Барлық қалалық, аудандық кеңестерге хаттар жіберіліп, сапарларды ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Ерте қолға алынған әзірлік жұмыстары өзінің игі нәтижелерін берді. Күні бүгін облыстың қала, аудандарынан құрамында 300-ге жуық ардагерлерді қамтыған 13 топ әсем қала Астанада болып, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып қайтты. Олар көрменің ғажайыптарын тамашалап қана қоймай, астанамыздың сәулетті әлеуметтік, мәдени нысандарымен, ұмытылмас ескерткіштерімен танысты.
Тамыз айының 13-19-ы арасында ЭКСПО-2017 көрмесіне Атырау облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен облыстық кеңес ұйымдастырған сапарға барған ардагерлер тобының құрамына 26 еңбек ардагері кірді. Олардың арасында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау, білім беру, бюджеттік сала ардагерлері болды, бұрынғы еңбек еткен мекемелері тарап кеткен ардагерлер де назардан тыс қалған жоқ. Ардагерлер үшін Атырау-Астана-Атырау бағытында арнаулы вагон бөлінді.
Көрмеде ардагерлерге әсіресе, Қазақстанның «Нұр Әлем» павильоны ұмытылмас әсер қалдырды. Ғаламшардың іші ертегі әлеміндей болды. Туған еліміздің болашағына деген үлкен сенімге бөленгенімізді жасыра алмаймыз.
Ресей Федерациясы, Германия Федеративтік Республикасы, Аргентина Республикасы, Монако князьдығы, Нидерланд корольдігі, Франция Республикасы, Африка мемлекеттері, Орталық Азия республикаларының павильондары ардагерлерге жақсы әсер қалдырды. Көрме қызметкерлері ардагерлерді ерекше ризашылыққа бөледі.
Атыраулық ардагерлер тек көрмені тамашалаумен шектеліп қана қоймай, астанамыздың «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументтерін, «Хазірет Сұлтан» мешітін, Кенесары хан ескерткішін, Бейбітшілік пен келісім сарайын, жаңа көрікті аудандарын аралауға мүмкіндік алды.
Әсіресе, көрмеге арнаулы жасақталған «Этноауыл» кешені өзінің тарихи ерекшелігімен, ұлттық құндылықтармен көздің жауын алды. Ардагерлер Маңғыстау облысы күндерінің ашылуына қатысып, қазыналы өлкенің қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан жауһар дүниелермен танысты.
Қоғам қайраткері Н.Абдолова, еңбек ардагерлері Қ.Оңғарсынов, Б.Амиров, Е.Жәкиев, Р.Оспанов, Г.Ясько және басқалары ардагерлердің биік мәртебелі көрмеге баруына жан-жақты қолдау көрсеткен облыс әкімі Н.Ноғаевқа ерекше ризашылықтарын білдірді.
Атыраулық ардагерлер үшін осындай сапарларды қала, аудан әкімдері, «НКОК», «ТШО» компаниялары да ұйымдастырып отырғанын ризашылық сезіммен атап өткіміз келеді.
Серік МҰХАМБЕТОВ,
Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары