзакович қағаз бетіне түсірген нұсқасы, Майра Уәлиқызының ертеректе нотаға түскен әні, Алаш ардагері Жүсіпбек Аймауытовтың қалта сағаты мен қолданған сызғышы арыстың бүгінге жеткен көзін­дей ыстық тартса, ақын Иса Бай­зақовтың «Алтай ертегілері» атты туындысының қолжазбасы мен ақынның өзі пайдаланған күміс шәйнек, Қазақстанның халық жазу­­шысы Дихан Әбіловтің әске­ри планшеті мен марапаттық ор­ден-медальдарының лентасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қалижан Бекхожин қол­данған мәрмәр ыдыстарды көріп, көзайым болдық. 

Мереке аясында өткен келе­сі шара – көркем туындылар мен қолөнершілер көрмесі. Со­лардың бірі – «Хан Шатыр» сау­да орталығының қасындағы Көшпенділер қалашығында өт­кен «Дәуірлермен ұштасқан ту­ған жер» атты фотосуреттер көрмесі. Барлығы 35 туын­ды қойылған. Бұлар әкелі-балалы фотосуретшілер  – Алек­сандр және Дмитрий Пархо­мен­колардың жұмыстары. Су­рет­­терде тек қазақ ұлтына тән на­қыштар бар. Атап айтқанда, 1980 жылдары Баянауылда өткен республикалық ауылша­руашылық жәрмеңкесі кезін­де түсірілген: «Бәйге», «Қазақ­ша күрес», «Алтыбақан» және соң­ғы жылдар туындысы «То­қымашы», «Кестеші», «Ана­лар», «Бүркітші», «Шашу», т.б. тақырыптық суреттер қойы­лып­ты. 

Бұдан басқа елорданың сол жағалауындағы «Nas Sanat» өнер галереясында «Халық рухының жер­ұйығы» атты облыстық көр­кемсурет музей қорынан әке­лін­ген суреттер көрсетілімі өт­­ті. Бұл жұмыстардың дені 1960-­80 жылдары салынған көр­кем туындылар. Тақырыптық маз­мұ­ны да әртүрлі. Картина ав­торлары – Александр Бабина, Кәкен Темірғалиев, Михаил Калмагоров, Өсербай Шуранов, Әнуар Игембаев, Тұрар Төлеев, Зура Асылғазина, т.б. Барлығы 60 туынды көрме төріне ілінсе, осылардың 10-ы мүсін, 20-ы гра­фика. 

Ал, «Этноауыл» қалашығында ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесін екібастұздық есімі елге әйгілі шебер Зылиха Төлегенова апамыз бастап келген екен. Жасы сексеннің сеңгіріне иек артқан қарт ананың қолынан шыққан оюлы жабдықтар мен сырмалы көрпе-кілемшелер көненің көзіндей ыстық. Апамыздың жолын жалғастырып кестелеу өнерін өрге сүйреуші қыз-келіншектер Ләззат Әніш пен Гүлнәр Сартымбекова жұқа киіз, жұмсақ мақпал, түкті пүліш, ши барқытқа жібек жіппен кес-телей ою-өрнек салып, өзіндік қолтаңбаларымен ерекшеленсе, абстрактілі картина салумен танылған жас дарын, 2016 жылы Әбу-Дабиде өткен халықаралық фестивальдің қатысушысы Алтын Атееваның «Өнермен емдеу», «Жібек жолы», «Ғасырлар сыры» және т.б. жұмыстары жаңа дәуір сұранысына тән көркем дүние екені анық. 

Ағаштан ою ойып, түйін түйе­тін алтын қолды азамат­тар­дың ай­лап-апталап жасаған сәнді бұ­йымдары – самырсын астау, ағаш кесе мен бү­тін қарағайды үң­ги шауып, сән­ді өрнекпен бә­діздеген саз аспаптарының (домбыра, қобыз, т.б.) қабы шын шебердің шынайы еңбегі іс­петтес.
«Ағаштан аспап һәм басқа да бұйымдар жасау ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнеріміз», дейді қарт шебер, байырғы теміржолшы Қуандық Баязит мырза. Бүгінде бұл іспен баласы Ернар екеуі айналысып жүр. Жеке шеберханалары да бар. Сол сияқты ағаштан кәдесый жасаумен танымал Қайыр Рахымжанов пен Болат Нұрышевтың еңбегі − дүмді ба­сын күмістеген қолтоқпақ, был­ғары торсық, алақандай ағаш сан­дықшалар расында сәнді.

Өте қымбат тұратын табиғи һәм өңделген асыл бұйымдар – ін­жу, гематит, амманит, көк мон­шақ, ақық тас, родониттерді был­ғары бұйымға шекіте жапсырып сәндік кәдесый жасаушы Виктория Сұлтанова мен Ольга Ло­винаның ептілігіне ерік­сіз бас шай­қадық. Көрменің ажа­рын ашып тұрған тағы бір дү­ние – байыр­ғы көшпенділердің қа­ру-жарақ түрлерін жасайтын ұс­та­лардың бұйымы. Сайд Сағын­дықов өз қолымен – қозы­жауы­рын, көбебұзар, үш қырлы, доғал жебе, айыр жебе, т.б. түр­лерін жа­сап әкелсе, Мақсұтбек Көп­жа­саровтың қолынан шыққан жыл­қы жабдықтары да жаман емес. 
Сонымен қатар, Ж. Айма­уы­тов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Қ. Жүнісовтің «Ғашықтар хикая­сы» атты лирикалық комедия­сын қойса, Чехов атындағы облыстық орыс драма театры Б.Сологубтың повесі бойынша «Беда от нежного сердца» спектаклін сахналады.

* * *

Мәдени күндер барысында «Қа­занат» ипподромында ау­дарыспақ, теңге алу, көкпар, тоғыз­құмалақ, жамбы ату, тас көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша қызықты шаралар өтіп, көпшілік бүркіт және аңшы тазыларды тамаша­лады. Бұл жолғы тойдың бас­ты ерекшелігі – қазақша күрес 23 жасқа дейінгі балуандар ара­сында өтіп, бас жүлдеге ие бол­ған маңғыстаулық бал­уан Нұрдәулет Жарылғапов бәс­ке қойылған жеңіл көлікті тақымдады. Сонымен қатар, Сапаркелді Әбдірашев бастаған марафоншылар Павлодар – Астана арасындағы 450 шақы­рым­ды жаяу жүгіріп өтіп, 20 тамыз күні түскі сағат 12.00-де «Этноауылға» жетті.

Бекен Қайратұлы, 
Суреттерді түсірген Ерлан Омар, 

«Егемен Қазақстан»