Қазақстанда халықты жұмыспен қамту ісі қалай шешілуде?
«Екі қолға – бір күрек...». Әлдеқашан-ақ мәтелге айналып кеткен осы тіркестің қашан және қай жерде пайда болғаны белгісіз, әйтеуір, бұл сөзді жұмысты қажет деп білетін немесе жұмыс табуда кежегеңді кейін кетіретін кедергілерге кезігіп, әбден тауалы шағылған адамның айтқаны анық. Бүгінде баршамыз жарыса жамандайтын кешегі кеңестік кезеңде жұмысқа орналасу жөнінен ешқандай проблеманың болмағаны да белгілі шындық. Керісінше, ол заманда жұмыс істемеген адамды «за тунеядство» («жалқаулық үшін») деп жауапқа да тартатын. Қазір жағдай өзгерді.
Қоғамымызға дендеп енген нарықтық қатынастар әркім өз күнін өзі көреді деген қағиданы көлденең тартты. Бұдан шығатын қорытынды сол – егер күнкөріс үшін талпынғың келмесе, үйіңде (әрине, бас сұғатындай баспанаң бар болса) шалқаңнан түсіп жата беруіңе болады. Ешкім келіп саған әй, шанжиып неғып жатырсың, жұмысқа неге шықпайсың деп реніш білдірмейді, талап қоймайды. Біздің кейбір ағайындарымыздың осындай «мүмкіндікті» молынан пайдаланып жатқандары да еш жасырын сыр емес. Олардың кейбіреулері қолындағы азын-аулақ малына сенсе, енді біреулері мемлекет беретін атаулы әлеуметтік көмекті шүкіршілік етеді. Бірақ, адамдардың бәрі бірдей емес. Өзгелер сияқты еңбек етіп, «тамағы – тоқ, киімі – көк» дегендей, қатарынан қалмай өмір сүргісі келетін бауырларымыз да баршылық. Жақсы өмір сүру үшін жақсы жұмыс табу қажет. Небір кедергілердің жолыңды кес-кестейтіні де осындай сәт. Өйткені бүгінде «екі қолға бір күрек» табу қиынның қиыны. Бұл да нарықтың өзіне тән заңдылығы. Керек десеңіз, экономистердің пайымдауынша, нарық жағдайында еңбек өнімділігі артып, қолға алған ісіңнің ойлағандай жүруі үшін елде белгілі бір мөлшерде жұмыссыздық та болуы тиіс екен. Оның өзі түптеп келгенде, жұмыс істеп жүрген адамдарды өз кәсібіне жауапкершілікпен қарауға итермелейді. Себебі, зауыт қақпасының сыртында кім қашан жұмыстан қуылар екен, орын қашан босар екен деп кезек күткен халық тұр. Рас, жұмыссыздық шамадан тыс шарықтап кетпеуі керек. Өйткен күнде «істің насырға шабуы» да ғажап емес.
Дей тұрсақ та, жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, еңбек етіп табыс кіргізуге ынтасы бар адамдар өздеріне жұмыс табу үшін не істеулері керек деген сауалдың бас көтеруі де заңдылық. Бұл орайда да өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамның өзіне тән өзгешеліктері бар. Бүгінде жұмыс күшін іздеген бірқатар ұйымдар мен кәсіпорындар немесе қазіргі заманның тілімен айтқанда, жұмыс берушілер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру береді. Бұл, сөз жоқ, жұмыс іздегендер үшін жап-жақсы «көмек». Ең болмағанда олар қай жерде қандай жұмыс бар екенін біледі. Бірақ бұл сияқты хабарландыру беретіндер қатары онша көп те емес. Өйткені оның өзі кәсіпорын үшін қосымша шығын. Оның сыртында бүгінде жұмыс іздеп жүрген адамды тауып алу онша қиынға да түспейді. Әсіресе, қалалық жерлерде олардың өздері шақырусыз-ақ келіп тұрады. Осындайдан да республиканың алыс түкпірлеріндегі жұмыссыздар «екі қолға бір күрек» табуда үлкен қиыншылықтарға ұшырасады. Олар қандай қиыншылықтар?
Қазақстанда жұмыс іздегендерге өздерінің сайттары арқылы көмек көрсететін агенттіктер де бар. Олардың базасына еніп, бос орындар іздеу мүмкіндігіне ие болу үшін тағы да ақша төлеу керек. Рас, ол онша көп те қаржы емес. Ең төменгі төлемақы мөлшері 400 теңге болса, республика бойынша орта есеппен ол 1000-нан 3000 теңгеге дейінгі аралықты құрайды екен. Шындап келгенде, жұмысы, алып отырған тұрақты еңбекақысы жоқ адам үшін мұның өзі де едәуір салмақ.
Міне, дәл осындай жағдайда «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы іздегенге сұраған болып отыр. Осы бағдарламаны қабылдай отырып Үкімет қазіргі бар және болжамды бос жұмыс орындарының жалпыұлттық мәліметтер базасын құру жөнінде шешім қабылдады. Сонымен бірге, еңбекпен қамту органдарының қызметін жетілдіруге және ақпараттық қолдау көрсетуге 2011 жылдың өзінде ғана бюджеттен 2,1 миллиард теңгенің бөлінгенін атап көрсету қажет. Ең басты ерекшелік сол, жұмыс іздеушілер аталған базаға бір тиын да төлеместен, тегін тіркеле алады. Оның сыртында, егер үміткер үшін лайықты жұмыс табылмаса, ол жаңа мамандыққа оқуға немесе бұрынғы бар мамандығы бойынша біліктілігін арттыру курсына жіберіледі. Бұл ретте де оқу ақысын толықтай мемлекет төлейді. Сол себепті де Үкімет өзін өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген адамдарды оқытуға және олардың жұмысқа орналасуына ықпал жасауға 2011 жылға республикалық бюджеттен 14,6 миллиард теңге қаржы бөліп отыр.
Сонымен бірге Үкімет ауылдық жерде кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендерге шағын несие беруге де дайын. Бұл ретте егер коммуналдық игіліктерге жұмсалатын шығындар жобаның өзінің құнынан асып кетпеген жағдайда кәсіпкер үшін қажетті инфрақұрылымдар да (су, электр қуаты, газ, жол, байланыс және басқалар) тегін тартылып берілмек.
Содан кейінгі бір жақсылық, егер жұмыс іздеуші үшін, тіпті ол оқып шыққаннан кейін де лайықты орын табылмаса, ал кәсіпкерлікпен айналысуды қолайлы көрмесе, ондай жағдайда еңбекпен қамту органдары оған тұрғылықты жерді өзгертуді ұсынады. Бұл жолы да Үкімет көшіп-қонуға субсидия бөліп, болмаса соңынан сатып алатындай мүмкіндікпен жаңа үлгідегі арендалық тұрғын үй ұсынып, сол сияқты, кәсіби білім алу курсынан өтуге және еңбекке орналасуға ықпал жасай отырып, қолұшын созады. Сөз орайында бір аудан шегінде көшіп-қонған жағдайда көрсетілетін көмектің отбасы басына, яғни отағасына 10 төменгі есептік көрсеткішті, ал отбасы мүшелеріне 5 төменгі есептік көрсеткішті құрайтынын, көшу облыс көлемінде жүзеге асатын болса тиісінше 25 және 15 төменгі есептік көрсеткішті құрайтынын айта кету керек.
Сонымен, жаңа бағдарламаның міндеті қарапайым да түсінікті. Ол – тұрақты және өнікті еңбекпен қамти отырып, халықтың табыс деңгейін арттыруға барынша жағдайлар жасау. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, үкімет те, ірі бизнес те бірде-бір елде жеткілікті дәрежеде жұмыс орындарын құра алмайды. Сондықтан бұл мәселені мүмкіндігінше оңтайлы шешудің жалғыз жолы – ол өзін өзі жұмыспен қамтуға негізделген шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Мамандардың пайымдауынша, дәл осы өзін өзі жұмыспен қамтушылық жалдамалы еңбектен кәсіпкерлікке көшудің өтпелі формасы болып табылады екен. Ел экономикасындағы орасан зор кадрлық әлеует те осында жатыр.
Қазақстанда өзін өзі жұмыспен қамтушылар еңбек ететін адамдардың 33 пайыздан астамын құрайды. Сөйте тұра олар республикадағы жалпы қосылған құнның бар болғаны 10 пайызын ғана өндіреді. Осы келтірілген өзін өзі жұмыспен қамтушылардың 71,2 пайызы ауылдық жерлерде тұрса, 28,8 пайызы қалаларда еңбек етеді. Олардың білім дәрежелері де әртүрлі. Егер қаладағы өзін өзі жұмыспен қамтығандардың 27 пайызының жоғары, 32 пайызының орта арнаулы, 41 пайызының орта білімдері бар болса, ауылда тұратындардың 8,5 пайызының ғана жоғары білімі, 15 пайызының орта арнаулы және 76 пайыздан астамының тек орта білімдері ғана бар. Ауыл тұрғындарына басымдық берілуінің басты себептерінің бірі де осы
Өзін өзі жұмыспен қамтушыларды жария еңбек рыногына шығару маңызды мемлекеттік міндеттердің қатарына жатады. Өйткені ол адамдар да ертең жастары ұлғайған шақта өзгелер сияқты зейнетақымен қамтамасыз етілуі тиіс. Ал өмір бойы жұмыс істемеген адам үшін кім жинақтаушы зейнетақы қорына қаржы аударады? Оның сыртында өзін өзі жұмыспен қамтушылар әлеуметтік сақтандыру шараларынан да тыс қала бермек. Осындай жәйттерді ескергендіктен де «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын әзірлеушілер оқыту, қарапайымдатылған несиелер беру, консультациялық кеңестер беру және жаңа жұмыс орындарын іздеу арқылы еңбекке орналасу мен тұрақты жұмыспен қамту ісін ынталандыру бағытында шаралар кешенін қарастырып отыр. Сондықтан да бағдарлама соңынан жұмысқа орналастыру мақсатымен кәсіби оқыту, өз ісін, әсіресе ауылдық жерде, ұйымдастыруға ықпал жасау және мешеу қалған өңірлерден неғұрлым дамыған өңірлерге қарай қоныс аударуға көмек көрсету сияқты негізгі үш бағытты қамтиды.
Сөз ретінде мынадай бір ерекшелікті де айта кету орынды. Көбіне-көп жұмыс берушілер өздері үшін жұмыс күшін іздегенде олардың міндетті түрде еңбек өтілі болуын талап етеді. Әдетте бұл мерзім 5 жылдан кем болмауы тиіс. Ал бұл онсыз да жұмыс таба алмай жүрген адамдарға қосымша қиындықтар туындатады. Осындай кедергілерді ескере отырып, жұмыс берушілерді адамдарды ешқандай еңбек өтілінсіз-ақ қабылдай беруге ынталандыру үшін әлеуметтік жұмыс орындары да қарастырылған. Бұл орайда жұмысқа орналасқандардың еңбекақылары бастапқы бір жыл бойына ішінара субсидияланып отыратын болады. Алғашқы жарты жылда ол 50 пайызды (26 мың теңгеден аспайтын көлемде) құраса, одан кейінгі үш айда – 30, ал соңғы үш айда 15 пайызды құрайтын болады. Сонымен бірге, өздері үшін мамандарды өздері дайындағысы келетін жұмыс берушілер үшін де оқуға байланысты кететін шығындардың 70 пайызына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осылайша, тек биылғы жылдың өзінде ғана субсидияларға, стипендияларға, оқуға кететін шығындардың орнын толтыруға 14,6 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, өзін өзі жұмыспен қамтитындардың басым көпшілігі ауылдық жерлерде тұратындықтан және онда тұрақты жалдамалы жұмыс орнын құру оңайға түспейтіндіктен бағдарламада ауылдағы кәсіпкерлікке ықпал жасау жақтары да жақсы ойластырылған. Бұл бағыт өз ісін ұйымдастыруға немесе одан әрі кеңейтуге ынтасы бар ауылдықтардың белсенді тобына арналады. Осындай тілек білдірушілер жұмыспен қамту органдарына өтініш беріп, қажетті құжаттарды ұсынса жетіп жатыр. Белгілі бір кәсіпте өздерінің алғашқы қадамдарын жасауға ниет білдірген адамдарға тіпті тың идеяларға барып, рыноктан орын табуларына да көмек көрсетіледі, қажетті ақыл-кеңестер беріліп, кәсіпкерлік негіздеріне үйрететін бір айлық оқу курстарына жіберіледі. Ең бастысы, осылардың бәрі тегін жүзеге асырылады. Сонымен бірге, бизнес-жоба жасауға жәрдем беріліп, өз ісін бастау үшін қаржылары болмауы себепті шағын несиелер бөлінетінін де айта кету қажет. Бұл ретте де жеңілдіктер бар. Мәселен, 3 миллион теңгеге дейін жететін несие ең төменгі пайыздық өсіммен, 5 жыл мерзімге дейінге берілетін болса, несиенің пайыздық өсімін 18 айға дейін кейін шегере тұру мүмкіндіктері де қарастырылған. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін 2011 жылға ғана 5,3 миллиард теңгенің бөлінуінің өзі көп жәйттен хабар берсе керек.
Мешеулеп қалған елді мекендерден неғұрлым дамыған өңірлерге қарай қоныс аударуға жағдай жасау тұрғысындағы қолғабыс та тартымдылығымен және ынталандырушы шараларымен ерекшеленеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін, осыған дейін де еске салып өткеніміздей, қоныс аударушыларға соңынан жеке меншігіне сатып алу мүмкіндігімен жаңа орында арендалық тұрғын үй берілетінін айтсақ та жетіп жатыр.
«Үкімет 2016 жылға қарай бір жарым миллион адамды еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Осылайша елдегі кедейшілік деңгейін 6 пайызға дейін төмендетіп, жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайыздан асырмау межеленген. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту ісіне өз үлесін қосып, алда тұрған стратегиялық міндеттердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді», деп атап көрсеткен болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова үстіміздегі жылдың 16 мамырында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде. Айтты-айтпады, өз тұрғындарының тұрмыс жағдайларының жақсаруына мүмкіндіктер туғызу кез келген мемлекеттің басты мақсаты болып табылуы тиіс екенін ескерсек, алға қойылған міндет ауқымды ғана емес, сонымен бірге өте маңызды да.
Бүгінде «бәлен мекемеге барып, жұмыс жағдайында сөйлескенімде, резюме қалдырып кет, өзіміз хабарласамыз деген, содан бері жарты жылдай уақыт өтті, әлі еш хабар жоқ» деген сияқты реніштерді жиі естиміз. Бұл мәселе негізінен белгілі бір шенеуніктік аппараттан өзіне қызмет іздеген адамдарға қатысты болғанымен, тоқетері біреу – ол әйтеуір бір жұмыс табудың амалы және оның қиындығы. Мүйізі қарағайдай дипломы бар адамдар жұмыс таба алмай қиналғанда, ауыз толтырып айтарлықтай мамандығы да, біреулерді қызықтыратындай біліктілігі де жоқ қарапайым жұрт қалай жұмыс таппақ. Міне, дәл осындай кезде мемлекеттің көмекке келуі, сөз жоқ, өте құптарлық қадам.
Тек, көпшілік көңілінен шыққан осынау игі іс, соңы сиырқұйымшақтанып кететін кейбір бастамалардың жолын құшып, аяқсыз қалмасын деп тілейік.