ЭКСПО-2017 • 28 Тамыз, 2017

«ЕуроХим» ЭКСПО қалашығында 6 айдағы жұмыс нәтижесімен таныстырды

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық «ЕуроХим» минералды-химиялық компаниясының Жамбыл об­лысында бірқатар жобаларды бастап кеткенінен жұртшылық хабардар. Ха­лықаралық компанияның еліміздегі басшылығы ЭКСПО қалашығында соң­ғы алты айдағы жұмыс нәтижесімен, сондай-ақ, электр қуаты мен су кө­ле­мін төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа технологиямен таныстырды. Шара ба­рысында компания тарапынан «Алматы-2005» балалар хоккей командасы ма­рапатталды.

«ЕуроХим» ЭКСПО қалашығында 6 айдағы жұмыс нәтижесімен таныстырды

«ЕуроХим» компаниялар тобы рес­пуб­ликалық бюджетке мол көлемде салық төлеп отыр­ған ірі инвесторлардың қатарында. Тек биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 900 миллион теңгеден астам қаржы аударылған. Компания қазіргі кезде Жамбыл облысындағы Қаратау фосфорит алабының кен орындарын игеруге ар­нал­ған инвестициялық жобаларды жүзеге асы­руда. Индустрияландыру картасына ен­ген бұл жоба елімізді қажетті минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін бо­лады. Бұл туралы «ЕуроХим – Қаратау» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі Еркебұлан Мыр­зағалиев мәлімдеді.

«ЭКСПО көрмесінде бірегей химиялық кешеннің жобасын таныстыру біз үшін қуанышты жаңалық. Оны жобалауда «ЕуроХим» компаниясының соны технологиялары қолданылды. Осының арқасында фосфат кенін дайын өнім етіп толығымен қайта өңдеп, қоршаған ортаға зиянын тигізетін барлық қалдықтардың көлемін барынша төмендетуге мүмкіндік алып отыр­мыз. Сумен қамтитын тұйық жүйе су­дың ағып кетуінің алдын алып, тұты­ны­латын су көлемін азайтса, қайталама энер­­гия қорларын өзімізде өндіру арқылы тұ­тынылатын электр қуаты төмендейді» – деді ол. 

Шара соңында Еркебұлан Мырзағалиев «Алматы-2005» балалар хоккей командасын құттықтап, марапаттады. Айта кетейік, балалар хоккей компаниясы «EuroChem 2017» халықаралық хоккей сайысынан жеңіспен оралған еді. Қазақстандық жас хоккейшілер финалда ресейлік команданы жеңгені есте. Ал «ЕуроХим – Қаратау» компаниясы балалар хоккей құрамасының демеушісі әрі шабыт берушісі.

Айгүл Сейіл,

"Егемен Қазақстан"