Парламент • 01 Қыркүйек, 2017

Парламент – халық өкілдігінің басты органы

1055 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылғы 4 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында алтыншы шақырылған Парламенттің үшінші сессиясы ашылады.  

 

Парламент – халық өкілдігінің басты органы

Еліміздің бүгіні мен болашағы үшін тиісті заңнамалардың орны әрқашан да ерекше. Сол заңдарды шығаратын ең жоғары өкілетті орган – қос палаталы Парламент. Депутаттар өздеріне тиесілі каникулдан соң және жергілікті жерлерде сайлаушылармен кездесулерден кейін үшінші сессияның жұмысына кіріскелі отыр... Парламенттің екінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде өткені белгілі. Соның ең бастысы – Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Осы мерейтой қарсаңында Парламент депутаттары Президенттің тарихи тұлғасын ашатын, еліміздің даму жолын көрсететін маңызды құжат – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясын қабылдады. 

Парламенттің алдында тұрған аса жауапты мәселенің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы еді. Мемлекет басшысы Конституциялық реформаға қатысты өзгерістерді көпшілік қауымға алдын ала жариялап, қазақстандықтар оны бір ай бойы талқылады, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Нәтижесінде Президент өкілеттігінің бір бөлігі Парламент пен Үкіметке берілді. Міне, бұл мықты президенттік билікті сақтай отырып, демократияны әрі қарай нығайтуға, халықтық билікті күшейтуге және Парламент пен Үкіметтің жауап­кершілігін арттыруға жол ашты. 

«Бұл өзгерістерді біздің депутаттарымыз жоғары сенім мен Елбасымыздың, халықтың, мемлекеттің алдындағы зор жауапкершілігі деп қабылдады, – деген болатын Мәжіліс спикері Нұрлан Нығ­ма­тулин Парламенттің екінші сессия­сының жабылуында сөйлеген сөзінде. – Дәл осы сенім, дәл осы жауапкершілік депутаттық корпусты одан да белсенді, одан да жігерлі жұмыс істеуге шақырды». Бұл жолда, ең алдымен, Елбасының алға қойған жаңа міндеттерін сапалы заңдармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, Конституциялық реформаны тиімді жүзеге асыру үшін көптеген заңдарға өзгерістер де енгізілді. 

«Жаңа сессияда сіздер талқылап, қабыл­дауға тиіс 50-ге жуық заң жобасы бар. Жеті жаңа заңды депутаттардың өздері ұсы­нып, Үкімет қабылдады. Бұл баста­малар депутаттар корпусының жоғары кәсібилігін дәлелдейді», – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы Парла­мент­тің алтыншы шақырылымының екінші сессиясын ашардағы сөзінде. Пар­ламент мүшелері Президенттің алға қойған стратегиялық тапсырмаларын іске асыруға да белсене араласты. Соны­мен қатар, Елбасының Жолдауында және «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген міндеттер де Парламент жұмысының басым бағыттарының бірі болды. 

Жалпы, екінші сессияда қос палатаның 6 бірлескен отырысы, Сенаттың – 25, ал Мәжілістің 38 жалпы отырысы өткен. Аталған кезеңде Парламент қарауында 111 заң жобасы болған, соның 84-і қабылданыпты. Олардың ішінде 15 заң жобасына депутаттардың өздері бастамашы болды. Парламент қабылдаған 66 заңға Елбасы қол қойып, күшіне енді. Парламент, сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясатын қамтамасыз етуге, халықаралық байланыстарды дамытуға, мемлекеттер арасындағы қызметті реттеуге, тағы басқа салаларға арналған көптеген халықаралық келісімдерді де ратификациялады. 

«Парламент – халық өкілдігінің басты органы. Сондықтан Пар­ламент палаталарының қызметі қоғам үшін барынша жариялы болуы тиіс, – деген болатын Елбасы. – Заң­дарға деген қажеттілік пен олар­ды қабылдаудың бүкіл қи­сыны қазақстандықтарға түсінікті бо­луы­­ның маңызы зор. Күзден бас­тап Сенат пен Мәжіліс жұмыс­тарын, сондай-ақ, Парламент пала­та­лары­ның бірлескен отырыстарын онлайн режімінде тарататын болады».

Парламент Мемлекет бас­шысының осы айтқандарынан нақты нәтиже шығарды. Жалпы отырыстар мен Үкімет сағаттары онлайн режімінде көрсетіле бас­тады. Парламентте талқыланған маңызды мәселелерге қоғам­дық ұйымдар мүшелері, Пар­ламентке кірмеген саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қаты­сып, ұсыныс-пікірлерін айтуға барлық жағдай жасалынды. Бұл Парламент жұ­мы­сының бұрын­ғыдан да ашық және сапалы болуына зор ықпал етті. 

Депутаттық корпус өз жұ­мы­­сында заң шығарып қана қоймай, Елбасымыздың бастамаларына қолдау көрсету жөнінен де алдыңғы қатардан көрініп келеді. Әсіресе, Президенттің Жолдауын халыққа жеткізуде, «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын насихаттауда ерекше рөл атқарып жүр. Сонымен бірге, Парламент Елбасымыздың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында аталған мәселелерді жүзеге асыруға да белсене атсалысуда. Өйткені, Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – біздің ұлттық бірлігіміздің және болашағымыздың негізі. Ал Парламенттің алдына қойы­латын басым бағыттар мен де­путаттық корпусқа жүктелетін міндеттерді Президент алтыншы шақырылымның үшінші сессиясының ашылуында бел­гілеп бермек. 

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»