Бокс • 30 Тамыз, 2017

Қоржында – қола медальдар

224 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Гамбургтегі әуесқой бокстың әлемдік додасына Қазақ елінің былғары қолғап шеберлері толық құрамда барды. Бір айта кететіні, біздің командада бұдан бұрын әлем чемпионатының ащы дәмін татып, тәжірибе жинаған үш боксшы бар. Атап айтқанда, олар – Қайрат Ерәлиев, Абылайхан Жүсіпов және Василий Левит. Ал қалғандары мұндай деңгейдегі додаға бұрын-соңды түсіп көрмеген...   

 

Қоржында – қола медальдар

Турнирдің алғашқы күні біздің құрама үшін сәтсіздеу басталды. Бірінші айналымның өзінде 52 кило салмақтағы Аза­мат Исақұлов пен 60 килода өнер көрсеткен Әділет Құр­ме­тов қарсыластарына есе жі­бе­ріп, жарыс жолынан шығып қалды. 

«Құрметовтің жүйкесі сыр берді. Қарсыласы ұсынған ашық айқасты қабыл аламын деп, опық жеп қалды. Рас, тәжірибе кемдеу болды, бір жағынан шеберлік те жетіңкіремеді. Ал Исақұлов болса, өзінің боксын көрсетпеді. Қарсыласының ың­­­ғайына жығыла бергені дұрыс болмады. Одан да өзі ойлы шабуыл ұйымдастырып, қарсыласын ықтырып алуы керек еді», – деп түсіндірді бокс­шыларымыздың сәтсіздігін құ­­рама жаттықтырушысы Алек­сандр Стрельников.

Дегенмен, бұл күні Жомарт Ержан (49 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг) және Бекдәулет Ибрагимов (64 кг) жеңіске жетіп, жанкүйер қауымның көңіліндегі күдікті сейілткен болатын. 

Жарыстың екінші күнін­дегі жекпе-жектердің ішінде Қайрат Ерәлиев пен өзбек бокс­шысы Муроджон Ахмадалиев ара­сындағы айқасты ерек­ше атауға болады. Аса тар­тысты өткен бұл жекпе-жекте біздің боксшы Рио-2016 Олим­пиа­дасында өзінің жолын кес­кен қарсыласын айқын басым­дық­пен жеңіп, қарымта қай­тарды. Өзбек боксшысының бұл салмақтағы ең мықтылардың бірі екенін есепке алсақ, Қайрат Ерәлиевтің турнирді тамаша нәтижемен аяқтауға мол мүмкіндігі бар.

Өкінішке қарай, 1/8 финал­да Бекдәулет Ибрагимов Ар­мения боксшысы Ованесс Боч­ков­тан 2:3 есебімен жеңіліп қалды. 
«Қазақ салмағында» өнер көрсетіп жүрген Абылайхан Жүсі­повтің жолы ауырлау бо­лып тұр. Италиялық шебер, Лондон Олимпиадасында Да­нияр Елеусіновті жарыс жолынан шығарған Винченцо Ман­жакапремен болған жек­пе-жек барысында біздің бокс­шының басымдау болғаны рас еді. Шартпа-шұрт айқас кезінде екеуі баспен сүзісіп қалған. Осының салдарынан Жүсіповтің маңдайы жарылды. Осы кезде, үшінші раунд аяқталмай жатып төреші жекпе-жекті тоқтатты да, ита­лиялық боксшының қолын көтерді. Дегенмен, біздің жат­тықтырушылар штабының дер кезінде түсірген шағымы оң нәтиже беріп, АИБА супер­вайзері жекпе-жек нәтижесін қайта қарады да, Абылайхан Жүсіповті жеңімпаз деп таныды. «Мұндай сәттер жеңіске деген құлшынысты арттыра түспесе, бәлендей кері әсерін тигізе қоймайды», депті БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында біздің боксшы.

Сондай-ақ, чемпионаттың ширек финалында Василий Ле­вит (91 кг) пен аса ауыр салмақ­­­тағы Қамшыбек Қоңқабаев та бақ сынайтын болды. Жалпы, біздің құрамадан жеті бокс­шы ширек финалға шықса, Өзбек­станның тоғыз бірдей өрені турнирдің осы кезеңінде өнер көрсетті. Айтып, айтпай не керек, бұл әлем чемпионаты да қазақ-өзбек былғары қолғап шеберлерінің текетіресімен қызықты болғалы тұр. Кеше кешкі сессияда бұл тартыстың алғашқы жекпе-жектері де өтті: шаршы алаңда Ерік Әлжанов пен Бектемір Меликузиев жә­не Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Джалолов кім мық­тыны анықтады. Бұдан бөлек, төрешінің теперішінен аман қалған Абылайхан Жүсі­пов болса, венесуэлалық Габ­риэль Местре Переспен жекпе-жек­ке түсті.

Ал күндізгі сессияда 49 ки­ло салмақтағы Жомарт Ер­жан Еуропаның биылғы чемпионы, ресейлік Василий Егоровты тізе бүктіріп, жартылай финалға шықты. Сондай-ақ, 56 килода өнер көрсеткен Қайрат Ерәлиев те қарсыласынан басым түсті. Бұл жолы ринг иесі Омар Эль-Хагты жарыс жолынан ығыс­тырды. Василий Левит 91 ки­ло салмақта аустралиялық Джей­сон Уотелимен күш сынасып, жеңіске жетті. Ширек финалда біздің Әбіл­хан Аманқұлды да өте ауыр жекпе-жек күтіп тұрды. Жер­лесіміз Олимпиада чемпионы, кубалық Арлен Лопеспен қолғап түйістіріп, жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. 

Сонымен, күндізгі сессия­ның статистикасына сай, біздің төрт боксшымыз жартылай фи­налға жолдама алды. Ал бұл дегеніңіз – төрт қола жүлде қоржында деген сөз.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»