Аймақтар • 25 Тамыз, 2017

Таразда Тамыз кеңесі өтті 

666 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Мемлекет басшысы елімізді модернизациялаудың сара жолын жариялап, технологиялық ілгерілеу, рухани жаңғыру және экономикалық өркендеуді басты назарда ұстау керектігін айтқан болатын. Ал Елбасының адами қапиталды сақтау туралы ойы да елімізді жаһандық бәсекеге бастайтыны сөзсіз. Бұл орайда, еліміздегі білім беру жүйесінің де жаңаша қалыптасқанын айта кету керек.

 

Таразда Тамыз кеңесі өтті 

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Ал Жамбыл облысында жаңа оқу жылына әзірлік барысы қандай деңгейде? Бүгін Тараз қаласындағы «ARAI PLAZA» бизнес орталығында «Қазақстанның  жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» атты облыстың педагогикалық қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтті. Оған өңірдегі барлық білім ошағының басшылары мен мұғалімдер қатысты.

– Біз бірінші қыркүйекте 1700 оқушыға арналған 4 мектепті пайдалануға береміз. Жыл соңына дейін тағы бір мектеп ашылады. Биыл 9 мектептің құрылысын бастадық. Оның ішінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында, Ұлттық қор қаражаты есебінен 2 мектеп салынуда. Осылайша облыстағы 7 апатты, 4 үш ауысымды мектептің мәселесі толығымен шешіледі. Қалған 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі 2018 жылы шешілмек. Мұның барлығы да біздің болашағымыз үшін жасалған ең маңызды инвестиция. Мемлекеттің жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне деген ерекше қамқорлығы – деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Алайда, шағын жинақты мектептердің жағдайы да білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Облыстағы мектептердің 31 пайызы, яғни 140 мектеп шағын жинақты мектептер. Өз сөзінде әкім мұндай мектептерде арнайы пәндік кабинеттердің жеткіліксіз екенін, оқушы саны аз болғандықтан, бір оқу кабинетінде екі, үш сыныптың балалары топтасып оқитын бастауыш мектептердің де бар екенін айтып өтті. Оларда жаңартылған мазмұнда білім беруді толығымен іске асыру мүмкін еместігіне де тоқталды.

Бүгінде облыста балабақша кезегінде 33 мыңнан астам бала тұр. Бұл әсіресе Тараз қаласы мен Байзақ, Қордай, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында байқалады. Соңғы жеті жылда  жекеменшік балабақшалар саны 78-ге жетсе, жыл соңына дейін тағы 955 орындық 16 жекеменшік балабақша ашылатын болады. Сондай-ақ, Тамыз кеңесінде барлық аудандар жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты арттыру қажеттігі де сөз болды. Алайда, Мойынқұм және Талас аудандарында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бірде-бір мектепке дейінгі мекеме ашылмаған. Сонымен қатар, Байзақ, Қордай, Шу аудандары мен Тараз қаласындағы мектептерде оқушы орындарының жетіспеушілігі бар болып отыр.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар