Білім • 04 Қыркүйек, 2017

Жаңа оқу жылы - жаңа табыстар бастауы

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 2017-2018 жылғы жаңа оқу жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дәстүрлі іс-шараға жоғары оқу орнының бұрынғы ректоры академик Кенжеғали Сағадиев пен ғарышкер-ұшқыш, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов қатысты. Жиын арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен ашылып, ел туы сахна төріне көтеріліп, мемлекеттік әнұран шырқалды.

 Жаңа оқу жылы - жаңа табыстар бастауы

Университет жаңа оқу жылын биыл да табысты бастады. Студенттер қатары 3000 жас түлекпен толығып, жоғары оқу орны 1156 білім грантын жеңіп алды.

Студенттер мен оқытушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаған университет ректоры Ақылбек Күрішбаев оқу орнының ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялау үрдісі басталғанын, бұл жүзеге асқан шақта ҚазАТУ еліміздегі Назарбаев университеті типтес екінші оқу орны болатынын атап өтті.  

-Біз өз университетімізді шын жүректен жақсы көреміз, бір-бірімізбен ауызбіршілікте, бір үйдің баласындай өмір сүреміз,  шаңырағымыздың абыройын асқақ ұстауға тырысамыз. Осындай еңсесі биік елде тұратынымызды, осындай абыройы асқақ оқу орнында жұмыс істеп, оқитынымызды әрқашан мақтан тұткамыз. Сондықтан сіздер де осы үрдісті жалғастырып, біздің отбасының мүшелеріне айналасыздар деген сенімдемін, - деді оқу орнының басшысы.

«Біздің университет – тамырын тереңнен алатын, тарихы бай, осынау тың өлкесін игеру шағында тұңғыш құрылған ең байырғы оқу орны. 60 жыл ішінде оқу орны қабырғасынан 65 мыңнан астам түлек ұшып шықты.  Олардың ішінде бүгінде елімізге, әлемге танымал талай қоғам қайраткерлері, ғалымдар, спортшыларымыз бар.  ҚазАТУ – Қазақстандағы ең ірі аграрлық және техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Университетіміздің ең басты құндылығы – сапалы білім беру. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. ҚазАТУ-да 9 факультет, 47 кафедра, 25 ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп, 94 ғылым докторы, 12 PhD доктор, 350 ғылым кандидаты еңбек етеді. Университетіміз әлемдегі 800 үздік университет қатарына кіреді», - Ақылбек Күрішбаев.