Бокс • 04 Қыркүйек, 2017

Қазақстан құрамасы әуесқой бокстан әлем чемпионатында 6 медаль алды

814 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Германияның Гамбург қаласында 25 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында әуесқой бокстан ХІХ әлем чемпионаты өтті. Екі жылда бір ұйымдастырылатын бұл додаға биыл 85 елдің 279 былғары қолғап шебері қатысты. Куба, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары Гамбург рингінде толық құрамда, яғни 10 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. 

Қазақстан құрамасы әуесқой бокстан әлем чемпионатында 6 медаль алды

Қазақ елінің боксшылары Алманиядағы аламанға мына құрамда аттанған болатын: Ержан Жомарт (49 кг), Азамат Исақұлов (52 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг), Әділет Құрметов (60 кг), Бекдәулет Ибрагимов (64 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Ерік Әлжанов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг). Осылардың арасында бұрын әлем чемпионатының тартысына түскен үш-ақ боксшы болды. Олар – Қайрат Ерәлиев, Абылайхан Жүсіпов және Василий Левит. Қалғандарының жас шамасын бота тірсек бозбала деп айтуға келмес, дегенмен мұндай деңгейдегі сайыста бақ сынап, ысыла қоймаған боксшылар еді. 

Бірден айта кету керек, осындай жаңарған, сынақ түріндегі құрамда сынға түскен боксшыларымыздың нәтижесін толайым табысқа балаған жөн. Әрине, бұдан да тәуір нәтижеге қол жеткізуге болушы еді. Бірақ, бұйырғаны осы болды.

Әр нәрсенің парқы салыстырғанда білінеді. Мәселен, құраманың осыдан екі жыл бұрын, яғни 2015 жылы Дохада (Қатар) өткен әлем чемпионатындағы нәтижесі тұрғысынан алғанда, алға басқан қадамымыз аршынды болды. Дохада біздің боксшыларға екі-ақ жүлде бұйырған болатын. Данияр Елеусінов (69 кг) пен Иван Дычко (+91 кг) финалдық жекпе-жектерінде жеңіліп, күміс медальға қанағат еткен еді.
Биылғы әлем чемпионатының жартылай финалына алты бірдей боксшымыз атойлап шықты. Қоржында кем дегенде алты «қола» бар деп көңіл марқайтқанымызбен, «алтын», «күмістен» де дәмеміз зор еді. Өкінішке қарай, алты боксшымыздың үшеуі жарыстың келесі кезеңіне шыға алмай, қола жүлдені қанағат етті.

Енді, финалға шыққан үш боксшы­мыздың көрсеткен өнері туралы аз-кем айта кетейік. Жамбыл бокс мек­тебінің түлегі, 75 кило салмақта сынға түскен 20 жастағы Әбілхан Аман­құл, сөз жоқ дарынды боксшы. Осы чемпионатта ол өзінің жасты­ғына қарамастан, сабырлы жүріп асқан салқынқандылықпен жұдырық­тасатын, соққылары өте ауыр шебер ретінде көрсетті. 

Финалға дейін небір азулы боксшыларды тұқыртып, тізе бүктірді. Жартылай финалда Олимпиада және әлем чемпио­ны кубалық Арлен Лопесті жең­генінің өзі сенсацияға балан­ған еді. Өкінішке қарай, ше­шуші жекпе-жекке біздің бокс­шы шаршаңқырап шықты, пси­хо­логиялық тұрғыдан да айқас­қа әзір болмағаны көрініп тұрды. Сол себепті, Еуропаның биыл­ғы чемпионы украиналық Алек­сандр Хижняк ринг үстінде ойы­на келгенді істеп, біздің бокс­шы­ны ойсырата жеңді. 

Аса ауыр салмақта үміт еткен қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаевқа қарсы өте тәжі­ри­белі, талай сойқанды көрг­ен әзер­байжандық Маго­медрасул Мед­жидов жұды­рық­тасты. Біз­дің бокссүйер қауымның есін­де ол қазір кәсіпқой боксқа ауыс­қан Иван Дычконы нокаутқа тү­сір­­генімен есте қалған еді. Жар­ты­лай финалда камерундық қара күш иесі Фоку Арсеннің өзін екі рет нокдаунға жіберіп, бокс ма­ман­дарының жылы ілтипатына бөленген боксшымыздың ше­шу­ші жекпе-жекте шалғысы тас­қа тиді. «Қамшыбекке әлі де болса көп жұмыс істеу керек», деді бас бапкер финалдан кейін журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ, ол Әбіл­­хан Аманқұлдың күміс жүл­­­дес­ін өте жоғары нәтиже ре­тін­де ба­­ғалады. «Алғашқы әлем чем­пи­­онатында финалға же­ту деген жас боксшы үшін тама­ша көрсеткіш», деді ол.

Ал Қазақ еліне жалғыз алтын жүлдені сыйлаған Қайрат Ерә­лиевтің атына қандай мадақ айт­са да жарасады. Жалпы, Оң­түстік Қазақстан боксының өкі­лі Ерәлиев ел құрамасындағы ең тәжірибелі боксшылардың бі­рі, биыл ол 29 жаста. Ай­қас­ты бастан көп өткеріп, ысыл­ған­дығының арқасында ол не­бір мықты қарсыластарын жа­рыс жолынан ығыстырды. Әсі­ресе, ежелгі қарсыласы, Рио-2016 Олимпиадасында өзінің жо­лын кескен өзбек боксшысы Муроджон Ахмадалиевті бет­қа­рат­пай жеңгені Ерәлиевтің ең­­­сесін көтеріп жібергені сөз­сіз еді. Алтын жүлде үшін бол­ған ай­қаста біздің бокс­шы аме­ри­ка­лық жас дарын Дюк Роганды қи­налмай жеңді. «Ерәлиевтің қар­сыластары мықты болды. Де­генмен, ол өзінің ақыл-ойы, тә­жірибесі және шеберлігінің ар­қасында чемпион атанды», деді әлем чемпионының жеке бапкері және Ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.

Жалпы, Гамбург рингі Бос­тандық аралы өкілдері үшін аса табысты болды. Жал­пы­командалық есепте бірінші орын­ды жеңіп алған Куба құра­ма­сынан Хоанис Аргилагос (49 кг), Йосбани Веития (52 кг), Энди Крус Гомес (64 кг), Хулио Сесар ла Крус (81 кг) және Эрисланди Савон (91 кг) чемпион атанса, Ласаро Альварес (60 кг) пен Рониэль Иглесиас (69 кг) күміс жүлдегер атанды.

Сонымен қатар, бұл чемпионат Өзбекстан боксының өрлеу үстінде екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Бауырлас елдің былғары қолғап шеберлері жалпы саны алты медаль жеңіп алып, Куба боксшыларынан кейінгі екінші орынға табан тіреді. Шахрам Гиясов (69 кг) чемпион атанса, Хасанбой Дусматов (49 кг), Жасурбек Латипов (52 кг) және Икболжон Холдаров (64 кг) күміс жүлдеге ие болды. Ал Бектемір Меликузиев (81 кг) пен Санжар Турсунов (91 кг) қола медальды қанжығаға байлады.

Гамбургтегі әлем чемпиона­тын­да мамандар қабағы мен маң­­дайы жарылған боксшы­лар­дың көп болғанына назар аударды. Бірақ, боксшылардың басына киетін шлем туралы әңгіме әзір­ге қозғала қойған жоқ. Әйтсе де, ерте ме, кеш пе шеберлердің ше­кесін қыздырмай тұрған бұл мә­селе күн тәртібіне қойылуы әбден мүмкін. 

Ал біз болсақ, әлемде үздік үш­тіктің ішіне кіреміз деген сө­зі­­мізді ұстап қалдық. Тағы да қай­­­талап айтамыз, жаңарған құ­­­ра­м­­мен жаһандық додада ко­ман­да­лық жүлдеге ілігу деге­ні­ңіз айт­­қанға ғана оңай шаруа!

Алманиядағы бокс аламанында төрешілер тарапынан қа­са­қана бұрмалаушылықтар бол­­маса да, ара-тұра белгілі бір бокс­шыларға қатысты бүйрек­бұ­­рушылықтардың орын алғаны рас. Дегенмен, жалпы алғанда, бұл чемпионатта қазылардың әділеттің ақ жолынан  алысқа ұзай қоймағаны қуантты. Осы тұр­ғыдан алғанда, АИБА-ның әді­­летсіз төрешілермен аяусыз кү­ресіп жатырмыз деген мә­лім­демесіне сенгің-ақ келеді.

Әуесқой боксшылардың ке­лесі ХХ әлем чемпионаты екі жыл­дан кейін Ресейдің Сочи қаласында өтеді. Оған дейін біздің боксшылар Индонезияның Джакарта және Палембанг қала­ла­рында өтетін Азия ойында­рын­да бақ сынайды. Ал ол Сары­құр­лық додасына Қазақстан коман­да­сының қандай құрамда барары алдымыздағы қараша айында өтетін ел чемпионатынан кейін белгілі болуы мүмкін. Бұл турасында бас бапкер Мырзағали Айтжанов былай деді: «Бізде резерв бар және бәсеке өте жоғары. Алдымызда Қазақстан чемпионаты және басқа да турнирлер бар. Азия ойындарына мықты құрамда апарып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуға бар күшімізді саламыз».

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген
Данияр МАЙЛЫБАЕВ

Соңғы жаңалықтар