Технология • 29 Тамыз, 2017

Hyperloop капсуласын бұрын соңды болмаған жылдамдыққа жеткізді

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Америкалық бизнесмен Илон Маск Twitter-дегі парақшасында Hyperloop жолаушы капсуласы прототипінің видеосын жариялады. 

Hyperloop капсуласын бұрын соңды болмаған жылдамдыққа жеткізді

Капсула тесттік вакумды құбырмен қозғалу арқылы рекордтық жылдамдыққа жетті. Бұл капсуланы Мюнхен техникалық университетінің (Германия) студенттері жасап шығарды. 30 студенттен тұратын топтың аты WARR Hyperloop.  

Университет сайтындағы мәлімет бойынша, салмағы 80 килограмм құрылғы, 50 киловатт қуаты бар электр қозғалтқышы арқылы 324 км/сағ жылдамдыққа жеткен. Команда соңғы жарты жыл бойы WARR (Workgroup for Rocketry and Space Flight) прототипімен айналасып келеді. Осы жобамен жас өнертапқыштар қаңтарда өткен Hyperloop pod competition сайысының жеңімпаздары атанған екен.

SpaceX бастамасымен өткізілген жарыс калифорниялық Хоторн қаласында өтті. Бұған дейінгі рекордқа өнертапқыштар 2017 жылдың 2 тамызында жеткен болатын. Невада штатында орналасқан DevLoop трассасында капсула 310 км/сағ жылдамдыққа дейін жетті.

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»