Бокс • 25 Тамыз, 2017

Бүгін Германияда әуесқой бокстан XIX әлем чемпионаты бас­талады

605 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Германияның Гамбург қаласында әуесқой бокстан XIX әлем чемпионаты бас­талады. Алмания елі мұндай ірі жарысты өз тарихында үшінші рет өткізгелі отыр. Бұған дейін дүниежүзілік бокс додасы Мюнхен (1982 жылы) және Берлин (1995 жылы) қалаларында ұйымдастырылған. Биылғы жарыста әлемнің 85 елінен 280 былғары қолғап шебері сынға түседі. Әлем біріншілігіне Куба, Өзбекстан және Қазақ­стан елдерінің боксшылары толық құрамда қатысады. Ресей құрамасынан тоғыз, Украинадан сегіз боксшы өнер көрсетеді.

Бүгін Германияда әуесқой бокстан XIX әлем чемпионаты бас­талады

Біз бұл елдердің боксшыл­арын тегіннен-тегін түгендеп отырған жоқпыз. Өйткені, әлем чемпионатындағы Қазақ­стан құрамасының негізгі қарсы­ластары осы аталған елдердің спортшылары болмақ. Шетелдік бокс сарапшыларының пі­кірінше, негізгі айқас Қа­зақстан, Куба, Франция, Ресей, Украина, Өз­бекстан және Әзербайжан бокс­шыларының арасында өтпек.

Бокстан ұлттық құрама­мыз­дың бас бапкері де жоғарыда аты аталған елдердің былғары қолғап шеберлері біздің бокс­шыларға лайықты қарсылық көрсететінін айтады. Сондай-ақ, бапкерлеріміз биылғы додадан төрт-бес медальмен оралуды жоспарлап отыр. «Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатының тарихында ешқашан жүлдесіз оралған емес. Биыл да осы биігімізден төмендемесек екен дейміз. Шәкірттерім жекпе-жекке және кез келген қарсыласты жеңуге толық дайын. Меніңше, боксшыларымыз кем дегенде төрт-бес медаль иеленеді. Оның ішінде міндетті түрде алтын болады», – дейді бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов.

Алтын медаль демекші, әлем біріншілігіне 1993 жылдан бері қатысып келе жатқан Қазақстан құрамасы осы аралықта 10 алтын медаль иеленіпті. Тарқатып айтар болсақ, Болат Жұмәділов 1999 жылы топ жарса, 2003 жылы Галиб Джафаров (57 кг) пен 75 килодағы Геннадий Головкин қарсылас шақ келтірмеген. Араға екі жыл салып отандастарымыз тағы да екі алтын жүлде иеленді. Бұл жолы Серік Сәпиев (64 кг) пен (81 кг) Ердос Жаңабергенов үздік деп танылды. 2007 жылғы додада Серік Сәпиев (64 кг) екінші рет әлем чемпионы атанды. Ал 2013 жылы Алматыда өткен әлем біріншілігінде отандастарымыз алтын медаль жағынан рекорд орнатып, төрт бірдей оғланымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Олар – Біржан Жақып (49 кг), Мерей Ақшалов (64 кг), Данияр Елеусінов (69 кг) және Жәнібек Әлімханұлы (75 кг). Әлемдік сынға 12 рет қатысқан ұлттық құрамамыз жалпы саны 34 медаль иеленіпті. Оның 10-ы алтын, дәл сондай күміс және 14 қола жүлде. 2015 жылы Дохада өткен сайыста қазақстандық былғары қолғап шеберлері екі күміспен шектелген болатын.

Сонымен, Гамбургте 25 тамыз бен 3 қыркүйек арасында өтетін әлем чемпионатына Қазақстан командасы мына құрамда өнер көрсетеді: Ержан Жомарт (49 кг), Азамат Исақұлов (52 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг), Әділет Құрметов (60 кг), Бекдәулет Ибрагимов (64 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Ерік Әлжанов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг).

Екі жыл сайын әлемнің үздіктерін анықтайтын байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын намысты жігіттерімізге сәттілік тілейміз.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»