Президент • 05 Қыркүйек, 2017

Жүктелген міндет жүзеге асуымен құнды

352 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақ­стан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырысты, регламентке сәй­кес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин жүргізді. Ол алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашып беру үшін сөзді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

 

Жүктелген міндет жүзеге асуымен құнды

Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 59-бабына сәйкес алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашық деп жариялаймын, деп бастады сөзін Президент. Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын! 28 маусымда Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, Парламенттің жоғарғы палатасының құрамы жаңарды. Жаңа сайланған халық қалаулыларын да қызметтерімен құттықтап, табыс тілеймін!

Біз биыл жаңғырудың жаңа көкжиек­терін ашып, іргелі процестерді жүйелі түрде жүзеге асыруға кірістік. Жаңғыру үрдісі негізгі үш сала – экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде. Бұл реформалардың негізінде біз «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы мақсаттарымызға жетеміз. Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз.

Көзделген жұмыстардың қарқынды, әрі жүйелі атқарылуына Парламенттің де қосқан үлесі зор, деп жалғады сөзін Елбасы. Өткен сессияда біршама жемісті жұмыс жасалды. Парламент қоржынындағы 111 заң жобасының 84-і қаралып, қабылданды. Қазір олар күшіне еніп, еліміздің игілігіне қызмет етуде. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ең негізгі, біз үшін өте қажетті, маңызды екенін білесіздер.

Депутаттардың белсенділігі де жо­ғары деңгейде, сіздердің бастама­лары­ңызбен бір жылда 15 заң жобасы дайын­далды. 17 үкімет сағаты мен 7 парла­менттік тыңдау аясында билік тармақ­тары маңызды мәселелер бо­йынша қоян-қолтық жұмыс істеді. Қос пала­таның жалпы отырыстары мен Үкімет сағаттарының онлайн режімде өтуі Пар­ламенттің жұмысын ашық әрі халыққа қолжетімді ете түсті.

Президент өзінің сөзінде үшінші сессияда осы жақсы үдерістерді жалғастырып, қарқынды әрі сапалы жұмыс істеу керек екенін атап көрсетті. Алдымызда талай сүбелі шаруалар тұр, деді осыған орай Елбасы. Басталған келелі істерді әрі қарай да заңнамалық қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, жан-жақты жаңғырудың мәні мен мақсатын елге жете түсіндіріп, оған халықты жұ­­мыл­дыру да басты міндеттердің қа­тарын­да. Депутаттар өзге билік тармақ­тарымен және халықпен тығыз жұмыс істеп, ел сенімін ақтайтынына кәміл се­немін. Барлықтарыңызға табыс тілеймін.

2017 жыл Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, деп жалғастырды сөзін Пре­зидент. Саяси тұрақтылық пен қоғамдық кон­сенсустың арқасында, жоғарыда айтып кеткеніміздей, біз үш базалық сала – экономиканы, саясатты, сананы жаң­ғыртуға кірістік.

Біріншіден, Жолдауда техно­ло­гия­лық, инфрақұрылымдық жаңғыртудың жаңа кезеңіне серпін берілді.

Екіншіден, конституциялық реформа билік тармақтарының дәл тепе-теңдігін қалыптастырды.

Үшіншіден, біз рухани жаңғырту мен ұлттық сананы жаңартудың үдерістерін кең көлемде жүргізе бастадық. Іс жү­зін­де осы үш бағыт қазақстандық жаң­ғыр­тудың жүйелік триадасы болып табылады.

Алайда, мұндағы қиын мәселе сол, біздің жаңғыртуымыз айтарлықтай күрделі жаһандық жағдайда жүріп жатыр. Әлемді бұрынғысынша тынышсыздық билеп тұр. Державалар арасындағы үнқатысу санкциялық саясатпен ілесе жүруде. Өңірлік жанжалдар да толас­тар емес. Деструктивті идеологиялар өзінің ықпалын кеңейтуді жалғастыруда. Оның үстіне, жаңа мүмкіндіктермен қатар, тәуекелдерді қоса әкеле жатқан тотальды цифрландыру да күш ала түсуде. Осының барлығы жаңғырту уақытының есебі жылдап емес, минуттап жүретінін білдіреді. Қазақстан міндетті түрде үлгеруі тиіс. Мен мұны еңсере алатынымызға сенімдімін.

Мемлекет басшысы бүгін Парламент өзінің жұмысын жаңа жағдайларда, палаталар да, Үкімет те, қосымша өкі­лет­тіктерге ие болған кезде бастағалы отырғанын, демек бұл жауапкершіліктің де жүгі ауырлай түсетінін білдіретінін атап көрсетті. Практикалық міндеттер, бі­рін­ші кезекте, атқарушы билікке жүкте­летіні белгілі. Үкімет жыл сайын­ғы Заң жобалау жұмыстары жоспары шеңберінде көптеген заң жобаларын негізгі жасаушы болып қалып отыр. Сонымен бір мезгілде Парламент депутаттары да заң шығаруда барынша көбірек бастамашылық таныта бастады. Мен мұны оңды құбылыс деп санаймын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент бұл жерде мәселеге қа­шанда тар ведомстволық немесе өңірлік мүд­­делер тұрғысынан емес, жалпы мем­­лекеттік мүдде тұрғысынан келу керек екеніне назар аударды. Соңғы кез­дері заң шығармашылық үдеріс ашы­ғы­рақ бола түсті. Парламенттік тыңдау­лар өткізіліп тұрады, жобаларды талқы­лау­ға сарапшылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері тартылып жүр. Соған қара­мастан, азаматтар әр­кез құлағ­дар емес, өздерінің заңдар­дан туын­дай­тын құқықтары мен міндет­терін білмей­ді. Сондықтан түсіндіру жұмыс­тары ерек­ше назар аударуды қажет етеді. Қазақ­стан­дықтар заңнамалық жаңа­лықтардың барысынан құлағдар болуға толықтай құқылы. Бұл туралы мен су­дьялар съезі мен ҚХА сессиясында айтқан болатынмын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осы маңызды жұмысқа барлығы – Үкімет, Парламент, мемлекеттік аппарат, сарапшылар қоғамы қатысулары тиіс, деп жалғастырды сөзін Мемлекет басшысы. Қабылданатын заңдарды түсіндірудің үйлестірушісі – Әділет министрлігі. Осы жерде атап көрсететін жайт: бүгінде биліктің барлық тармағынан жауапкершілік пен үйлесімділік талап етіледі. Біздің заңдарымыз барынша бәсекеге қабілетті, прагматикалы болуы тиіс және аса жоғары стандарттарға жауап беруі керек.

Президенттің атап көрсеткеніндей, Қазақстан қазіргі таңда бірқатар маңызды стратегиялық міндеттердің қарсаңында тұр. Парламент, Үкіметпен бірлесе отырып, Ұлт жоспарын, Жолдауды және тұтастай алғанда, барлық қабылданған бағдарламаларды қамтамасыз ету бо­йынша мүмкіндіктерді толықтай пайдалануы тиіс. 2018 жылы қоғамды рухани жаңғыртуға байланысты бірқатар бағыттар бастау алатын болады.

Біріншіден, біз қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жұмысты бастадық. Сондықтан біз жат әрі ескірген догмалар шеңберінде қалып қоймауымыз керек. Біздің өзімізге тән бай тәжірибеміз, құн­ды­лықтарымыз бен даму жолдарымыз бар.

Мәдениет саласы ерекше маңызға ие, сон­дықтан аталған саладағы заңна­маны жетілдіру талап етіледі. Осы орай­да Елбасы заң жобалау жұмыстары­ның жоспары бойынша алғаш рет «Ки­не­матография туралы» заң қабыл­данатынын атап өтті. Бұл жерде отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негіздерін айқындау керек. Сонымен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту этносаралық қарым-қатынастарды реттеумен де байланысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент, келесі кезекте, мемлекет пен діннің қарым-қатынасын жетілдіру қажет­тігін айта келе, заңнамалық база қоғам­ның дін саласындағы кез кел­ген дес­тру­к­тивті қызметінен қор­ғау­­ды қамта­масыз етуі тиіс екеніне, тұтас­­тай, қо­ғамдық сананы жаңғырту қазақстан­дық­тар­дың прагматикалық, бәсекеге қа­білетті, ашық жаңа буынына жол ашатынына тоқталды.

Екіншіден, экономиканың өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жал­­ғастыру қажет. Атап айтқанда, мульти­пликативті әсер беретін салаларды қол­даған жөн. Мұның ТКШ, агроөнер­кәсіптік кешен, туризм, көлік, логистика және геологиялық барлау салаларына қатысы бар. Мәселен, су және жылумен жабдықтауды жаңғыртудың өзі орасан қаражатты қажет етеді. Инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін ТКШ және тариф қалыптастыру салаларындағы заңнаманы жетілдіру керек. Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүд­делерін теңдестіруге мүмкіндік туғы­зады. Сондай-ақ, мемлекет-жекемен­шік әріп­тестігін жетілдіру бойынша жұ­мыс­ты жалғастыру керек, деді Президент.

Елбасы үшіншіден, биыл Парла­мент­тің қарауына жаңа Салық кодексінің жоба­сы енгізілетінін көлденең тартты. Біз салық саясатын едәуір жақсартуы­мыз керек және бизнестің «сұрғылт» сыз­баларсыз ашық жұмыс істеуін ынта­лан­дырғанымыз жөн. Сонымен қатар, тиімсіз жеңілдіктер мен артықшылықтардан бас тартып, салықтық әкімшілендіруді оңай­лату қажет. Ағымдағы сессия барысында кеден заңнамасын жаңарту міндеті тұр, деді Мемлекет басшысы.

Төртінші. Бұрынғыдай тікелей ин­вес­тиция тартуға және экспорттық өнді­рісті ынталандыруға үлкен маңыз берілуде. Сондықтан арнайы эконо­ми­калық және индустриялық аймақтар жөніндегі заңнамаларды жақсартқан жөн. Жолдауда қаражатты нақты экономикаға дейін жеткізудің тетіктерін жетілдіру бойынша міндет қойылды. Квазимемлекеттік сектордағы сыртқы және ішкі займдарға егжей-тегжейлі мониторинг және бақылау жасау қажет. Депутаттарды осы саладағы заңнамалық жұмысты жүргізу ісі күтіп тұр.

Президент бесінші кезекте қаржылық реттеуші ретінде Ұлттық банктің пре­вен­тивті режімде жұмыс істеуі қажеттігін уақыттың өзі көрсеткенін атап айтты. Демек, оған банктерді бақылау үшін заңнамамен көбірек мүмкіндіктер берген жөн. Бұл жеке банктердің қызметінің күйреуіне, соңынан мемлекеттің есеп айырысуына тура келетін жағдайларға жол бермеу үшін қажет. Сондай-ақ, бизнесті дамыта отырып, біз саламатты бәсекелестікке жағдай жасауымыз қажет. Яғни, бағалық және тарифтік, оның ішінде сату мен сатып алудағы сөз байласуларды анықтау және жолын кесу жөніндегі құқықтық тетіктерді жақсарту керек, деді Мемлекет басшысы.

Алтыншыдан, бүкіл әлемде сақтан­дыру – азаматтарды әлеуметтік қорғау­дың маңызды жағы, ал сақтандыру ұйым­дары – ірі инвесторлар. Біздің елі­міз­де де сақтандыруды дамытып, сақтан­дыру қызметтерінің деңгейі мен қолже­тім­ділігін көтеру қажет.

Жетіншіден, дәрі-дәрмектер айналымы да маңызды әлеуметтік мәнге ие. Осы саладағы баға өсуінің алдын алатын шаралар қажет. Сондықтан да, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналымын реттеп отыру керек. Қазақстандықтардың қолжетімді, сапалы және қауіпсіз дәрі-дәрмекті пай­далануға құқықтары бар. Бұл бизнес қана емес – бірінші кезекте, ол әрбір адам­ның денсаулығы, ұлт саулығы.

Сегізіншіден, соңғы уақыттары цифр­ландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері айрықша көкейкесті бола түсті. Ұлт жоспарында ақпараттық қоғам­ды дамыту жөнінде нақты міндет­тер қойылған. Заң жобасы сіздердің қарауыңызда жатыр. Бірақ оның екінші жағы да бар. Тек соңғы үш жылда ғана ин­тер­нетте құқыққа қарсы контент 40 есе өсті. Демек, бізге сенімді «Қазақстан­ның киберқалқаны» қажет. Біз оны жа­сауды кейінге қалдыра алмаймыз. Елі­міздің, мәдениетіміздің, өз құнды­лық­тарымыздың мүдделерін қорғау қажет. Бұл – қауіпсіздік мәселесі.

Оның сыртында қорғаныс және аэ­роғарыш өнеркәсібі айрықша назар аударуды талап етеді. Саланы дамыту үшін тиісті министрлік құрылды. Ми­нистрліктің өз жұмысын толыққанды жолға қоюына жағдай жасайтын заң жобасы үстіміздегі жылы Парламентке енгізілетін болады. Оны шұғыл түрде қабылдау қажет, деді Президент.

Құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды одан әрі жалғастыру арқылы қыл­мыстық процесті жаңа деңгейге шығарып, құқық қорғау органдарының жұмысын халықаралық стандарттарға жақындату қажет, деп атап өтті Елбасы. Азаматтар мен бизнеске әкімшілік қысым жасау проблемасы бұрынғысынша өткір күйінде тұр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары көптеген жағдайда қысым жасау тетігі ретінде қолданылады. Ал ол кәсіп­кер­лікке кедергі келтіруде. Үкімет әзірлеген түзетулер азаматтар мен бизнеске жасалатын қысымды барынша азайтатын болады. Бұл түзетулерді жыл соңына дейін қабылдау қажет.

Оның сыртында бизнес ортаны жақ­сартуға, бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға, бизнестің кемшіліктерін төмендетуге бағытталған заң жобасы дайындалды. Оны да ағымдағы сессия шеңберінде қараған жөн. Заңдардың орын­далуына бақылау жасауға назар ау­дару қажет. Бұл жұмысқа, өз өкілет­тік­тері шеңберінде, депутаттық корпус та атсалысуы керек.

Парламенттің, бүкіл елдің алдында үлкен де жауапты жұмыстар тұр деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Кең ауқымды міндеттер мен шешімдер – ол, іс жүзінде, біздің 2017 жылдың жаһан­дық сын-қатерлеріне қайтарған жауабы­мыз. Жаңғырту ісі бүкіл күш-жігерді жұ­­­мыл­дыруды талап етеді. Жаңа жағ­дай­лар­да заң шығарушы және атқарушы тар­­мақтар сындарлы қызметтестікте бо­луы тиіс. Көптеген жағдайда ортақ ісіміз­­дің табысты болуы осыған байланысты.

Халқымыз Ел бірлігінің арқасында қай кезде де алдына қойған биік мақсат­тарының бәріне жетіп келеді. Сіздерге елде түбегейлі жаңғыртуды заңнамалық қамтамасыз етудің зор абыройлы міндеті жүктеліп отыр. Сондықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті жұмыс істейтін боламыз. Баршаңызды кезекті парламенттік сессияның ашылуымен құттықтай отырып, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Істеріңіз ілгері болсын, деп аяқтады сөзін Президент.

Президент Н.Назарбаевтың сөзін бірлескен отырысқа қатысқандар зор ынтамен тыңдап, аяқталғанда қоштау білдіріп қол соқты. Отырысты жүргізген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің заңнамалық билікке берген тапсырмаларының мүлтіксіз орындалатынына депутаттар атынан сенім білдіріп, жиынды жапты.

Сонымен алтыншы сайланған Пар­ламент өзінің үшінші сессиясының жұмысына кірісті. 

Лебіздер легі

Гүлмира ИСІМБАЕВА,
Мәжіліс Төрағасының орынбасары:

– Президент өзінің сө­зінде біздің экономикалық, саяси және рухани бағыттар бо­йынша жүргізіп жат­қан ре­формаларымыз елімізді дамыған 30 елдің қатары­на енгізу мақсатына жеткізе­тінін атап өтті. Еліміздегі тұрақтылық пен тыныш­тық, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз. Болашақта да осы құндылықтарымызды сақтайтын болсақ, біздің алар қамалдарымыз әлі де көп және соның бәріне қол жеткіземіз деп сенемін, деді ол. Сонымен қатар, Елбасы халықтың тұрмыс-ахуалын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Халқымыздың әл-ауқатын арттыру басты міндетіміз, дей келіп қазіргі озық елдердің деңгейіндегі ахуалға жету үшін Парламенттің алдына үлкен міндеттер жүктейтінін айтты. Ал депутаттардың алдында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын», бағдарламалық құжаттарды іске асыратын шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін сапалы заңдар қабылдау міндеті тұрғаны ескертілді. Сонымен бірге Елбасы мемлекеттік бюджет шығындарын тиімділікпен пайдалануға назар аударды.

Ұлттық сананы көтеруге бағытталған рухани жаңғыру бағдарының халық арасында қатты қолдау тапқанын айта келіп, Президент осы жұмысты жандандыра түсуді қалайтынын жеткізді. Өзіміздің тарапымыздан біз Елбасының алдымызға қойған міндеттерін толықтай орындаймыз деп айта аламын. Оған Мәжілістің барлық әлеуеті жетеді деп санаймын.

Ерболат МҰҚАЕВ,
Сенат депутаты:

– Президенттің өз с­ө­зінде мем­лекет­тік бюджеттен бөлін­ген қаражаттың тиімді жұм­са­­луын қатаң қадағалау керек­тігі туралы Үкіметке ес­керткені әбден орынды. Өте қымбат медици­налық жабдықтарды алғы­зып, бірақ оларды қолдана алмай тастаған жергі­лікті басшыларды сынады. Сонымен қатар мем­ле­кеттік бюджеттің қаражатына өте қымбат бала­бақшалар тұрғызып, оларды бассейн сияқты артық дүниелермен жабдықтағандар сын тезіне алынды. Барлық дамыған мемлекеттерде балабақшалар шағын, көп қабатты үйдің астыңғы қабатындағы 3-4 пәтерден ғана тұрады, ал оны мемлекет пен жекеменшіктің бірлесуімен ашуға болады. Ал бізде мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі туралы бағдарлама орындалмай жатыр, деп Елбасы атап көрсетті. Сонымен қатар жергілікті шенеуніктердің жекеменшіктің бастамашылдығын қолдамай, керісінше, олардан неше түрлі мін тауып, дамуына кедергі келтіретін фактілердің орын алып отырғаны айтылды.

Салық кодексіне байланысты болашақта енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтқаны да ұнады. Шынында, табысты көп табатындар салықты көбірек төлеп, аз табатындар аз төлеуі керек қой. Бізде бәріне бір түрлі ғана ставка қолданылады. Осының өзі дұрыс емес екенін Елбасы нақты мысалдармен атап берді.

Жалпы айтқанда, Елбасының сөздері халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекеттің дамуына мүмкіндік туғызатын мәселелер.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Мәжіліс депутаты:

– Президенттің сөздері әдеттегі дәстүрдей нақты-нақты міндеттерді көрсетіп, күткеніміздей айқын болып шықты. Ол біздің өткен сессиядағы жұмыстарымызға қысқаша шолу жасап, алдағы міндеттерге айрықша тоқ­талды. Соның ішінде экономикалық, саяси және рухани реформаларды жүзеге асыратын міндеттерді тереңдету қажеттігі туралы айтылды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жұмысын реформалап, тиімділігін арттыру мәселелеріне айрықша мән берілді. Алдағы уақытта осы бағытта көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін білдік. Осы органдар қызметіндегі жауапкершілікті арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Олардың халықпен жұмыс істеуде өздерінің міндетін заң шеңберінде атқару қажеттілігі де атап өтілді. Халық өз құқын тек соттар арқылы ғана қорғауы керектігін ұғатын кез жеткені айтылды.

Ал енді Салық кодексіне түбегейлі өзгерістер енгізілетін болыпты. Ол енді халықтың әлеуметтік мәселесіне тікелей байланысты. Қазіргі кездегі ғаламдық күрделі экономикалық жағдай біздің еліміздің дамуына да кері әсерін тигізеді.

Елбасы Парламенттің рөлін көтеру мәселесіне де тоқталып, қабылданған реформалардың іске асуын талап етті. Президенттің 37 өкілеттігін Парламент пен Үкіметке берген конституциялық реформа өзінің тиімділігін халыққа көрсете білуі керек. Бұл өкілеттіктер Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттыру үшін берілгенін ол атап өтті. 

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Сенат депутаты:

– Елбасы өткен сессияның жұмысына тоқталғанда ма­ңыз­ды заңдардың қабылдан­ғанын айтты. Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы заң, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын» жүзеге асыруға заңнамалық негіз болатын заңдар және т.б. туралы жақсы лебізін білдірді. Енді алдымызда енгізілген осы конституциялық өзгерістерді іске асырып, өмірде қолдану міндеті тұр. Президент бізден осыны нақты талап етті. Елбасы Парламент пен Үкіметке берілген өзінің 37 өкілеттігі билік тармақтарының дербестігі мен жауапкершілігін арттыратынына сенім білдірді. Біз осы міндеттерді қалтқысыз орындауымыз керек. 

Қаралатын заң жобаларын барынша ашық, қоғамның алдында талқылап жатқанымызбен, бәрібір жұмысымыздың барысы қоғамға толық жетпейді. Сондықтан халық арасында Парламент жұ­мысы туралы дүдәмал ойлар көп сияқты. Елбасы да өз сөзінде осыған назар аударды. Сондықтан, қабылданатын заңдар туралы халық арасына молырақ ақпарат таратып, олардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеруіміз тиіс. Жаз айларында халық арасында болғанымызда да осы мәселелер біздің алды­мыздан шыққан еді. Соның ішінде құқық қорғау саласындағы реформаларға байланысты заң жоба­ларымен халықты көбірек таныстыруымыз керек. Заңдарды талқылауға халықтың назарын ауда­рып, қызығушылығын тудыра алсақ, тұрғындар­дың заң саласындағы біліктілігі де артар еді. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды