Қазақстан • 23 Тамыз, 2017

Өмірге құштар өрнектер

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талантты адамның дүниені қабылдауы басқаша болатынына талас жоқ. Оның ішкі әлемі – буырқанып, тасып-төгіліп жатқан сезімдердің ордасы. Оның ұғымындағы көркемдік, еркіндік, ұлылық – қозғалыстағы, қайнап жатқан өмір, дауылдатып, жауындатқан жанды табиғат, асығулы адамдар. Қылқалам шеберінің жиырма шақты картинасын көріп шығып, шығармашылығының тінін, алтын арқауын іздегенімде байқағаным осы.

Өмірге құштар өрнектер

Тып-тыныш, жайбарақат, са­бырлы, байыпты, сұп-суық деген ұғымдар Еріктің шығар­ма­шылығына мүлдем жат. Жиырманың жетісіне шыққан албырт жастың отты сезімдері мен өмірге құштарлығынан, ішкі әлемі мен сыртқы тіршілікті үйлестіру барысындағы тал­пы­­нысынан осын­дай жанды дү­ниелер туатын сияқты. Суретшімен елордада өткен Дү­­ниежүзі қазақтарының V құрыл­тайында танысқан едік. Өз­бекстандық жас суретші Ерік Құлманов бүгінде Ташкент облысына қарайтын Бостандық ауда­нында тұрады. Қазағы көп сол ауданның тумасы. Орта мектепте бейнелеу өнері, сызу пәндерінен сабақ береді. Ташкентте, сондай-ақ, ауданда да шеберханасы бар. Бос уақытын көбінде сол жерлерде өткізеді екен. Өзбекстан көркемсурет академиясының мүшесі, Өзбекстан Ұлттық көр­кемсурет және дизайн инс­титу­тының түлегі, бірнеше бәй­ге­лерде суырылып шығып, өзі­не бұйырған сый­лықтарды алып жүрген Ерік­тің елімізге бұл бірінші рет келуі емес. Өз­бекстандағы қа­зақ мәдени орталығының қол­дауымен Қазақ­­­станға бірнеше рет келген.

«Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы ұйымдастыратын өнер фестивальдарына қа­ты­сып жүр­мін. Бірінде екін­ші, бірінде үшін­ші орын алдым. Өзбекстанда ұйым­дасты­рылатын бәйгелерден де сырт қалған емеспін. Көрме­лерге қаты­самын. Бала күнімнен таң­дағаным осы жол болған соң, бейнелеу өнерінің шыңына шық­­қым келеді», дейді жас суретші. 

Ол орта мектепте оқып жүр­генде-ақ сурет салумен айналыса бастаған. Бүгінде бұл салада жұмыс істемесе де әкесі Несіп Құлманов та мамандығы бойын­ша суретші. Әкенің дарыны қан арқылы балаға берілуінде де, ол жал­ғастырмаған жолды әрі қа­рай ұлдың жалғап әкетуінде де бір тылсым бар шығар? Бұл күнде ынтасы мен талабы бар ба­лаларға сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүрген ол сурет өнерінің бірнеше жанрында еңбектенуде. Ван Гог, Клод Моне, Гоген сынды дүние жүзіне танымал суретші болуды армандайды. Пос­тимпрессионизм бағытында ізденіп жүрген Ерік Құлманов жеке көрмесін өткізуге дайындық үстінде екенін айтты. Осы күнге дейін салған картинасы 1000-нан асып кеткенімен, көрмелерде, шеберханаларда қолдан-қолға өтіп, көбі сатылып кеткен. Еріктің айтуынша, Ташкентте картиналарға қызығушылық та, сұраныс та баршылық. Бұл оған шабыт бе­реді. Алыстан қол бұлғаған аяулы армандарына талпындырады. Тек енді жеке көрмесінің уақыты ұзап кетпесе болды.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»