Бокс • 05 Қыркүйек, 2017

Жүлдегерлерге жоралғы жасалды

494 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бокстан әлем чемпионатында бар қарсыласын жапырып өтіп, финалға жетіп, атағы алты құрлыққа асқан әзербайжандық Магомедрасул Меджидовпен тең дәрежеде айқасып, күміс жүлде олжалаған Қамшыбек Қоңқабаев Қызылордасына келді. Халық батыр ұлын әуежайдан патшадай күтіп алды. Құрмет-қошеметін аямай, алақанында аялай ұстады.

Жүлдегерлерге жоралғы жасалды

Айтпақшы, өткен айда Қытайдың Тайбэй қаласында 29-шы Бүкіләлемдік Жазғы универсиада өткен. Осы жарыста біздің зілтемірші Рүстем Сыбай екінші орын алған еді. Әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген қос ұланды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы қабылдады. Екі жігітке елдің ықыласын жеткізген аймақ басшысы «алдағы жарыстарыңда күмістерің алтынға айналсын» деп тілек білдірді. Сонымен қатар, қос спортшының да болашақта алтын алатынына, ел намысын абыроймен қорғайтынына сенетінін айтты.

– Енді құрмет пен қошемет, мақтау мен марапат көбейеді. Әрине, елдің ықыласын шектеу қоя алмайсың. Бірақ соған малдануға, болдым-толдым деуге болмайды. Алтын уақыттарыңды зая кетіріп аласыңдар. Сол себепті дайындықтарыңды одан сайын үдетіп, алдағы Олимпиадада топ жаруға күш салыңдар,– деп ағалық ақылын айтты Қырымбек Елеуұлы.

Жиын соңында облыс әкімі Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөліктің, Рүстем Сыбайға 2 миллион теңгенің, ал олардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.

– Еңбексіз жеңіс те болмайды. Қос спортшының жүлдесі жастардың жігерін жанып, жаңа биіктерге жетелейді. Көптеген жасөспірімдер спортқа қызығатын болады. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар,– деді Қырымбек Елеуұлы.

Қос спортшымен сөйлестік. Қамшыбектен «Меджидовпен жұдырықтасар сәтте көңіліңде бір үрей болған жоқ па?» деп сұрадық.

– Жоқ, ешқандай қорқыныш та, үрей де болған жоқ. Қарсыласымнан ығатын болсам, онда несіне бокспен шұғылданып жүрмін? Тек ел үмітін ақтай алмай қаламын ба, алтын жүлдеге қол жеткізе аламын ба, деген уайым ғана болды. Жалпы, жарысқа тыңғылықты дайындықпен бардық. Соның арқасында осындай жетістікке жеттік»,– дейді ол. Токио Олимпиадасында Қоңқабаев 28 жасқа келеді екен. Соны да сұрадық. «Аса ауыр салмақтағы спортшылар басқаларға қарағанда ұзақ пісіп-жетіледі. Мен өзімді енді пісіп, бабыма келіп жатырмын деп ойлаймын. Бұйыртса, екі Олимпиадаға қатысамын»,– деп жауап қатты.

Мынадай қызық жәйтті білдік. Әлем чемпионатының финалының алдында Қамшыбектің бапкері Ғалымжан Байғұндиевке Қырымбек Көшербаев телефон шалыпты. «Қамшыбек қарсыласының қатты соққысына тап болмасын. Оңға-солға қашып, ойнап жүріп бокстассын. Бір орнында тұрып қалмасын»,– деп кеңес айтыпты. Бұрын өзі боксшы болған Қырымбек Елеуұлының жанашырлық сөзін Ғалымжан бапкер финалдың алдында Қамшыбекке жеткізіпті. Солайша, Қоңқабаев елде өзі үшін тақым қысып отырған миллиондаған адамның барын сезініп, шаршы алаңға шығыпты.

Рүстем Сыбай Бүкіләлемдік Универсиадаға алтын алу үшін барғанын айтады. «Дайындығым да, бабым да келісіп тұр еді. Жаттығу кезінде белімді ауыртып алдым. Соның салдарынан бір келіге кем көтеріп, алтынға іліге алмай қалдым. Алда жарыс көп. Басты мақсат – Токио Олимпиадасы. Қамшыбек екеуміз қатар топ жарамыз деген сенімдемін»,– дейді зілтемірші.

Жыл басынан бері Қызылорда облысының спортшылары ел біріншіліктерінде 563 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында 53  медаль иеленді. Еліміздің ұлттық құрама командаларына аймақтан 420 спортшы енген.

 

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА.