ЭКСПО-2017 • 01 Қыркүйек, 2017

Бітімі бөлек Оңтүстік

1087 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесі аясында ел ордасы – Астанада өңір­лер күндері алма-кезек ұйым­дастырылуда. Облыс әкімдіктері өткізетін брифингтерден тартып көрмелер мен концерттер, шығармашылық кештер мен театр қойылымдары, жәрмеңкелер мен форумдар, басқа да түрлі шараларды қамтитын сол күндерде әр өңірдің экономикалық, мәдени, рухани жетістіктерін, әр өңірге тән ерекшеліктерді де байқап жүрміз. Конституция мерекесі мен Құрбан айт мейрамы қатар келген осы күндерде елордада халқы көп, қазағы қалың Оң­түстік Қазақстан облысының күндері өтуде. Елордалықтардың ықыласына бөленген елеулі іс-шараларының алды басталып та кетті. 

Бітімі бөлек Оңтүстік

Экономикалық салада өсім бар

Оңтүстік Қазақстан облысы – бітімі бөлек, тарихы терең, халқымыздың бағзы заманнан бері құтты қонысы болған мекен. Бұл өңірдің де өзіндік даму ерекшелігі бар. Биыл облыстық экономиканың нақты секторында өсім байқалады. Айталық, биыл­ғы жеті айдағы көрсеткішке сен­сек, өнеркәсіптік өнім көлемі 439,1 млрд теңгені құраған. Өң­деу өнеркәсібінің жалпы сала­да­ғы үлесі – 68 пайызды құраса, соң­ғы жеті айда 301,3 млрд тең­генің өнімі өндірілген. Бұл өт­кен жылдың осы кезеңімен са­лыстырғанда 34,6 млрд теңгеге ар­тық көрсеткіш, яғни өсім 1,7 пайызға жеткен. 

2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасының екінші бес жылдығында 47 жоба жүзеге асырылып, 1650 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл 1,7 млрд теңгенің 3 жобасы іске қосылған. Нақтырақ айтсақ, вафли өнімдерін шығаратын «Рахат Шымкент» ЖШС – 850 млн теңгенің жобасын жүзеге асырды. Оның қуаттылығы – 1700 тонна. Осы серіктестіктің арқасында 28 жұмыс орны құрылған. Бұған қоса, Отырар ауданында жүгері өңдейтін зауыт және Созақта құны 222,9 млн теңгені құрайтын қал­дықтарды өңдейтін және құбырлар өндіретін кәсіпорын ашыл­ған. 

Енді жылдың аяғына дейін тағы 14 жобаны іске қосу жоспар­ланып отыр. Олардың ішінде жи­һаз фабрикасы, асфальтбетон және газ бетоны зауыттары мен майсыздандырылған құрғақ сүт пен сары май шығаратын кәсіп­орын, дәрілік өнімдердің қатты түрін өндіретін зауыттар бар. 
Оңтүстік Қазақстан облысы жыл­дың соңында өнеркәсіптік өнім­дердің көлемін 850 млрд тең­геге жеткізуді көздеп отыр. Де­мек, бұл саланың өсімі 2,1 пайыз­ға артпақ. 

Экономикалық дамуға маңыз­ды жобаларды жүзеге асыру барысында 229,9 млрд теңгенің ин­вес­тициясы тартылыпты. Бұл был­тырғымен салыстырғанда 31,5 пайызға артық көрсеткіш. Олардың ішінде сыртқы инвес­тиция көлемі 42,3 млрд теңгені құрап, соның нәтижесінде об­лыс республика бойынша бі­рін­­ші орынға шыққан, яғни облыстың республикадағы жалпы көрсеткіші 14,1 пайыздан 16,9 пайызға өскен. 

Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда облыстағы өнім көлемі 2,7 пайызға артып, 187,8 млрд теңгені құраған. Былтыр бұл көрсеткіш 161,2 млрд теңге бо­лыпты. 

Биыл Оңтүстік Қазақстан об­лы­­сының егіс алқабы 20,7 мың гектарға артып, 809,5 мың гектарға жетіпті. Сонымен қат­ар, қосымша 297 кооператив құ­рылып, олардың саны екі есеге өс­кен. Осылайша, бұл жағынан да облыс республика бойынша бірінші орынға шыққан. 

Бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында облыс мемле­кеттік жекеменшік серіктестік тетіктерін дамытуға күш салуда. Осы салада биылғы же­ті ай ішінде жалпы сомасы 9,3 млрд теңгені құрайтын 13 жоба бо­йын­ша келісімдер жасалыпты. Оның 8-і – білім, екеуі – ден­саулық және үшеуі спорт сала­сындағы жобалар. Сондай-ақ облыста Онкологиялық орталық­тың құрылысы қолға алынып, «Қауіпсіз қала», «Көшелерді жа­рық­тандыру» секілді қалаларды көркейтуге арналған жобаларға ерекше ден қойылған. 

Брендке айналатын жобалар

Оңтүстік Қазақстан облысы Ел­басының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру бойын­ша бірқатар жобаларды қолға алып­ты. Оның алғашқысы – қа­сиет­ті Түркістан қаласын әлем­дік деңгейдегі тарихи-мәде­ни туризм орталығына айнал­дыру көзделіп отыр. Бұл жо­ба үш кезеңге белгіленген. Облыс әкімінің орынбасары Ұлас­бек Сәдібековтің айтуынша, Түркістанға алыс-жақыннан ке­­летін туристер көп. Осыған байланысты кесенелерде жерленген тарихи тұлғаларды дәріп­теп, олардың бюстерін қою жос­парланған. Өңірлік туризмді дамыту мақсатында Арыстан баб кесенесі мен Отырар төбе қалашығын байланыстыру ар­қы­лы үлкен туристік кешен тұрғызылмақ. Осыған байланысты екі аралықтағы жолды жөндеу қолға алынбақ.

«Қазақ халқы үшін киелі Ордабасы мекенін мәдени-тарихи нысанға айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Жоба аясында ұлттық бірегейлігімізді сақтау үшін Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге ескерткіш орнатылады. Бұл жоба келешекте облыстың ғана емес, күллі Қазақстанның брендіне айналуға тиіс. Қызмет көрсетудің сапасын әлемдік стандарт деңгейіне жеткізіп, туристік инфрақұрылым қалыптастыруды қарастырып отырмыз», дейді Ұ.Сәдібеков.
Сондай-ақ облыс әкімінің орын­басары ЮНЕСКО тізіміне енген 8 ортағасырлық ескерткіш туралы деректі фильмдер түсіріліп жатқанын да жария етті. Атап айтқанда, Сауран, Түркістан, Сидак, Қараспан, Жуантөбе, Күл­төбе ескі қалашықтары, Оты­рар жазирасының ескерткіш­тері, Бөржар қорғаны жа­йын­дағы кинотуындылар құн­­ды та­рихи деректердің шежі­ресіне айналмақ. Сондай-ақ, оң­түстік­қазақстандықтар үсті­міздегі жылдың аяғына дейін Шымкентте «Ежелгі Жетіген құ­пия­лары» атты 13 сериялық та­рихи-танымдық фильмді, «Отырар қорғаны» және «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильм­­дерін көрермен қауымға ұсы­нады. 

– Әбу Насыр әл-Фараби дү­­ние­ге келген Оқсыз көне қа­ла­шығын, Абылай ханның ордасы болған «Ханқорған» ескі қалашығын халық жадында қайта жаңғыруына да күш салып жатырмыз. Сондай-ақ та­ри­хымыздан сыр шертетін құн­ды құжаттарды өңдеуге, ше­тел­дердегі нұсқасын елге алып ке­луге қатысты да бірталай жұмыстар қолға алынды, – дейді Ұ.Сәдібеков.

Оның айтуынша, шығыс­танушы Ә.Дербісәлінің ізденіс­тері нәтижесінде Сайрамнан, Отырардан, Яссыдан шыққан ғалымдар туралы тың мәліметтер анық­талған. Таяу Шығыс елде­рінің кітапханаларынан табылған, оңтүстік өңірде XIX ғасырға дейін өмір сүрген ғұлама ғалымдардың 2 мыңнан астам қолжазбасының библиографиялық көрсеткіші түзілгенімен, әлі күнге дейін олар­­дың өмірі мен жазбалары то­­лық зерттелмеген екен. Сон­дықтан осы мәселеге облыс әкім­ді­гі ерекше назар аударып, ден қойған. 

Үндістан, Испанияның музей­ле­рінен де ғалымдар еңбектерінің көшірмесі табылған. Енді бұл құжаттарды қазақ тіліне аудару және жариялау да күн тәртібінде тұр.

Алдағы уақытта түркі дүние­сінің рухани тұтастығын қам­­та­масыз ету мақсатында Қ.А.Ясауи мұрасының XVI ғасырда көші­рілген хикметтерінің 100-ден астам қолжазба нұсқасы жария­ланбақ, бұл құнды құжаттар бұ­рын баспа бетін көрмеген екен. 

Сондай-ақ «Қасиетті жерлер географиясы» жобасы бойынша облыстағы ерекше маңызы бар тарихи-мәдени, сәулеттік және археологиялық ескерткіштердің фотоальбомын қазақ, орыс жә­не ағылшын тілдерінде әзір­леу жоспарланған. Мұның бә­рі Мемлекет басшысының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруға орай қолға алынған негізгі жұмыстар. Алдағы уақытта да бұл шаруалар кеңейтіліп, әрі қарай жалғаса бермек.

Өңірде зауыттар көбейеді

Оңтүстік Қазақстан облысы­ның Астанадағы күндері аясында «Ontustik Business: Мүмкіндіктер мен әлеует» тақырыбында бизнес-форум өтті. Облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаев және «Атамекен» ҰКП басқарма төра­ғасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Қазақстан Даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев бас­таған даму институттары мен екінші деңгейлі банктер мен кәсіпкерлер қатысқан жиында 6 меморандумға қол қойылды. 
Оңтүстік Қазақстан облысы тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін айтқан облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаев аймақ Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқанын, со­ның нәтижесінде шекаралық сау­да-саттық пен экспорттық өндіріс дамып келе жатқанын жеткізді.

«Өздеріңізге белгілі, әлемде са­па­лы азық-түлік өніміне деген сұ­раныс жыл сайын артып ке­леді. Тұтынушы сапа мен қа­уіпсіздікті талап етеді. Бұл тұрғыда Қазақстанға Ресей, Қытай, Иран және басқа да елдер секілді жаңа нарық ашылуда. Осы нарықты игеруде Оңтүстік Қазақ­стан облысының әлеуеті зор. Себебі, тарихи өлкенің аг­рар­лы саласы жақсы дамыған. Соң­ғы 3 жылда жиналған бақ­ша өнімдерінің көлемі 1 миллион тоннадан асып түседі. Қазақ­стандағы жылыжайдың 90 пайы­зы біздің өңірде орналасқан. Мақта толығымен, ал жүзім мен бақша өнімдерінің 70 пайызы осы облыста өсіріледі», деді облыс әкімі. 

Форумда «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орын­басары Мейіржан Майкенов Қазақстанның инвестициялық климаты жөнінде баяндама жасады.

Бизнес-форум аясында қол қойылған меморандумдардың алғашқысы – «Шымкент» әлеу­­­мет­­тік-кәсіпкерлік корпо­ра­ция» Ұлттық компания­сы» АҚ Қы­тайдың Аньхой про­вин­циясының халықаралық сауда қатынасын дамыту комитетімен екіжақты түсіністік жөнінде меморандумға қол қойды. Сон­дай-ақ, осы компания «НГ-Энерго» ААҚ-мен әріптестік арт­тыру жөнінде келісімге кел­ді. Екі тарап алдағы уақытта өз­ара қарым-қатынасты дамыта түс­пек. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкер­лік, индустриялдық-инновациялық да­­му жә­не туризм басқармасы мен «POWER LANDMARK HOLDINGS LTD» компаниясы ара­сында өзара келісімге келіп, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде меморандумға қол қойды.

Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесу ұйымдастырылған. Нәтижесінде, медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресей елімен – Еуро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытын салу, ал Қытай елімен бір­­лесе, биоэталон, фосфор тыңайт­қышын шығаратын және 200 МВт күн электр стансасы құры­лыстарын жүргізу бойынша келісімдерге қол қойылды.

«Оңтүстік өнімдері» арзан сатылды

Оңтүстік – халқы көп, соған сай жұмыс орнын да молынан қажет ететін өлке. Халық саны ағымдағы жылдың шілдесіндегі көрсеткіш бойынша 2 миллион 899 мыңның шамасында. Яғни, тұтынушылардың көптігі орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына, тауар өндіру сапасының артуына да септігін тигізеді деген сөз. Бұл тұрғыда оңтүстіктен шығатын, сапаның ең жоғары стандарттарына сай келетін дәрі-дәрмектер мен дәрілік зат­тардың, медициналық бұйым­дардың, кілемдердің, костюмдер мен шұлық-ұйықтардың, үй жабдықтарының жақсы сұра­нысқа ие екенін білеміз. Оңтүстік Қазақстан облысы күндері аясында елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Оң­түстік өнімдері» деген атпен өткен тауарөндірушілердің көр­месінде оңтүстіктен шығатын са­палы, сұранысқа ие, молынан тұтынылатын дерлік заттар қойылды. Көрменің ал­ғаш­­қы күнінде облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаевтың өзі қаты­сып, келушілерге осы көрме арқылы да күнгей өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға болаты­нын жеткізген еді. «Биыл елімізде шын мәніндегі ғажайып оқиға – «Астана ЭКСПО-2017» ха­лықаралық көрмесі өтуде. Бұл техникалық және технологиялық жетістіктерді көрсететін, жа­ңа идеялар мен қызықты жоба­лардың нышаны, индустрияландыру символы болып табылатын халықаралық көрме. Ал бүгінгі тауарөндірушілер көрмесінің өткізілуі біз үшін өте маңызды оқиға. Мұнда өзіміздің жетістіктерімізді көрсетіп, көп­­шілікке танымал етуге, тұ­тынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланыс­ты ор­натуға мүмкіндік көп», – де­ді Жансейіт Қансейітұлы көр­менің ресми ашылуында. Со­дан соң келушілердің назары­на LED экранда облыстың инвес­тициялық тартымдылығы бойынша бейнероликтер мен облыстағы кәсіпорындар туралы фильмдер көрсетілді. 

Қыркүйектің 29-ында бастал­ған «Оңтүстік өнімдері» көрмесі үш күнге созылды. Оған тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және құ­рылыс заттары салаларының 60-тан астам кәсіпорны қа­тыс­ты. Көрмеге келушілер респуб­ликаға кеңінен танымал кілем өнімдерін, үйге арналған тоқы­ма бұйымдарды, оңтүстікте тігіл­ген аяқ киімдер мен ерлер костюмдерін, сәбилерге ар­нал­ған киімдерді, жиһаздарды, азық-­түлік өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан са­тып алды. Сондай-ақ, қыр­күйектің 1-2-сі күндері Оңтүс­тік Қазақстан облысы ауыл ша­руашылығы өнімдерінің жәр­меңкесі де ке­лу­шілерін кү­теді. Жәрмеңке «Қазақ­стан» спорт кешенінің ал­­дындағы алаңқайда өтпек. Ай­та кеткен жөн, биыл Оңтүстік Қазақ­стан облысы Ас­танадағы атаулы жәрмеңкесін бесінші рет өткізуде.

Кереметтің бірі – өнер керуені

Оңтүстік Қазақстан облысы­ның Астана қаласындағы күндері күнгей өлкенің эстрада және дәс­түр­лі әншілері, ұлттық ас­пап­та орындаушыларының қа­ты­­суымен сазды-әуенді шерумен жалғасты. Өнерпаздар екі қабатты, үсті ашық қызыл автобуспен қоғамдық орындарды аралап, танымал қазақ әндерін шырқады. 

Арнайы музыкалық құрыл­ғылармен жасақталған қоғамдық көлік Астана қаласының көрікті жерлері мен саябақтарына аялдап, өнерпаздар оңтүстіктен шық­қан жергілікті сазгерлердің та­нымал әндерінен шашу шашты. 

Мерекелік өнер думанының шерушілері, яғни, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық опера және балет театрының белгілі әншілерінен құралған 30-дан аса өнерпаз астаналықтарға оңтүстіктің ән сәлемін жолдады.

Сондай-ақ, «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты өнер керуе­ні де өте әсерлі шаралардың бірі ре­тін­де есте қалмақ. Бұл керуен «ҚазМұнайГаз» компаниясының ғи­ма­раты маңайынан шығып, «Нұржол» гүлзары бойымен «Бәй­терек» алаңына дейін жүріп өт­ті. Керуен сапында «Алтын адам», Арыстан баб, Ясауи, әл-Фа­раби, басқа да тарихи тұлғалар, хандар мен билер, батырлар мен ару­лар бейнесінде киінген өнер­паздар, әнші-бишілер, цирк әртіс­тері болды. Тарихтан сыр шертетін бұйымдарға да осы керуеннен орын тиді. Өнерпаздар оңтүстіктен шыққан атақты композиторлар – Шәмші Қалдаяқов пен Сейдолла Бәйтерековтің әндерін орындады. Өнер керуені Құрманғазының «Балбырауын» күйімен тәмамдалды. 600 жас домбырашы бір мезетте осы күйді орындап, мерекелік шараны думанды шоуға айналдырды.

Осы күндердің ішінде оң­түс­­тіктен келген өнерпаздар аста­налық көрермендер үшін 40-тан аса мәдени іс-шара өткізбек. «Шаян­ға барсаң әншімін деме, Со­заққа барсаң күйшімін деме» дейтін аталы сөзге арқау болған ән мен күйдің өлкесінен осы жо­лы 1000-нан аса өнерпаз кел­ген. Олардың қатарында жо­ға­рыда атап өткеніміздей, Ш.Қал­дая­қов атындағы облыс­тық филар­монияның, опера және балет театрының танымал әнші­лері, «Семсер» тобы, «Өр­кен» отба­сылық ансамблі, «Асу» триосы, «Қазына», «Шаттық» би ан­сам­бльдері, оңтүстіктен шық­қан көп­теген танымал әнші-би­шілер бар. 

Күнгей елі елордалық жас тұр­­ғындар үшін де тартулар әзір­лепті. Солардың бірі – «Күш атасы – Қажымұқан» ани­ма­циялық фильмі. Аталмыш мульт­фильмнің тұсауы Оқушы­лар сарайында кесілді. Мульт­фильмде Қажымұқан Мұңайт­пасовтың ерліктері көрсе­тіледі. 2D форматындағы туындыны Шымкенттегі «САҚ» киносту­диясы түсірген. Көрсетілім ре­жис­сері Батырхан Дәуренбеков бол­са, сценарий авторы және про­дюсері Бақытжан Құлжабаев. Ас­тана қалалық қуыршақ театрында қойылған «Алтын балық», Астана циркінде ұсынылған «То­мирис» туын­дылары да балалар үшін өте тартымды болғанын ай­та кеткен жөн.

Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің ашылуы барысында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары «Оңтүстіктің 7 ке­реметі» деген атаумен ерекше же­ті шараның өткізілетінін баян­даған болатын. Сол жеті ша­раның біразы өтіп кетті. Оны жо­ғарыда айттық. Ал енді бүгін, яғ­ни, Құрбан айт мейрамының бірінші күні «Этноауылда» 5000 адамға арнап палау пісіріліп, «1 қауын, 1 қарбыз» атауымен 20 мың тонна қауын-қарбыз тегін таратылмақ. Сондай-ақ, бүгін «Бәйтерек» монументінің алдында оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Еркінбек Бөкебаев құрастырған қазақ арбасымен келушілерге айттық дәм ұсы­нылады. Ал 1-2 қыркүйек күн­дері 2 қабатты ағылшын ав­то­­бусымен елорданың адам көп шоғырланатын жерлері мен Мәң­гілік ел, Сарыарқа кө­ше­­ле­рінде музыкалық шеру ұйым­дастырылмақ. Оңтүстік Қазақ­стан облысының елор­да­дағы күндері ЭКСПО қала­шығындағы гала-концертпен қорытындыланатынын да ай­та кеткен жөн. 3 қыркүйекте қа­ла­­­шықтағы амфитеатрда Оң­түс­тік Қазақстан облысынан шық­қан танымал әншілер қала тұр­ғындары мен қонақтары үшін өнер көрсететін болады. 

Айгүл СЕЙІЛ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
Фото: Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»