Қазақстан • 25 Тамыз, 2017

«Болашақ» – қазақ жастарына қанат бітіретін бағдарлама

27205 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері аталған стипендия бойынша 10 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінгі таңда «Болашақ» қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіншілік. Оған қоса, дәл «Болашақ» секілді бағдарламаның баламасы әлемде некен-саяқ. Таяуда Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешовпен әңгімелесіп, «Болашақтың» жай-күйі туралы сұраудың сәті түсіп еді.

«Болашақ» – қазақ жастарына  қанат бітіретін бағдарлама

– Жанболат Жарыл­қа­сынұлы, Халықаралық бағдар­ламалар орталығының жұмы­сына кіріскеніңізге бір жылдай болды. Осы аралықта не өзгерді? Орталықтың негізгі функциялары да қайта қаралған екен. Жалпы, орталықтың білім саласына қосар үлесі қандай?

– XXІ ғасырда елімізді озық елдер қатарынан көру үшін адами капиталды дамыту керек. Кез келген саланың мамандары сауат­ты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ол ел дамуының негізгі көзі болады. Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабілетімен айқындалады», деген болатын. Ал адами капиталдың сапасын арттырудың бірден-бір жолы – білім саласы озық елдерде оқып, тәжірибесімен танысу, талдау жасап, тағылымын алу. Бұл тұста Халықаралық бағдарламалар ор­талығы да өз үлесін қосуға дайын. Негізі, орталық бұған дейін «Болашақ» стипендиясының жұмы­сын жүргізумен айналысқан бола­тын. Былтырғы күзден бас­тап орталық функциясына біраз өзгерістер енгізілді.

Солардың бірі – үкіметаралық келісімшарт негізінде шетелде білім алуға студенттер жіберу. Қыс­қаша айтқанда, басқа мемлекет­тер мен Қазақстан арасында студент алмасу, біздің өрендерге ар­налған шетелдік гранттар. Бұл Ха­лықаралық бағдарламалар орта­лығы үшін жаңа бағыт болғанмен, Білім және ғылым министрлігі мұндай шәкірт алмасуды бұрыннан ұйымдастырып келеді. Былтыр осындай грант арқылы 400 студент оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткішті мыңға жеткізуді көздеп отырмыз.

– Аталған гранттар мен шетелдік жоғары оқу орындары бөлген стипендиялар туралы айта кетсеңіз?

– Үкіметаралық гранттар бакалавриат, магистратура және PhD дәрежелерін қамтиды. Бұл жоба республикалық бюджетке еш салмақ салмайды. Қазір шәкіртақы ұсынатын елдер мен гранттар санын көбейтуді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда ең көп грант бөліп отырған ел – Венгрия. Былтыр мажарлар 45 грант берген, биыл оның санын 200-ге көбейтті. Сондай-ақ, осы мәселеге байланысты Че­хия­мен, Қытаймен келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Аталған елдерде үкі­метаралық грант арқылы білім алатын студенттер санын 200-ге жеткізу жоспарда бар.

Бұдан бөлек, шетелдік жоғары оқу орындарының стипендиясына қазақстандықтарды қатыстыру мүмкіндігін қарастырып жатыр­мыз. Мәселен, биыл Берлин техни­калық университетімен меморан­думға қол қойып, біздің студент­терді сонда оқытуға келістік. Биыл­ғы жылдың маусым айында өткізген білім көрмесіне 100-ден аса шетелдік университеттер келген, солардың 30-дан астамы қазақстандық жастарға грант беруге ниет танытып отыр. Жалпы, келесі жылы үкіметаралық гранттар арқылы бөлінетін стипендиялар санын 2000-ға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз.

Былтырдан бері елшіліктермен және шетелдік білім агент­тік­терімен тығыз жұмыс істей бас­тадық. Атап айтар болсақ, Қа­зақстанға көбірек грант бөлу үшін CampusFrance, British Council, DAAD сияқты шетелдік білім беру агенттіктерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Германиялық DAAD білім агенттігі Орталық Азия елдеріне 130-дан астам бі­лім грант бөлсе, франциялық Cifre агенттігі PhD докторантура дәрежесі бойынша білім беруге 1400 грант бөлген екен. ІТ мен инженерлік саладағы мамандарды Францияның, Германияның үз­дік университеттерінде оқытсақ, ұта­рымыз мол болмақ. Келесі жылы шетелдік білім агенттіктері мен ел­шіліктер ұсынатын гранттар санын 5000-ға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз.

– Грант бөлуге келіскен уни­вер­­си­тет­тердің қандай талаптары бар?

– Олардың басты талабы – тіл білу. Мәселен, Франция мен Гер­ма­нияда оқу үшін ағылшынша біл­ген жақсы, бірақ неміс және француз тілдерін меңгерсе тіпті керемет. Ал Қытай университеттері ең әуелі қытай тілін білуді талап етеді. Сондай-ақ, үміткер пәндерді жақсы біліп, таңдаған мамандығы мен бірінші мамандығы сәйкес келуі тиіс.

– Ал Қазақстан шетелден келгендерге қандай ұсыныстар жасайды?

– Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығына жүктелген маңызды тапсырмалардың бірі – Қазақ­стан­да Орталық Азиядағы білім ха­бын құру. Білім хабы дегеніміз, бел­гілі бір аймақтағы халықаралық дең­гейдегі білім ошақтары, шетелдік ұс­таз­дармен тәжірибе алмасу арқы­лы академиялық ортаның кәсіби дамуы, білім саласындағы бизнес пен ғылыми орталықтардың өркендеуі, инновациялық жобалардың іске асырылуы.

Білім хабын құру нәтижесінде еліміздегі жоғары білім саласын да­мы­тып, басқа мемлекеттердің бі­лім институттарымен тәжірибе ал­масу және шетелдік студенттерді тарту арқылы университеттердің қаржылық жағдайын жақсарту жоспарланған. Мысалы, Малайзия сияқ­ты елдерде білім алатын шет­ел­діктердің саны өте көп. Онда оқу құны АҚШ, не Ұлыбрита­ниядағыдай қымбат емес. Малайзия – «қос диплом» бағдарламасы бойын­ша білім беруді нәтижелі іске асырып отырған елдердің бірі. Яғни, ол жақта оқу тәмамдаған сту­дент қос диплом алып шығады. Біз де осы тәжірибені іске асыруымыз керек.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің 2017 жылғы деректері бойынша, елімізде 12 мың­нан астам шетелдік студент білім алады. Ендігі мақсатымыз шет­елдік студенттер санын 50 мың­ға дейін көбейту. Жылына орта есеппен 50 мың шетелдік сту­дент 3000 доллардан төлесе, бұл уни­верситеттер үшін қомақты қар­жылық қолдау болар еді.

Сондай-ақ, шетелдік мұға­лім­дерді жұмысқа тарту кеңінен іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, біздің орталық Өзбекстан, Қыр­ғызстан және Тәжікстан аста­наларында білім көрмесін ұйым­дастырды. Енді, Бейжің, Шанхай, Дели және Ашхабад қалаларында білім көрмесін өткізуге дайында­лып жатырмыз. Иранмен де келіс­сөздер жүргізу жоспарда бар.

– Биылдан бастап «Серпін» бағ­дар­ламасын ұйымдастыруды Халық­аралық бағдарламалар ор­­та­лығына берген екен. Жал­пы, жастардың әлеуеті мен қы­зы­­­ғу­­шылығы туралы не айтар едіңіз?

– Бүгінгі жастар ізденімпаз, білімге құштар әрі кез келген салада дараланып, ерекшеленгенді жақсы көреді. Көбі заман талабына сай шет тілдерін меңгеруге талпынып жүр. Шетелде де біздің өрендеріміз туралы жағымды пікір айтады. Әсіресе, теориялық білімді тез меңгеруі мен сындарлы ойлау қабілетінің жоғары екені жиі сөз болады.

Білім және ғылым министрлігі 2016 жылдың қыркүйегінен бас­тап «Серпін» бағдарламасын жүзеге асыруды біздің орталыққа міндеттеді. Бағдарламаның бас­ты мақсаты – еліміздегі жұмыс кү­ші мол өңірден адамы аз облыс­тарға жастарды апарып, сонда оқы­тып, тұрақтап қалуына жағдай жасау. Жоба 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді, қазір 12 мыңға жуық адам білім алып жа­тыр. Алдағы 2017-2018 жыл­дары грант санын қосымша 5 мың­ға дейін көбейту туралы шешім қабылданып, талапкерлерді қабылдау жүргізіліп жатыр.

– Бағдарламалар орталығына басқа да функциялардың жүк­те­луі «Болашақ» бағдар­ла­ма­сы­ның қысқаруы дегенді білдіре ме?

 – Бұл тұста бір айта кететін мә­се­­ле бар. Шетелдерде мамандар дайындау бойынша респуб­ли­калық комиссия «Болашақ» бағ­дарламасының бағыт-бағдарын анықтап, шешім шығарады. Оған Мемлекеттік хатшы басшылық жа­сайды. Халықаралық бағдар­ла­малар орталығы – оның жұмысын жүргізетін мекеме. Сондықтан, орталық стипендия бөлумен емес, студент оқытумен айналысады. Жалпы, 2015 жылы 700 стипендия бөлінген. Биыл 2017 жылы 600 шәкіртақы қарастырылған. Келер жылы стипендия саны 300-ге қысқаруы мүмкін. Салыстырып қарайтын болсақ, 1994 жыл мен 2004 жылдар аралығында 780 стипендия тағайындалған екен. 2005 жылдан кейін ғана бөлінген стипендия саны артты. Ендеше, «Болашақ» бағдарламасы тоқтап қалады деп айтуға негіз жоқ.

– «Болашақ» түлектеріне байланысты ел ішіндегі пікір екіге жарылған. Бірі түлектердің мүмкіншілігі толық пайдаланылмайтынын, олардың болмашы жалақымен түкке тұрмайтын жұмыс істейтін немесе жұмыссыз жүрген бола­шақ­тықтардың көп екенін айтады. Ал келесілер «Болашақ» түлек­тері жоғары жалақы алуға қызы­ғып, кез келген жұмысты менсін­бейтінін келтіреді. Сіз­діңше, қай тараптың дәйегі басы­мырақ және оған қатысты дерек­тер не дейді?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, Халықаралық бағдар­ла­малар орталығы жүргізген дерек­терге көз жүгіртейік. Бүгінге дейін он мыңға жуық стипендиат «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша тәлім алды. Олардың 3000-ға жуығы әлеуметтік салада жұмыс істейді. Білім мен ғылымға берілген 2000-нан астам түлек сонда жүр. Денсаулық сақтау мен өндірістік салада жүргендер саны 1000-ға жақындап қалды. 804 түлек мемлекеттік қызмет атқарады. Солардың барлығы ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар.

Төмен жалақы алатын «Бола­шақ» түлектері туралы әңгіме әдетте үш жақты келісімшарт жасасып, шетелге оқуға кеткендерге байланысты шығады. Өйткені, кейбір жоғары оқу орындары өздері тапсырыс беріп даярлаған кадр­ларын жалақысы жоғары басқа білім ошақтарына жіберуге құлықты емес. Алайда, жұмыс беруші мен стипендиат арасындағы келісімшартқа орталықтың араласуына құқығы жоқ. Әйтсе де, «ЖОО түлегі» категориясына тапсырыс берілгенде сол категория иелеріне біраз жеңілдіктер жасалған болатын. Атап айтсақ, бағдарламаның негізгі шартында жазылған екі жылдық еңбек өтілі бұл категориямен оқуға үміткерлерден талап етілген жоқ, сонымен қатар, тілдік курстар да жоғары оқу орнының болашақ мамандарына 1,5 жыл етіп ұзартылып берілген болатын. Ендеше, осы бойынша білім алып келген түлек елге қайта оралған соң жұмыс орнының сапасын арттыруға үлес қосуы керек шығар?!

Осы орайда, шетелде қалып қойған жастар да тілге тиек етіледі. Жалпы, олардың саны көп емес, небәрі 161 адам. Олардың бәрі оқыту үшін жұмсалған қаржыны толықтай қайтарып жатыр.

– «Болашақ» бағдарла­ма­сының талаптары жылдан-жыл­ға күшейтіліп келеді. Былтыр IELTS талабы 5 болса, биыл 5,5-ке көтерілді, ал GPA баллы 3,3 болуы тиіс. Талаптардың кү­шеюі талапкерлердің сапасын арттыру ма, әлде болашақта сти­пендия санын азайтуға бағыт­талған әрекет пе?

– Іріктеу ережелеріндегі талап­тардың күшейтілуі стипендия санын қысқарту деген сөз емес, керісінше, талапкерлер сапасын арттыруға бағытталған. Әрине, шет тілін меңгеруі мен дипломдағы баға дәрежесінің жоғары болуы биылғы жылы стипендиат санының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Дегенмен, шетелдік университеттерде IELTS 6-дан төмен болса оқуға қабылдамайды. Ендеше, үміткерге қойылатын талаптың күшейтілуі шетелдегі академиялық оқудың қиындықтарын еңсеруі үшін жасалған жағдай.

– Халықтың көп бөлігі әлі күнге «Болашақты» тек бай-манаптар мен шенеуніктердің балалары жеңіп алады деген түсінікте жүр. Алайда, аталған стипендияны жеңіп алып, мұхит асып білімін жетілдіріп келген қарапайым қазақ жастарының мол екені де мәлім. Осы орайда, жоғарыдағы стереотипті жою үшін «Болашақ» стипен­дия­сының шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұра ма?

– «Болашақ» – қарапайым қазақ баласының білім көк­жие­гін кеңейтіп, әлемнің озық универ­ситеттерінде білім алуға мүмкін­дік беретін бірегей бағдарлама. Оны шенеуніктер мен қалталы аза­маттардың балалары оқитын бағдарлама деген түсінік әу бас­тан дұрыс емес. Мысалы, «Бола­шақ» стипендиясы болмаса, Ұлы­британияда білім алуым екіталай еді. Әке-шешем – қарапайым дәрігерлер. Егер осы стипендия болмаса, мені Еуропада оқытуға ата-анамның қалтасы көтермейтін еді. Білуімше, сіз де «Болашақ» бағдарламасының түлегісіз. Шалғай ауылдан шығып алыстағы Англияда білім алғаныңыз мәлім. Сондықтан, біз секілді қазақ жастарына керемет мүмкіндік жасаған Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз. Жалпы, кез келген талап­кердің «Болашақ» стипендиясын жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін әуелі байқауға қатысып, ірік­теу­ден өту керек.

Сіз айтып отырған стереотипті жою үшін бағдарламаның талаптары мен шарттарын түсіндіріп келеміз. Сайтта да барлық мәлімет бар. Талап күшейтілгені болмаса, «Болашақтың» негізгі шарты басталғалы бері өзгерген емес. Негізі, барлығы адамның талпынысы мен талабына байланысты деп есептеймін. Мақсаты айқын адам көздегеніне жетеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»