Жазғы спорт • 25 Тамыз, 2017

«Вуэльтаның» бесінші кезеңінде топ жарды

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Испания Вуэльтасы» көп­күндігінің бесінші кезеңінде «Astana Pro Team» командасының велошабандозы Алексей Лу­ценко топ жарды.

«Вуэльтаның» бесінші кезеңінде топ жарды

Жерлесіміз 175,7 шақырымға созылған жарыс жолын 4 сағат 24 минут және 58 секундта бағындырды. Екінші болып мәре сызығын «Dimension Data» командасының өкілі Эритреи Мерхави қиып өтті. Ол Луценкодан 42 секундқа қалып қойды. Ал қола жүлдені испан­дық велошабандоз Марк Солер («Movistar», +0.56) жеңіп алды.

Әлем чемпионы Алексей Луценко қазір 24 жаста. Бұл жеңіс – велошабандоздың гранд-тур кезеңіндегі қол жеткізген ең алғашқы толайым табысы.

Жалпы есепте, Алексей Луценко әзірге +18:43 уақытпен 78-орында келеді. Ал көпкүндікте Ұлыбритания велошабандозы,  «Sky» командасының мүшесі Крис Фрум көш бастап тұр. Оның нәтижесі – 18:07:10. «Астана» командасының көшбасшысы Фабио Ару болса,  +0:49 уақытпен жетінші орынға табан тіреген.

Жалпы, «Испания Вуэльтасы» көпкүндігі  үш аптаға созылатын Тур де Франс және Джиро д’Италия сынды әйгілі вело­бәйгелерімен деңгейлес жарыс.

Еске салсақ, 2006 жылы біздің атақты жерлесіміз, Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров бұл турнирде жеңімпаз  болған.

Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»