Аймақтар • 31 Тамыз, 2017

Ұлттық ұлан ұлықтаған мереке 

465 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Ата Заң күнін ұлықтауға арналған мерекелік шаралар өтті.

Ұлттық ұлан ұлықтаған мереке 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының уақытша міндетін атқарушы, генерал-майор Андрей Қаскелеңов еліміздің барлық азаматтары мен әскери қызмет саласының мамандарын адам өмірі мен бостандығын басты құндылық еткен, демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет кепілдігі болып табылатын Конституция күнімен құттықтай келе: «Ата заң – біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Бас құжат мемлекеттің өркениетті дамуына негіз қалады, адам құқығы мен бостандығын қорғау ісіне кепіл болды. Республикадағы қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қағидасы мемлекет жұмысында түрлі институттар мен саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен ел болашағына алаңдайтын әрбір азамат үшін айрықша маңызды рөл атқарады.   Аймақтық қолбасшылықтар әскери бөлімшелерінің күнделікті қызметі азаматтарымыздың өз констиутциялық құқықтарына деген сенімділігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырады. Патриотизм мен зияткерлікті, салауатты өмір салтын басты қағида етіп ұстанатын 21-ші ғасыр жауынгері сондай-ақ, Ата Заңның әр сөзін жете түсініп, соның негізінде тәрбиелене тиіс. Бүгінде біз барынша сол үдеден шығуға ұмытылып отырмыз», – деді.

Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штабы бастығының уақытша міндетін уақытша атқарушы, полковник Сағитжан Тазабеков: «Ұлттық ұлан жауынгерлерінің айбынды қызметі – халқымыздың бостандығының, еліміздегі құқықтық тәртіп пен тыныштықтың және әр қазақстандық сенімділігінің мызғымас кепілі. Ата заңға адал жауынгерлер ел игілігі мен қоғам тыныштығы жолында қалтқысыз қызмет ете бермек. Егеменді елдің азаттық алған уақыттан бері атқарған істерінің алтын таразысы болып табылатын Ата Заңымызды ұлықтап, ардақ тұту баршамыздың басты міндетіміз», – дей келе, жауынгерлік қызметте ерік, жігерімен, табандылығы және еңбексүйгіштігімен дараланған әскери қызметкерлерге ІІМ-нің мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтарын табыс етті.

 «Еліміздің бүгінде керегесі кең, іргетасы мықты елге айналуының негізі болып саналатын Ата Заңымызды ұлықтау шарасын біздің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жылда салтанатты түрде атап өтеді. Ата Заңға көрсетілетін құрметті алдымен із өзімізден бастауға тиіспіз. Мұның бәрі тек мерекелік шара ғана емес, әскери борышын өтеп жатқан жас сарбаздың бойына Ата Заңға лайықты құрмет көрсетуді, оның әр сөйлемі мен әр сөзін қалай есте тұтып, құрметтеп жүруді сіңіре білер мәні зор тәрбие де. Мұның бәрі өз кезегінде патриоттық рухты қалыптастыруға, армиямыздың айбынын асқақтатуға, септігін тигізетіні анық», – деген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы, майор Арман Әубәкіров тәуелсіздік жылдары қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде танытқан ерлігі мен батылдығы, әскери қызметтегі жетістіктері үшін Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 100-ден аса жауынгері орден және медальдармен марапатталғанын жеткізді. Соңғы екі жылдың ішінде ғана әскери қызметті абыройлы атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде қызметті ұйымдастыра білуі мен қылмыстарды ашуға белсенді атсалысқаны үшін 22 әскери қызметкерге үкіметтік және ведомстволық наградалар табыс етілген екен.

 Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы – Ата Заң мерекесіне арналған салтанатты шаралар Алматыда ғана емес, «Оңтүстік» өңірлік өңірлік қолбасшылығына қарасты Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларындағы барлық әскери бөлімдерде өтіп, жеке құрамға арналған жүрекжарды құттықтаулар жолданды. «МЕГА» ойын-сауық кешеніндегі ұлық мереке күніне орай жалпы қала тұрғындарына арналған ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы «Генерал» ән-би ансамблінің мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»   

АЛМАТЫ