Мерекенің ресми бөлігінде Гондурас Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Долорес Агуэро Лара Мария сөз сөйлеп, елінде жанғыш энергияны қолдануды азайту мәселелерін шешуде үлкен жұмыс атқарылып жатқанын əңгімеледі. Яғни, Гондурас тұтанбалы отынды жаңғырмалы энергия көздеріне алмастыруда. Оның айтуынша, «Болашақтың энергиясы» атты көрме тақырыбы жаһандық жылыну және климаттық өзгеріс орын алған заманда елеулі мәселелердің қатарына кіреді.
«1992 жылы Риодағы Жер саммитінен бастап климаттық өзгеріс бойынша халықаралық шаралар қолданылуда. 2015 жылы Парижде өткен климат өзгерісі жөніндегі конференцияда адамзаттың атмосфераға парниктік газдардың шығарылымын тұрақтандыру қажеттілігі атап өтілді. Мемлекетімізде парниктік газ шығарылымының үлесі аз, алайда 1996-2015 жылдар аралығында климаттық өзгерістердің жаһандық қауіптері көрсеткіші бойынша еліміз әлем бойынша осал мемлекеттердің қатарында болды. Бүгін баршамыз – ұлттар мен мемлекеттер бір-бірімізге тәуелділігімізді түсіне отырып, өзімізді және болашақ ұрпақты жарқын әлеммен қамтамасыз ету үшін өзара тиімді әрекеттесуіміз қажет», деді Долорес Агуэро Лара Мария.
Қазақстан тарапынан сөз алған Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алексей Цой ЭКСПО-2017 көрмесі екіжақты қатынастың нығаюына мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
«Қазақстан саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салаларда, сондай-ақ денсаулық сақтау, атап айтқанда, медициналық сақтандыру және туризм салаларында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Қазақстан және Гондурас арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1995 жылы 28 қарашадан бастап орнады. Гондурастың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы елдеріміз арасындағы екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретініне кәміл сенемін», деді вице-министр.
Гондурас – күн энергетикасының үлесі бойынша әлемдегі жетекші ел. «ЕNEE» энергетикалық компаниясының статистикалық мәліметтері бойынша 2016 жылы бұл елде электр энергиясының 10,2 пайызы фотоэлектрлі күн электр стансаларында өндірілген. Бұл – дүние жүзі бойынша рекордтық көрсеткіш.
Асхат Райқұл,
"Егемен Қазақстан"
Суретті түсірген Ерлан Омар,
"Егемен Қазақстан"