Жазғы спорт • 01 Қыркүйек, 2017

16 жүлдемен жарысты аяқтадық

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытайға қарасты Тай­вань провин­ция­сының астанасы Тай­пейде XXIX Жазғы Уни­вер­сиада-2017 ойындары аяқталды. 19 тамызда жалауы желбіреген байрақты бәсекеге әлемнің 142 елінен келген 7600-ден астам студенттер спорттың 21 түрі бойынша сынға түскен болатын. 

16 жүлдемен жарысты аяқтадық

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары спорттың 14 түрі бойынша ел намысын қорғады. Биылғы Жазғы Универсиаданың қорытындысы бойынша, 120-ға жуық спортшымыз 3 алтын, 6 күміс және 7 қола жүлде иеленді. Жалпыкомандалық есепте біздің студенттер 16 медальмен 21-ші орынға тұрақтады. Сондай-ақ, Қазақ­стан құрамасымен бірдей медаль жинаған Түркия құрамасы 20-шы орынға жайғасқан. Түріктер бізден күміс жүлде есебі бойынша алға шыққан. Бұл сында Жапония құрамасы бірінші болды. Күншығыс елі студенттерінің еншісінде 101 медаль бар (37 алтын, 27 күміс және 37 қола). Оңтүстік Корея спортшылары 82 жүлдемен (30, 22, 30) екінші орында тұр. Ал жарыстың соңғы күнінде Ресей құрамасын медаль бойынша басып озған Тайвань спортшыларының қоржынында 90 медаль бар (26, 34, 30).

Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен XXVIII Жазғы Универсиада ойындарында қазақ спортшылары 10 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-ші орыннан көрінген болатын. Сол жылы студент спортшыларымыз 6 алтын мен 4 қоланы құрама қоржынына сал­ған еді. Ал бірінші орынды Оңтүстік Ко­рея спортшылары 108 медальмен (47 ал­тын, 32 күміс және 29 қола) иеленген-ді. 

Екі жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын студент­тердің келесі универсиадасы 2019 жылы Италияның Неаполь қаласында өтеді.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»