Бизнес • 28 Тамыз, 2017

Астанада «AgroInvest Forum-2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форумы өтті

363 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» ұлттық холдингімен бірлесіп, Астана қаласында «AgroInvest Forum-2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форумын өткізді. Бұл шараға әлемнің 18 елінен шамамен 200-ден астам қатысушы келді. Оның ішінде ірі шетелдік инвестициялық қорлар мен қаржы ұйымдарының 40 шақты өкілі, сондай-ақ, қазақстандық және өзге мемлекеттегі агробизнестің мүдделі топтары бар.  

Астанада «AgroInvest Forum-2017» агроөнеркәсіптік инвестициялық форумы өтті

Жиынның негізгі міндеті – қазақ­стан­дық бизнеске ауыл шаруа­шылығындағы жә­не азық-түлік тауарларының өндірі­сін­дегі жобаларды бірлесіп іске асыру үшін әріптестер іздестіруге көмек­те­су, салаға инвестициялық капитал тарту, агроөнеркәсіптік кешенде биз­нес жүргізу үшін жаңа трендтер мен перспективаларды талқылау. Ин­вес­­тициялық форумда іскерлік қа­ты­настарды қалыптастырудан бас­қа, отан­дық бизнестің шетелдік серік­тес­термен және инвесторлармен ти­імді ынтымақтастығына кедергі кел­ті­руі мүмкін бірқатар проблемалық мә­селелер де ортаға салынды. 

Басқосуды ашып, сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов отырыстың мән-маңызы мен салмағын әңгімелеп, саланың қа­зіргі ахуалына тоқталды. «Мемлекет бас­­шысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Агра­рлық сектор экономиканың жа­ңа драйвері болуы тиіс» деген болатын. Бұл үшін нарықтарда қажет етілетін агро­өнеркәсіптік кешен бәсекеге қа­білетті өнімдердің өндірісін әрта­раптандыру қажет», деді ол. Мини­стрдің айтуынша, интеграциялық процестер жағдайында Қазақстанға бәсекелестік басымдықтарға қол жет­кізу үшін халықаралық озық тәжіри­бе­нің трансферті қажет. Тікелей шетелдік инвестициялар тарту және ауыл шаруа­шылығы саласында өзара тиімді негізде бірлескен өндіріс құру – бұл қазіргі таңдағы біздің бет алысымыз.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мемлекеттік реттеу мен инвесторларды қолдау бағытында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Еліміз тартылған инвестицияларға қолайлы жағдай жасау бойынша ТМД елдері арасында көшбасшылардың бірі болып саналады. А.Мырзахметов Қазақстанға инвестиция құя отырып, Қытай, Ресей және ЕЫЭҰ елдері нарығына шығуға мүмкіндік туатынын да тілге тиек етті.

Жиында «ҚазАгро» ұлттық бас­қарушы холдингінің басқарма төра­ғасы Нұрлыбек Малелов соңғы 5 жыл­дың ішінде холдингпен еліміздегі агро­өнеркәсіптік кешенге соңғы жылдары 375 млрд теңгеден астам шетелдік инвестиция тартылғанын атап өтті. «Қазақстанда халықаралық инвесторлар үшін артықшылықтардың кеңейтілген спектрі көзделген. Олар – субсидия, несиелер және басқа жеңілдіктер түрін­дегі салалық артықшылықтар, басым инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі кедендік баж салығынан босату және тағы басқалар. Ел эконо­ми­ка­сының аграрлық секторының қол­даныстағы заңнамалық базасы нарық талап­тарына, халықаралық практика нормаларына сәйкес келеді және кәсіп­кер­лік бастамаларды қорғауға, қолдауға бағытталған», деді ол.

Бүгінгі таңда министрлік экспорт саясатын мақсатты түрде жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуде. Осыған орай, жаңа экспорттық арналарды ашатын, ал жұмыс істеп тұрғандарды кеңейтетін, ірі экспорттық партияларды АӨК экспорт орталығы құрған. Қытай компанияларымен астықты, майлы дақылдарды, өсімдік майын экспорттау үшін келісімшартқа қол қойылса, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иранға жасымық тасу үшін келісімге қол қою қайта өңделуде. Ал Ресей, Израиль, Гонконг елдерінің компанияларымен күнбағыс тұқымын, қатты бидай, ұн, ноқат, бұршақ, қой етін тасымалдау үшін келіссөздер жүргізілуде. ҚХР нарығына сиыр, шошқа етін, сүт, құс өнімдерін, тірі жануарлар, соның ішінде жылқыларды шығару жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Израил, Кувейт мемлекеттерінің вете­ри­нарлық қызметімен қой етін жеткізу жолдарын және Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуроодақ елдеріне құрғақ бие сүтін экспорттау бағытында жұмыс істеуде. Парсы шығанағы елдерімен тиімді келіссөздер аяқталуға жақын.

Агроөнеркәсіптік инвестициялық фору­мы аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын экономикалық әр­тараптандыру тұрғысында бір­қатар маңызды келісімдер мен меморан­дум­дарға қол қойылды.

Гүлмира ИСАЕВА, Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі:

– Бірінші жартыжылдықта азық-түлік өндіруде инвестиция көлемі 31,6 млрд теңгені құрады немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Инвестиция бойынша елеулі өсім Солтүстік Қазақстан (5,4 есе) және Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тарында (5 есе) байқалды. Өсім­дік шаруа­шы­лы­ғын­да ағымдағы б­ірін­ші жарты­жыл­дық­­та инвестиция кө­ле­мінің артуы 61 пайызды, ал мал шаруа­шылығында 27 пайызды құрады.
Шетелдік инвесторларды ауыл шаруа­шылығы шикізатын өңдеу бағы­ты қызықтырып отыр, яғни бұл бағытта өсім қарқыны 5,2 пайыз. Осы орайда ұн мен ұннан жасалған және ет өнім­дері, шұжық, жартылай фабрикат, кон­сервілік өнімдер қамтылуда. Бұл өз кезегінде Қазақстан шикізатқа бай екенін білдіреді. Қазіргі заманғы қайта өңдеу өндірістерінің санын арттыруда барлық мүмкіндіктерге иеміз. Осы арқылы экспортқа өңделген өніммен шығуға жағдай бар. 

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Орынбай Балмұрат, 
«Егемен Қазақстан»